T-Newspaper

Қазақ жырына кең тыныс сыйлаған ақын

сурет: turkystan.kz

Байбота Қошым-Ноғай – қазақ поэзиясына реформа­ция жасаған аз ғана ақындардың бірі. Оның ізденістері өзі­нің тұстастарына һәм өзінен кейін қазақ жырына кел­­гендерге едәуір кеңістік сыйлады. Өлеңнің тың пі­шін­дерінің өркен жайып, өрісі кеңеюіне ықпал етті.

Қазақ әдебиеті де әлемнің өзге әдебиеттері сияқты сан-салалы, бар тарапты барлаған, сөз өнерінің адамзатқа ортақ көркемдік биігіне ту тіге алған әдебиет екені қандай анық болса, сол әдебиеттегі поэзияның да қазақтың ұлттық болмысын қалыптастыру жолындағы маңызы сондай талассыз.

Ұлттық әдебиетіміздің бастауында өлең тұр. Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет пен Шалкиіздер ұлт ретінде жаңа сапаға көтеріліп, қазақ атанған ке­зі­міз­де жыраулық поэзия атты көркем әлемнің іргетасын қа­лап, ендігі сөздің басы болған еді. Осы бір дауылды жыр­дың екпіні төрт ғасырдай тулап Махамбетке келіп да­мылдаған соң қазақтың болмысы да, сөзі де, сөз сап­тауы да өзгергені мәлім. Сөйтіп, Абаймен бірге қа­зақ­тың жазба әдебиеті дәуірі басталғаннан бергі жерде ақын­дықтың да сыр-сипаты өзгерді. Дегенмен ұлттық әде­биеттің қанаты тала қоймап еді, оны топшысынан қайы­рып, баяғы екпінінен айырған кеңестік идеология бол­ды. Әдебиет шектен тыс саясаттанып, ақындар бай­қап сөйлейтін міскінге айналды. Әйтсе де, өткен ға­сыр­дың 60-жылдарында әдебиетімізді дүр сілкіндірген тұл­ғалы ақындар ендігі әдебиеттің бағыты мүлде басқа болуы керек екенін танытты. Олардан соң 70-жыл­дар­дың ақындары келді. Олар алдыңғы толқын ағалардан терең үйрене отырып, жырда өз соқпақтарын салуға тал­пынды. Солайша, Жұмекен, Қадыр, Мұқағали, Тө­ле­ген, Тұманбай, Сағилардан соң Жарасқан, Кеңшілік, Жұ­матай, Темірхан секілді ақындар бой көрсетсе, олар­дың ізінен тағы бір топ талантты өкілдердің шаңы кө­рінді. Солардың ішінде 20-дан өтер-өтпесте кітабы шы­ғып, ақындығы ауызға ілінген Байбота Қошым-Но­ғай (әуелгі кездегі есім-сойы Байбота Серікбаев) та бар еді. Өткен ғасырдың 80-жылдары алғаш рет «Жалын» жур­налының бетінен оның бірнеше өлеңін оқығаным әлі есімде («Қазығұрт», «Ғұндар жыры», «Жорықтан соң»). Кейін тағы да сол «Жалында» (1989 жыл, №2) Жұ­­­матай Жақыпбаев, Байбота Серікбаев, Серік Тұр­ғынбеков, Серік Ақсұңқарұлы шығармаларына тал­қы­лау жасалып, онда аталған ақындар жөнінде қазақтың бел­гілі қаламгерлері Ғафу Қайырбеков, Күләш Ахметова, Бегділдә Алдамжаров, Жүрсін Ермановтар пікір айтқан еді. Сол пікірлерде Байботаның ақындығы туралы құн­ды ойлар бар еді. Өстіп-өстіп бұл ақын туралы кө­бірек біле бастадым. Ал өзімнің алғашқы өлеңдерім жа­­­риялана бастаған өткен ғасырдың 90-жылдарында шы­ғармашылығына ерекше назар аударған ақы­ным­ның бірі де Байбота ақын болды. Өйткені одан өлеңнің ұйқасын, сазын құбылтудың түрлі жолдарын үйренуге болатын еді.  Байбота Қошым-Ноғай – қазақ поэзиясына реформа­ция жасаған аз ғана ақындардың бірі. Оның ізденістері өзі­нің тұстастарына һәм өзінен кейін қазақ жырына кел­­гендерге едәуір кеңістік сыйлады. Өлеңнің тың пі­шін­дерінің өркен жайып, өрісі кеңеюіне ықпал етті. Жасынан зерттеу қабілеті зор, оқығандарының бәрінен жаңалық іздеп, мағынасынан ой тауып отыратын Байбота қазақ поэзиясына алғаш қа­дам басқан шағында-ақ бүкіл қазақ ақындарын қал­дыр­май сүзіп, қайсысында не бар, не жоқ – бәрін қара­ды. Сөйтіп, оның ойына қазақ жырын формалық тұр­­­ғыдан жаңалау идеясы келді. Бұл, әрине, жеміссіз болған жоқ. Жұрттың бәрі ескі сүрлеуде жүргенде Бай­бота 13 буынды, 15 буынды өлеңнің 5 буынды ұйқасын жа­сады. Он буынды өлеңнің 5 буынмен қара өлең фор­масында, кезекті ұйқас түрінде ұйқасатын да түр­лерін қолданды. Әр шумағының 1,3-жолдары – 10 буын, ұйқасы 5 буын, 2,4-жолдары – 8 буын, ұйқасы 3 буын бо­лып, оқығанда ерекше екпінмен толқынданып тұра­тын өлең түрінде жиі қолданып, жаңа үлгідегі жырдың ерекшелігін таныта бастады. Мұның бәрі оның шығар­ма­шылығының бастауында көрініс берген мәнді ізде­ністер еді.  