Тіл-ғұмыр: Лейтенант. Академик. Президент
Әлі есімде, өзіңді ат үстінде емізіп барып, шілдехана тойыңды Тастыбұлақ жайлауына барғаннан кейін өткізгенбіз» деп қайталап ескертуден жалықпайды екен. Шынында, азамат Ә.Туғанбаев 1925 жылдың мамыр айының соңғы күндерінде дүние есігін ашқан екен...
1924 жыл 13 желтоқсан. Бұл ұстазымыз Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдаровтың туған күні. 95-ті толтырып, бақиға аттанғанша жылда шәкірттері қаумалап, қолын қысып, «бір жасыңызбен!» деп қуантып қайтушы едік. Соңғы демі таусылғанша санасы тұнық, қолынан қаламы түспеген «ағайымыз» сәл жымиып қойып, жықпыл-жықпыл ұзақ ғұмырының қызықты да шыжықты тұстарын жеңіл әзілге бұрып, өзін-өзі жұбатқандай күй кешіп отыратын.
Толарсақтан қан кешіп, төрт жыл майданнан «Олжабай» болып аман-есен оралған соң, 1946 жылғы 13 желтоқсанда қолына тұңғыш рет азамат ретінде паспорт-құжат тиеді; сол күн ресми туған күні болып, ата-тегі де теріс түсіп, бұйырғаны маңдайына жазылыпты. Шын мәнінде ол Қайдарұлы Туғанбаев болуы керек екен... Ғасырға жуық ғұмыр кешкен анасы Жанбала да жылда желтоқсанда: «Оу, балам, сені туған анаң мен болсам, жазда... жоңышқаны екі рет шауып алып, ел жайлауға көшіп жатқанда туған болатынмын.
Әлі есімде, өзіңді ат үстінде емізіп барып, шілдехана тойыңды Тастыбұлақ жайлауына барғаннан кейін өткізгенбіз» деп қайталап ескертуден жалықпайды екен. Шынында, азамат Ә.Туғанбаев 1925 жылдың мамыр айының соңғы күндерінде дүние есігін ашқан екен...
* * * Жалпы, Әбекеңнің жанына ауыр тиетін әңгіме ауыртпашылығы мол балалық шағы, қан майданда, от ортасында өткен төрт жылы, «жезде» болған (нағашыларының айтуымен) әкесі Қайдардың соғыста «хабарсыз» кетуі-тұғын. Қайран әкенің 1942 жылы 1 желтоқсанда Ресейдің Великие Луки қаласына жақын жердегі Плеханово селосы маңында опат болғанын ғаламтор іске қосылып, жайсыз ақпараттар жалпақ елге жайыла бастаған кезде бір-ақ білген еді. Қазақстанда жасақталып, сау тамтығы қалмаған 100- және 101-атқыштар дивизиясының қасіретті тағдыры әлі күнге толық ашылмаған бүгінгі күнде осы «жіптің бір ұшының» табылғанының өзі де ана мен бала көңіліне едәуір демеу болды. Өйткені сол бір ызғарлы күндерде бір дастарқаннан дәм татып, бірге өріп жүрген төрт еркек сыпырылып әскерге алынғанда, жалғыз басы сопайып су ішерлігі бар Әбекең ғана елге оралған еді. Өмірде адам айтса сенгісіз жайттар болып жатады. Сол 1942 жылдың соңында соғыс даласына енді бет алған қатардағы жауынгер Әбдуәли оқ атқан, от көрген солдат әкесімен кездейсоқ ұшырасып қалады. Құмырсқаның илеуіндей мың-миллион адамды ұршықша иірген тағдырлар сапырылысында, жат өлкеде әке мен баланың көрген түстей қас қағымдық кездесуі, дұрыстап амандасып та, құмары қанып арыздаса алмауы да – шынында Алланың бір көрсеткен «кәрәматы», Жасағанның пендесіне берген сыйы деуге келетіндей... Аласа бойлы, қалың көзәйнекті, момын мінезді Әбекең Жеңіс күндері кеудесін жарқырата жауынгерлік орден-медальдарға толтырып кезекті парад-шеруге шыққанда көп алдында бірден тұлғаланып, зорайып кетуші еді. Қаумалаған біз «Мына орденді қалай алдыңыз? Кімнің қолынан алдыңыз?» деп тәптіштей сұрай бастасақ, ұстазымыз әуелі үш мәрте ауыр жаралы болып, госпитальда жатқанын (алғашында 1942 жылы желтоқсанда Калинин майданында Торжок