Жеңісті жақындатқандар
Ресми мәліметке сүйенсек, ел бойынша ең көп ардагер Алматы қаласында тұрады. Қалада 44 майдангер бар. Ал Атырау облысы мен Ұлытау облысы әкімдіктерінің мәліметіне сүйенсек, аталған аймақтарда бірде-бір ардагер қалмаған.
Елімізде көзі тірі 176 ардагер бар. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 1 сәуірдегі мәліметі.
Ресми мәліметке сүйенсек, ел бойынша ең көп ардагер Алматы қаласында тұрады. Қалада 44 майдангер бар. Ал Атырау облысы мен Ұлытау облысы әкімдіктерінің мәліметіне сүйенсек, аталған аймақтарда бірде-бір ардагер қалмаған. Сонымен, Астанада – 7, Алматы қаласында – 44, Шымкентте – 2, Ақмола облысында – 6, Алматы облысында – 14, Абай облысында – 4, Ақтөбе облысында – 1, Шығыс Қазақстан облысында – 14, Жамбыл облысында – 10, Жетісу облысында – 4, Батыс Қазақстан облысында – 13, Қарағанды облысында – 11, Қостанай облысында – 16, Қызылорда облысында – 4, Маңғыстау облысында – 2, Павлодар облысында – 7, Солтүстік Қазақстан облысында – 4, Түркістан облысында 11 майдангер тұрады. Ресми мәліметке сүйенсек, Ресейде Екінші дүниежүзілік соғысының 12,5 мыңға жуық ардагері тұрады. ТМД бойынша Украина мен Беларусьте биылғы нақты мәліметтер әлі жарияланбаған, дегенмен күн өткен сайын қатары сирегені айтылыпты.
Ардагерлерге 1,5-3 млн теңгеден беріледі
Былтыр Қазақстан соғыс ардагерлеріне төленетін төлемнің көлемі бойынша ТМД-да бірінші орынға шыққан болатын. Осылайша, әр ардагерге 1,5 миллион теңгеден жәрдемақы берілді. Жеңістің 79 жылдығына орай берілетін біржолғы төлем көлемі де шамамен белгілі болды. Кей аймақтар әлі де қанша теңге берілетініне қатысты мәліметті жариялаған жоқ. Әзірге белгілі мәліметтерге қарасақ, биыл майдангерлерге берілетін төлем көлемі былтырғыдан көп. Мәселен, Астана әкімдігінің шешімі бойынша Жеңістің 79 жылдығына орай ардагерлерге төленетін төлем сомасы екі есеге ұлғайтылып, әр ардагерге 2 миллион теңгеден берілетін болды. Сонымен қатар соғыс ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, соғыс кезінде борышын өткерген әскери қызметшілер, фашистік Германияға қарсы іс-қимылдарға қатысқан адамдар, Ленинград қаласында блокадада жұмыс істеген азаматтар, кәмелетке толмаған шағында концлагерьде тұтқын болғандар, жараланып, мүгедек болған әскери қызметкерлер, азаматтық немесе әскери нысандардағы радиациялық апаттар мен ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек атанған адамдар және олардың балалары 45 АЕК, яғни 166 мың теңге мөлшерінде төлемақы алады. – Елорда әкімдігінің шешімі бойынша Жеңістің 79 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне төленетін төлем сомасы екі есеге ұлғайды. Осылайша, олар 2 млн теңгеден алады. Қазір елордада жеті ардагер тұрады, – деп жазылған Астана әкімдігінің хабарламасында. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлерге де осындай мөлшерде ақша төленеді. «Ардагерлер туралы» заңда қарастырылатын басқа да тұлғалар адамдар (тыл еңбеккерлері, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары, қайтыс болған Екінші дүниежүзілік соғыс мүгедегінің жұбайы) 15 АЕК, 55 мың теңге мөлшерінде алады. Алматы қаласы мәслихатының бұрын бекітілген шешімі бойынша Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне 1 миллион теңге көлемінде бір реттік көмек берілетін. Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен бір реттік төлем мөлшерін 2 миллионға дейін өсіру ұсынылды. Мәслихат депутаттары ортаға салынған ұсынысты қолдап, бірауыздан шешім қабылдады. Жеңістің 79 жылдығына орай биыл алматылық ардагерлерге 2 миллион теңге төленеді. Биыл Ақмола облысы да Жеңістің 79 жылдығына орай ардагерлерге төленетін төлем сомасын ұлғайтты. Соғыс ардагерлері 3 миллион теңгеден алады. Бұл ел бойынша ең көп төлем екенін айтып өткен жөн. Одан кейінгі орында – Қызылорда облысы. Мұнда майдангерлер 2,5 млн теңгеден алады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді. – Бізге бейбіт өмір сыйлағандардың ерлігіне лайықты қолдау көрсету – перзенттік парызымыз. Өткен жылы майдангерлерге бір үй, бір көлік сыйға таратылды, сондай-ақ 1,5 млн теңгеден төленді. Биыл да Қызылордада бір ардагерге баспана берілді, – деді ол. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, Қызылорда облысындағы ең қарт ардагер –102 жаста. Ардагерлерге берілетін төлем бойынша алғашқы орындағы өңірлерді Шымкент қаласы, сондай-ақ Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар облыстары түйіндейді. Мұнда ардагерлерге 2 млн теңгеден төленеді. Қарағанды облысында тұратын 12 ардагердің барлығына 2 млн теңге беріледі. Сондай-ақ жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша 3 219 адам Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен мүгедектерге теңестірілген. Олардың 10-ы – Ленинград қоршауынан аман шыққандар, 34-і – концлагерь тұтқындары, 135-і – қайтыс болған қатысушылар мен соғыс мүгедектерінің жесірі, 3 040-ы – тыл еңбеккерлері. БҚО-да 9 мамырға орай аудандық, қалалық мәслихаттардың шешімдерімен бекітілген «Әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларына» сәйкес біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. 4 828 азаматқа жалпы сомасы 341,2 млн теңге көлемінде төлем қарастырылып отыр. Соның ішінде майдангерлерге 1,5 млн теңгеден беріледі. Еліміздің қалған өңірлерінде де ардагерлерге 1,5 млн теңгеден берілетін болады.
Биыл елімізде Жеңіс күніне арналған әскери шеру өткізу жоспарланып отырған жоқ. Бұған дейін Қорғаныс министрлігі биыл Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған әскери шеру өткізілмейтінін мәлімдеген болатын. 2023 жылы да министрлік бюджет қаражатын үнемдеуге байланысты Жеңіс шеруі тоқтатылатынын айтқан еді.