Бұл жайында ақынның өзінен сұрағанымызда ол: «Ма­ған көп әсер еткен ақын Төлеген Айбергенов болды. Кіта­бын қолынан тастамай көп оқыдым. Сүйсініп оқи­тын­мын. Кейін сүйсінісім зерттеуге ұласып, оның қазақ өлеңіне көптеген жаңалық әкелгеніне көзім жетті. Әсі­ресе, «Жанардың отты жарқылындасың» деп баста­ла­тын өлеңінің ырғағына қатты қызықтым. Бұл өлең­нің түп-негізі Абайдың әйгілі «Сегіз аяғында» бар сияқ­ты көрінеді. Бірақ онда басқаша. Абайдың «Сегіз аяғы» сегіз жолдан тұрады және онда 1-2-жолдары мен 3,5-жолдары, сондай-ақ 3-6-жолдары, 7-8-жолдары бө­лек-бөлек ұйқасады. Ал Төлегенде өлеңнің 1-3-жол­дары 5 буынды ұйқастармен, 2-4-жолдары 3 буынды сөз­дермен ұйқасады. Бірақ осындай ғажап формамен, бар болғаны, бір-ақ өлең жазылған! Мен соны жаң­ғыртып, мағыналық жақтан сан-алуан түрлендіруге тал­пындым.  Сонымен бірге Төлегеннің «Қазақстан көктемдері» ат­ты өлеңінің бірінші шумағы бізде бұрын-соңды кез­де­се қоймаған пішінде жазылған. Ақынның өзі оған са­налы түрде барды ма, жоқ па – оны білмеймін. Бірақ ма­ған сол шумаққа Төлеген ерекше назар аудармағандай кө­рінеді. Себебі алғашқы шумақтың ұйқастық құры­лы­мы мүлде басқа (бұрын ешкім солай қолданбаған деу­ге болады), ал кейінгі шумақтар бұрыннан бар, қол­данылып жүрген формада жазылған. Қарап көр, мы­нау алғашқы шумағы: Жапырақтардан/ тіл бітіп/ бала құстарға, Көктеме келді/ тағы да / Қазақстанға. Медеудің мынау/ үкілі/ басы бұрқырап Сапарын тартты/ сабылып/ саз алыстарға. Ал өлең екінші шумақтан бастап мынадай қалыпта жа­зылған: Сұңқар шыңдардан/ суырып семсер/ ақберен, Бұрма құзардан/ бұзылып көшті/ қақ терең. Бала қайыңдай/ солқылдап бұлақ/ сайлардан, Кеудемнен менің/ сыбызғы тартып/ ақты өлең. Байқап отырған шығарсың, өлеңнің алғашқы шу­ма­ғындағы ұйқасқа түскен сөздер 5 буынды түрде тұ­тасып тұр десек, онда оқығандағы дауыс ырғағы оның ұйқасқа түскен сөздерін «бала құстарға», «Қа­зақ­станға», «саз алыстарға» деп оқитын болады. Міне, мен осы жаңалықпен тұстас өлең жасап шығардым». Ра­сын­да, Байбота ақынның ізденісі қазақ өлеңіне 5 буынды ұйқас жасау тәжірибесін толыққанды енгізді. Оны өзге ақындар іліп әкетіп, аз уақыттың ішінде атам­заманнан бар форма сияқты дүрілдеді де кетті. Сон­дықтан қазақ жырындағы бұл бағыттағы ізде­ніс­тердің басында Байбота Қошым-Ноғай тұр деу әді­лет­ті болады. Әйтпесе, бұл ізденістерді өзге ақындарға те­лігісі келетіндер де бар екені кейбір мақалаларда шаң беріп қалып жүр. Тіпті кезінде, Жүрсін Ерманов секілді ақындардың өзі Байботаның бес буынды ұйқаспен жа­зылған жырларын қабылдай алмаған көрінеді. Несіпбек Айтұлы секілді бірқатар ақындардың оның құй­ылып келетін өлең ұйқастарына үрке қараған кездері де болған. Жасы жөнінен, өлеңге келуі жағынан Бай­бо­та­дан алдыңғы буынға жататын, бірақ кітап шы­ғаруы, әдеби ортада танылуы жағынан Байбо­та­лар­мен қатар деуге келетін (бұл жайында Жарасқан Әб­діра­шевтің «Кәрілердің ең жасы, Жастардың ең кәрісі» дей­тін әзілі бар) қазақтың талантты ақыны Жұматай Жақыпбаевпен Байботаның достық қарым-қатынасы кере­мет болған. Ол Байботаның ақындығын жоғары ба­ға­лаған. Бір күні сол Жұматай Байботамен әңгіме­ле­сіп