қаласында, ал 1943 жылы ақпанда Кальчугино елді мекенінде), бірақ ең ауыры 1-Прибалтика майданында контузия алғанын, Құдай сақтап, қол-аяғы сау, аман қалғанына шүкіршілік айтатын. Соңғы жаралануы тіпті ауыр соғады: тілі кекештеніп, басы уақытша қалтылдап, селкілдеп қалады. «Екінші дүниежүзілік соғысының ІІ-топтағы мүгедегі» деген қолда құжаты болса да, басы босамай, әскери-инженерлік училищеге жолданып, офицер шенінде қайтадан майданға аттандырылады. Жауды шекарадан әрі асырып, Польшаны толық азат етіп, Германияның Штеттин қаласында 1945 жылы 2 мамырда соғыстың соңғы оғын атып, қанды қырғаннан аман қалғанына сенер-сенбесін білмей, қуанғанын еске үнемі алатын. Лейтенант шенді жап-жас офицер болғандықтан әскери қызметтен босай алмай, 3-4 ай Польша мен Батыс Украинада сапта болып, кейіннен Орталық Азия әскери округінің қарамағына Ташкентке ауысып, 1946 жылдың ортасына дейін Тәшкен–Ходжент–Ленинабад қалаларында қызметін жалғастырады. Сол кездің заңы бойынша ол офицер ретінде 25 жасқа толғанша әскер қатарында болуы шарт еді... Майдан даласында алған үш бірдей әскери ордені бар 21 (мүмкін 20) жастағы майдангер сәтін салып бір айлық демалыс алып, 1946 жылдың мамырында елге, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына, Есік қаласына, Көктөбе ауылына оралады. Кеңес Одағы заманында, Сталин билігі кезінде жалпыға бірдей қабылданған заңдардың қатал орындалғанын білеміз. Соғыс жеңіспен аяқталғанымен офицерлік құрамның әскерден толық босануы, яғни демобилизациялануы үшін үш бірдей шарт орындалуға тиіс болатын. Біріншісі – денсаулық жағдайы. Әлі контузиядан толық айықпаған, қолындағы «Екінші дүниежүзілік соғысының ІІ-топтағы мүгедегі» құжатын аудандық әскери-медициналық комиссия қайта жаңғыртып куәландырады. Екінші шарт – әскерден ерте босағысы келген офицер елде жетіспейтін мұғалім болуы керек. 9 класты бітірген бала Әбдуәли 1941 жылдың қыркүйегінде сол кездегі өзі оқып кеткен аудан орталығы Есік қаласындағы Молотов атындағы жалғыз қазақ орта мектебіне барса, мұғалімдердің сыпырылып соғысқа кетуіне байланысты 10-сыныптың сабағы тоқтатылған екен. Ол енді Түргендегі педучилищенің жанында ашылған 8 айлық мұғалімдер даярлайтын педкурстың физика-математика бөліміне оқуға қабылданады. Бірақ 1942 жылдың мамыр айының басында «еріктілер» қатарына жазылған бозбала мобилизацияға іліккендіктен «Курсты бітірді» деген құжатын ала алмай қалады. Демалыстағы бір айында ол «Болашақ мұғалім» деген құжатын заңдастырып, шарттың екінші баспалдағынан да өтеді. Аттап өтуге болмайтын үшінші шарт – отбасылық жағдайы, оның мүшкіл тұрмыстық халі туралы анықтамасы болуы шарт. Оның да оңынан шешілуі заңды-тұғын. Өйткені сол кездегі ауылда күн кешкен барша қазақ отбасыларындай Әбекеңнің үй-іші де тек шешесінің ет тірілігімен ғана ілдебайлап күн кешті. Күйеуі соғыстан оралмаған, 36 жасында жесір қалса да мойымаған, 8 ұл, бір қыз тапқанымен бес-алтауын шешек жұтқан, бір үйлі жанды (енесін, ауру келінін, төрт баланы) жалғыз өзі бағып-қаққан Әбекеңнің анасын біз де көрдік. Шүйкедей кейуана да 95 жас жасап, ауырып-сырқамай, ешкімге салмағын салмай, ұрпақтарымен қоштасып, соңғы өсиетін айтып, баласының қолында көз жұмды. 