отырғанда: «Біреу ізденіп бірдеңе табады, оны бас­қалар оп-оңай иеленіп, бұрқыратып жазып өзіңді та­сада қалдырады» депті сөзіне астар бергендей. Әңгі­ме­нің өлең формалары жайында (Жұматай да бес буынды өлең формаларын көп қолданған ақын) екенін сезіп қалған Байбота: «Жұмаға, мен оны Төлегеннен алдым, сіздің өлеңдеріңізді бертінде ғана оқыған адаммын» депті. Сонда Жұматай мұртынан күліп: «Ай, соны мен де Төлегеннен алып едім» дейтін көрінеді. Шынына кел­генде, Байботаның алғашқы кітабы Жұматайдан бұрын шыққан және сол ақынның 23 жасында (1977 жылы) жарық көрген «Тұңғыш кітабын» өзінде бес буынды ұйқаспен жазылған ғажап өлеңдері бар: Самал ескенде көктемнiң бұлты сыбырлап, күлегеш қыздың сыңғырлы күлкiсiн ұрлап, қайран, ақтұма бұлақ, қоңырау тағып, таулардан аптыға құлап, маржандай тiсiн көрсетiп күлетiн едi, сағағын иiп, сүйшi деп гүл өтiнедi. Орманға барса үрiккен елiк iшетiн, Бетпаққа барса бөкендер келiп iшетiн. Болмайтын едi осынау қырда су шегi, даланы кезiп, киiкпен сырласушы едi. Бұл – Байботаның рухани ұстазы Төлеген Айбер­ге­новке арнаған «Ақтұма бұлақ» деген өлеңі. Бір қара­ғанда 20 жастағы жігіттің (өлең 1974 жылы жазылған) қа­ламынан шыға қоятынына адам сене қоймайтындай, сыңғырлап тұрған, өн-бойы суретке тұнған ғажап өлең емес пе? Ал бұл кезде Байбота қазақ өлеңіне өзгеріс ен­гізіп, жаңа кеңістікке құлаш сермеп жүрген шағы еді. Бұл кітап шыққаннан біраз уақыт кейін Байботамен танысып, достық-жолдастық қарым-қатынаста болған Есенғали Раушанов аға досына анау Жизақта жатып жазған бір хатында «Ақтұма бұлақты» жіберші» деп өтініш жасағаны бар екен. Айта берсе, Байботаның қазақ поэзиясына әкелген жаңа­лықтары көп.  Ақынның ақындығын сынайтын «сонеттер гүл­тәжі» циклды өлең формасы бар. 15 бөлімнен тұрады. Әр бөлімде 4 шумақ – 14 жол өлең болады. Жалпы, 210 жол өлеңнің бүкіл ұйқас жүйесі бір-біріне шыр­мауық­тай байланысып қалған! Әр бөлімнің бірінші жолы соңғы 15-бөлімнің бір жолынан басталып отырады. Былай қарағанда, 15 бөлімнің әр бірінші жолын бір жерге жинағанда 15-бөлімнің 14 жол өлеңі құралып шығады. Мұны өлең құрылысындағы математикалық дәлдік десе де болады. Осыны қазақта бұрын бір-екі ақын жасап көруге талпынған. Бірақ біреуі кәдімгі қара өлеңмен жазса, тағы біреу сонеттер гүлтәжінің шартын орындамаған. Сондықтан мұны қазақта ең алғаш то­лыққанды жасаған және үш бірдей сонеттер гүл­тәжін жасаған ең алғашқы ақын – Байбота. Және ол біздегі үй­реншікті өлең пішінімен емес, алғашқы «Бұл ғұмыр – біздің еншіміз» атты сонеттен өрген гүлтәж 10 буынды өлеңнің 5 буынды ұйқас түрімен жазылса, кейінгі екі бөлімді «Егіз лебіз» сонеттер гүлтәжі 13 буынды өлеңнің 5 буынды ұйқасымен жазылған ғаламат жыр! Байбо­та­ның жырдағы бұл ерлігін дәл осы деңгейде қайта­ла­ған қазақ ақыны әлі шыға қойған жоқ, бәлкім шықпай­тын да шығар... «Палуанға оңы не, солы не – айырмасы жоқ» деген­дей, Байботаның өлең түрлендіруде жеткен жетіс­тік­теріне қарап отырып, кезінде оның көптеген жаңалығы еленбей қалды ма, дер кезінде насихатталмағандықтан көпшіліктің назарынан қағыс қалды ма деп ойлайсың. Әйтпесе, мына «Ғұмыр» атты сонетінің өзі бір ерекше жаңа­лық емес пе, қазақ поэзиясы үшін? Әрине, әлем әдебиетінде өлеңнің небір тосын түрлері бар, бірақ қа­зақ әдебиетінде нүктемен өлең жазған ақын Байбота Қошым-Ноғай ғана шығар. Өлең жай ғана нүктемен жазылып, форма үшін жасалды десеңіз қателесесіз. Байбота бұл өлеңінде қазақ деген халықтың тұтас болмысын танытып, оның күллі дәстүрінің орнын, ре­тін көрсете отырып – қазақ болып ғұмыр кешудің мә­нін түсіндірген. 