1999 жылдың қыркүйегінде Тіл білімі институтының қызметкерлері ұстазымыздың аяулы анасына көппен бірге топырақ салыстық... Бәріміз де соғыс жылдарындағы ауыл өмірі, кемпір-шалдар мен жап-жас қалған жесірлердің жансебіл тіршілігі туралы хикая кітаптардан оқып-білдік. Колхоздың он екі ай, 365 күн бітпейтін қара жұмысы, жарытымсыз еңбеккүн, «қара қағаз» келсе де жылап-сықтап жарының аман-есен келуінен бір сәт үмітін үзбеген, олардан қалған тұяқтарды тістеп жеткізген аяулы аналар болмаса, бүгінгі күнді басым көбіміздің көрмейтініміз айдай ақиқат болатын... Сондай қазақтың маңдайына жазылған асыл ананың бірі – жарықтық Жанбала әжеміз туған-туыс, айнала жұртты жарылқаған атақты ісмер болған екен. Сірә, Әбекеңнің қолы ұсынықты, шебер суретші, кез келген аспапта ойнайтын сазқұмарлығы сол кісіден жұқса керек. Оның үстіне 1944 жылдың қақақан аязында ауылға әкеліп төккен шешен-ингуштардың Ғалағаевтар отбасын (ата-анасы, қос бірдей ұлымен) қамқорлығына алып, үй ішінен үй тігіп беріп, 1958 жылға дейін асырағанын айтпай кету мүмкін емес. Шын мәнінде, жарты құртты бөліп жеген, адамзат баласын алаламай шын сүйген қазақ анасының мейірімін барша әлемге паш еткен бұл риясыз көңіл, шексіз дархандық босқа кеткен жоқ: қос ұл – Ахмет пен Магамед қазақ мектебінде оқыды, әсіресе Қарағанды Жоғары милиция мектебін тәмамдаған, үлкені кейін Шешенстен Республикасының Ішкі істер министрінің орынбасары болса да, қазақтың дәм-тұзын ұмытпай, анамыздың бір баласындай, «апалап», «апатайлап» өтті... Қош, ұзарып кеткен баянымызды қысқартып, аталған үш шарттың мүлтіксіз орындалғанын айтсақ та, бұл «жыр» оңайлықпен бітпеді. Әуелі Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы Ә.Әбсаттаровтың алдын көріп, оның ақыл-кеңесімен Қазақ КСР Кеңесінің Төрағасы Қазақбаевтың қабылдауында болып, әупірімдеп 1946 жылдың ортасында ғана заңды түрде демоблизацияланады. Сол Жеңіс күндері бір жағынан ұстазымыздың көңілін аулап, бір жағынан артық ауыз сөзге жоқ Әбекеңді сөйлеткіміз келіп, омырауындағы ордендердің тарихын сұраймыз ғой, баяғы. Орден демекші, Әбекеңнің сөзінен білгеніміз, ел билігі сол тұста 1947 жылдың соңына дейін әрбір орден-медалға кесімді сыйақы, қосымша қаржы төлеп тұрған екен. Алғашқы орден – ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені солдаттар мен кіші командирлерге (аға сержант, старшиналарға дейін) беріледі екен. 1944 жылдың басында аға сержант Ә.Қайдаров 12 адамның басшысы, автоматшылар бөлімінің командирі болады. 900 күн жанқиярлықпен қорғанған ленинградтық өрендерді құрсаудан құтқару үшін 1-Прибалтика майданындағы қиян-кескі ұрыс, жан алып, жан беріскен текетірес. Қарға адым жылжу мұң. Жауды кейін ысырып, олардың шеп-траншеяларына орнығып, кезекті төбені бірнеше күн қорғап жатады. Күніне бірнеше рет жау шабуылына тойтарыс береді, оқ-дәрі таусыла бастайды. Кезекті бір жойқын шабуыл кезінде жау қолындағы сүйретпе пулемет қақ ортада, «бейтарап зонада» қалып кетеді. Оны көзі шалған рота командирі пулеметті оқшантайымен бірге кім алып келеді дегенде, Әбекеңнің қарамағындағы украин солдаты П.