ҒҰМЫР Толғақ. Іңгә. «Ат ұстар». Ұл. Шарана.  «Ғұмыр берсін!», «Сүйіншіңді ал, қарағым!». Шілдехана. Бесік. «Ат қой балаға!».  Тұсау кесер. «Құтты болсын қадамың!».

Сүндет тойы. «Он үште – отау иесі!». Бастаңғы. Қыз. Кездейсоқтық. Жүзтаныс. Сапар. Шаһар. Кетеді елге жиі есі.  Ғашықтық хал. Аңсау. Күдік. Қызғаныш.

Той. Беташар. Неке қияр. Әкелік.  Перзент. Шашу. Қызмет. Мансап. Қателік.  Ұйқысыздық. Қарттық. Нендей жаза бұл?!

Немере. Шу. Қан қысымы. Өкпе. Зар.  Жан азабы. Тән азабы. Жетті ажал.  Қаралы кеш. Ас. Құлпытас. Азагүл. Өлеңді оқып шыққанда, тұтас ғұмырдың 14 жол өлең­ге ғана сиып кеткен мән-мағынасын, филосо­фия­сын көресің. Поэзиядағы абсолюттік минимализмнің де көрінісі бұл. Әйтпесе, осы өлеңде суреттелген ғұмыр-баянды қарасөзбен жазса неше том кітап болар еді? Байбота бірнеше түркі тілдерін білетін полиглот ақын, сондықтан болар, оның қырғыз, қарақалпақ, ұй­ғыр тілдерінде жазған өлеңдері де бар. Тіпті бар ғой, көне түркі тілінде өлең жазған бұдан басқа ақынды кім көрді екен? Оқып көресіз бе?

УЛУҒ САБ (Йоллығ тегин бітігі)

Екелерім, қунчуйларым, іні-йігүнім, беглерім, алп ер оғлан, қыз оғыллар, келіңүнім, өглерім! Оғыз, қыбчақ, усын, он оқ – қамұқ будун төрүміз, анча білің: кісі оғлы қоп өлгелі төрүміс. Айғучы бен, есідіңлер көңүлдекі сабымын, өлү-йітү қазғанты бу теңрі тег шад інім. Меңіліг бен ыдуқ йер-суб, беңгү қутым бар үчүн, меңіліг бен бірікі ел, Теңрі, будун бар үчүн. Еснеген алп ечүм-апам бунча будун қоп ітді, алтун башлығ білге қаған ілте өкүнч йоқ ітді. Қамағүзе йаруқ болты, атлығ қылты йадағығ, буңығ үзе Теңрі есідті, тонлығ қылты йалаңығ. Бөрі тег шад сү сүлепен, қылычлады, қан ічті, түн удықсы келмез ерті, удушру санчды. Анчып Теңрі йарылқазу лүй тег йағығ аз қылмыс, күн тоғды йеме, едгүсі болзун, қоп будунығ баз қылмыс. Ечүм-апам йері-субы беңгү ідісіз қалмазун, түрк будунығ аты-күсі емті йеме йоқ болмазун. Меңіліг бен ыдуқ йер-суб, беңгү қутым бар үчүн, меңіліг бен бірікі ел, Теңрі, будун бар үчүн!.. Бергі дәуірде отырып, арғы дәуірдің болмысымен өз тілінде тілдесу үшін қандай күш керек деп ойлайсыз? Бәлкім қабілет, бәлкім талант, бәлкім жанкешті ізденіс? Ал мен осылардың бәрі бір Байботаның бойында тұтасып тұр дер едім. Байботаның поэзиясы жайында айтқанда, оның балалар әдебиетіне қосқан зор үлесін естен шы­ғару­ға болмайды. Осы кезге дейін оның балаларға арнал­ған жеке авторлық кітабының өзі 20-ға жуықтап қалды. Оның ішінде мектепке дейінгі балаларға арналған өлеңмен жазылған «Әліппе» атты кітабы да көпшіліктің үлкен сұранысына ие. Әлденеше рет қайта басылып шығып, Kaspi.kz, Melomen интернет дүкен­дерінде сатылып жатыр. Байботаның балаларға арналған кітаптарының ішінде «Сымбат салған суреттер» атты кітабы ерекше деуге болады. Онда өлеңнің формасы тақырыбына сай пі­шін түзіп, ерекше жасалған. Мәселен «Үй» деген өлең үйдің формасында, «Ракета» өлеңі ракета қалыбын көзге елестететіндей түрде жазылған. Бала өлеңді оқып отырып, өлеңге арқау болған объектінің пішінін де көріп отырады. Бұл деген бізде бұрын-соңды бола қой­маған ізденістің жемісі десек болар. Тіпті, осындай кей­бір өлеңдері өзге тілдерге аударылып, танымал бо­лып кеткен жағдай да бар. Мәселен, Байботаның «Сым­бат салған суреттеріндегі» «Үй» деген орыс тіліне «Дом» деген тақырыппен аударылып көптеген сайтта жария­­ланған, арасында үй жарнамалайтын агенттік­тердің де пайдаланып отырғанын көруге болады. Тіпті, ақын­ның осы бір сурет формасында жазған өлеңдеріне «бала­ларға өлеңнің не туралы екенін көзіне елестетін керемет тәсіл» деп орыс тіліндегі аудармасына ресейлік сыншылардың өзі таңдана баға берген. Байбота – қазақ ақындарының ішінде балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі жөнінен Қадыр Мырза Әлиді ғана алдына салатын шығар, басқалар оның деңгейіне шендесе қоймас деп ойлаймын. Себебі оның балалар