Кононенко «Мен!» деп саңқ етеді. «Өлімнен ұят күшті», Әбекең де алға ұмсынады. Жер бауырлаған қос жауынгер, жаңбырдай жауған оқ астында пулеметті сүйреп жеткізеді. Іле-шала лап қойған кезекті жау шабуылына тойтарыс беруге олжа пулемет кәдімгідей демесін болады... Шабуыл, оған тойтарыс беру жалғасып жатады. Соғыс саябырсыған бір сәтте: «Тік тұр! Комдив келе жатыр!» деген бұйрық естіледі. Жанына рота командирін, адъютанттарын ерткен дивизия командирі бірден Әбекеңдердің жанына келеді. «Пулеметті жеткізген жанқиярлық ерліктеріңді дивизия штабы бағалайды. Рахмет сіздерге! Құттықтаймын!» деп адъютантына иек қағады. Ол қобдишасынан екі тал ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін шығарып, көптің көзінше П.Кононенко екеуінің омырауына қадайды... Осылайша, үш жыл толарсақтан қан кешкен майдангер аға сержант алғашқы жауынгерлік орденге ие болады... 1944 жылы сәуірдің басында 1-Прибалтика майданында қатты контузия алып, Ярославль госпиталіне түскен жас жауынгер, сол жылдың мамыры мен 1945 жылдың ақпанына дейін Кострома қаласында әскери-инженерлік училищеде оқып, лейтенант шенінде сапер, понтонер мамандығын алып шығады. 9-айрықша моторлы понтон-көпірлі батальонның басқару взводының командирі болып тағайындалады. Бұл совет армиясының атақты «Одер операциясын» жүзеге асырған кезі-тұғын. Батыс («Ост Одер») және Шығыс («Вест Одер») Одер өзендерінен немістер қиратып кеткен көпірлерді қалпына келтіріп, понтонды сал тұрғызып, алып судан қарулы қол мен самсаған техниканы өткізу, әрине, оңай іс емес еді. Осы операция кезінде инженер барлаушы, жобалаушы ретіндегі жанқиярлық өжеттігі үшін лейтенант Ә.Қайдаров «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Осылайша, жап-жас қазақ офицерінің кеудесінде қос ордені жарқырап, барша солдаттарға үлгі болады. «Одер операциясының» сәтті табысы үшін тапсырылған екінші «Қызыл жұлдыз» ордені иесіне 1947 жылы, туған жерінде табысталады. Ал І дәрежелі «Отан соғысы» ордені Ұлы Жеңістің құрметіне 1945 жылы берілсе, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен 1995 жылы Жеңістің 50 жылдық мерейтойына орай марапатталады. Майдангер лейтенант Ә.Қайдаров 4-5 жауынгерлік орден иегері, соғыс ардагері атанады. Оның өміріндегі «Ұлы Отан соғысы» эпопеясы осылайша тәмам болады.
* * * Ұстаздық жолды таңдаған, үстінен жалғыз тал әскери киімі түспейтін майдангер 1947-1951 жылдары аралығында онжылдық мектепті жедел-экстренді, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін төрт жылда (озат оқыған жасы үлкен студенттерге бір жылда екі жыл «аттауға» рұқсат берілген) жедел бітіріп шығады. Онымен тоқтамай 1951-54 жылдары Ғылым академиясының Тіл-әдебиет институтының аспирантурасына түседі. Академия Президенті Қ.Сәтбаевтың назарына ілігіп, ол Әбекеңе жаңа бағыт – «ұйғыр тілі» мамандығын таңдауды ұсынады. Соғыс жылдарында Қазақстанда тұрып, қазақ ғылымына елеулі үлес қосқан, әлемге әйгілі түркітанушы Сергей Ефимович Маловқа шәкірт бол деп Ленинградқа жолдайды. талапты жасты жылы қабылдаған жасы біршамаға келген ғұлама ақсақал: «Мен саған номинальды жетекші болайын. Саған шын мәнінде жолбасшы болуға лайықты ғалым, жиі кездесіп тұруға да өзіңе қолайлысы ұйғыр тілінің үлкен білгірі, Қырғыз академиясының академигі, атақты профессор Константин Кузьмич Юдахин», – деп қолына хат жазып беріп, бірден Фрунзе қаласына ұшуға кеңес береді. Сөйтіп, қос даңқты түркологтың тел шәкірті болған Әбекеңнің алғашқы ғылыми жұмыстары, кітаптары, диссертациялары ұйғыртану тақырыбына арналады. Біз шәкірті ретінде анық білетініміз – сонау 1951 жылдан бастап Әбекең 70 жылға жуық созылған саналы ғұмырын екі-ақ мақсатқа арнады. Біріншісі – табан аудармай Ғылым академиясының (1961 жылы жеке шаңырақ көтерген) Тіл білімі институтын көркейтуге, көгертуге жұмсаса, екіншісі – қазақ тілінің сөздік қорын, барша байлық-қазынасын жинастыруға арнады. Қашанда Әбекеңнің жұмыс кабинетінде, алдында бесжылдықта атқаратын жұмыстарының жоба-тізімі тұратын. Жасы ұлғайған шағында жобалаған ондаған кітап-зерттеуінің «Қазақ тілінің этимология сөздігінен» басқасын тәмамдап, жарыққа шығарып үлгерді. Үш томдық «Ана тілі әлемі» атты этнолингвистикалық сөздігі, «Қос сөздер сөздігі», «Халық даналығы» атты мақал-мәтелдер туралы зерттеуі, «Қазақ қандай халық?», «Қаңлы», «Структура односложных корней-основ в казахском языке» сынды күрделі монографиялары және басқа іргелі туындылары оның шексіз еңбекқорлығын, ана тілге деген ерекше құрмет-ынтасын көрсетеді. Ол 20-дан астам ғылым докторын, жүзге жуық ғылым кандидаттарын, яғни негізінен қазақ тіл білімі мамандарының тұтас буынын дайындады. Қазақстан Ғылым академиясының толық мүшесі (1983 жылдан), Мұстафа Ата Түрік атындағы Ұлттық Түрік академиясының (1989) және Башқұртстан Ғылым акдемиясының Құрметті академигі, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері (1971) атанды.
* * * Қадірлі ұстазымыз Алла сыйлаған ұзақ ғұмырында үш дәуірді, ел басынан кешкен бел-белес кезеңдерді басынан өткерді десек болғандай. Біріншісі – қазақ үшін қытымыр, қасіреті көп зұлматты сталиндік заман. Оны жалпы атаумен «лейтенаттық шағы» десек болғандай. Екіншісі – еңбегі еленген, ғылыми шығармашылығы қарыштаған «академиктік дәуірі». Үшіншісі – Тәуелсіз Қазақстанда төрге озған, сый құрметке бөленген «мерейлі президенттік кезеңі». Ол 1989 жылы алғаш құрылған қоғамдық бірлестік – «Қазақ тілі» қоғамының тұңғыш басшысы болды. Ондаған академик, Г.Бельгер сияқты білгір жазушылар сүйегіне коммунистік идеология әбден сіңген мемлекеттік мекеме директорының еліміздің бірінші басшысы Г.Колбинге қасарысып қарсы шыққан феноменін түсіне алмай, «мемлекеттік тіл жалғыз қазақ тілі болсын» деп қасқайып қарсы тұрғанын түсіндіре алмай кетті. Ал оның жауабы біз үшін айқын еді. Өйткені Әбекеңнің төрт құбыласын түгендеп, адын аршып, артын жауып тұрған біз, жаңа буын, Желтоқсаншылдар бар едік. Ерден, Ғарифолла, Тоқтасын, Аманқос сынды жүздеген, мыңдаған азаттық аңсаған алашшыл ұлтшылдар («ұлтшыл» деген ол тұста өте қорқынышты, ат үркетін атау еді) өсіп шыққан еді. Бодандық таңы атпаймын десе де, бостандықтың күні туған жаңа заман келген еді. Әбекеңнің көрегендігі, данышпандығы сол – ол жастардың үніне құлақ асты, айтқанға көніп, мүлдем жаңа заманға бейімделді. Осылайша, қанкешкен майдангер өмірінің соңы біздің буынның да таңы атқан, күні шыққан жаңа заманға ұласты. Еліңнің еркіндігінен, мемлекетіңнің тәуелсіздігінен, азаматтардың азаттығынан артық не бар, бұл жалған дүниеде!?. Бүгінгі Жеңіс күнін, ата буынға жататын академиктің ғасырлық тойын осындай оптимистік ұлтшыл рухта түйіндегенді жөн көрдік. Өйткені аталар жүріп өткен жол, бүгінгі біздің тіршілігіміз, болашақ буынның ертеңі баршамызға ортақ. Ол – қазақтың жолы, Қазақстанның болашағы.
Ғарифолла ӘНЕС, филология ғылымдарының докторы, Халықаралық Айтматов академиясының Құрметті академигі, профессор