әдебиетін дамытуға қосқан үлесі орасан зор. Мәселен, оның балаларға арналған прозалық шығармалардан 10 том кітап құрастырып жариялауы қандай үлкен еңбек?! Бұдан да басқа балаларға арналған көптеген аударма кітабы бар. Біраз жыл «Балдырған» журналында ең­бек етіп, қазіргі балалар әдебиетінің дамуына ерен ең­бек сіңірді. Әлі де балаларға арнап құрастырған та­лай кітабы шығуын күтіп тартпаларда жатыр... Ақын болсын, жазушы болсын – олардың қалам қа­рымын байқататын бір қасиет аудармашылық қа­білеті. Классик қаламгерлердің бәрі аудармаға ден қой­ған, сол арқылы өзгелерді тануға тырысып, өз кү­шін де сынаған. Демек, аудармашылық өнер де та­лант­тың жарқырап көрінер бағыты. Бұл жағынан алғанда Байбота Қошым-Ноғай да қазақ аударма өнеріне, оның ішінде поэзиядағы тәржіме саласына көп еңбек сіңірген. Оның «Достық жоралғы» атты аударма кітабы әлем ақындарының балаларға арналған жырларынан құрас­тырылған. Ал «Мен жазбаймын өлеңді» аударма кі­табы әлемнің көптеген танымал ақынынан тәр­жі­ме­ленген өлеңдерді құрайды. Сонымен бірге «Үш қай­нар» атты кітабы орыстың атақты ақындары – Василий Жу­ковский, Александр Пушкин, Яков Полонскийден аударған шығармаларынан құралған. Байбота мамандығы бойынша журналист болғанымен, о баста «Жалын» баспасында ұзақ жыл­дар бойы редактор болды. Қолынан талай мық­ты­ның кітабы өтті. Кезінде Аманхан Әлімұлы, Қасымхан Бегманов, Есенғали Раушановтардың баспада кедергіге ұшыраған кейбір кітаптарының шығуына үлкен көмегін тигізді. Кейін журналистикаға бет бұрып, «Па­расат» журналында, «Ана тілі», «Қазақ елі» апта­лық­тарын­да еңбек етті. Оның бәрі, әрине, ізсіз кеткен жоқ. Мәселен, «Ана тілі» газетінде жүргенде сөзтаным, сөз төркіні мәселелеріне қалам тартып, оның соңы үлкен зерттеулерге ұласып, «Тіл ұшындағы тарих» атты си­паты бөлек, танымдық өресі өзгеше кітап дүниеге келді. Бұл кітаптың дәрежесі Олжас Сүлейменов жазған «АЗиЯ»дан кем емес дер едім. «Тіл ұшындағы тарихтың» оқырманға тілтаным мәселесінде үйретері көп. Онда ақынның қисыны келіскен батыл болжамдары назар аудартпай қоймайды. Осы кітапты оқыған атақты этнограф, мифология бойынша керемет еңбектер қал­дырған Серікбол Қондыбайдың өзі Байбота ақынды өз ұстаздарының бірі деп санайтынын жазған екен. Байбота қанша жан-жақты десек те, оны елге та­нытқан қасиеті – ақындығы. Ақынның қаламынан туған «Тәңір таразысы», «Жұмақ нұры» атты поэзиялық қостомдығы ХХ-ХХІ ғасырдағы қазақ поэзиясында сал­мақты орын иеленетін тамаша кітаптар. Сол сияқты та­нымдық мәні терең, өзі «Алғыр оқырмандар кітабы» деп атаған «Тіл ұшындағы тарих» кітабы біздегі ми­фо­ло­гия, этнография, этнология салалары үшін қажет­ті, маңызды еңбек. Ал балалар әдебиеті үшін төккен тері қандай дәрежеде бағаланса да артық емес. Бағалау демекші, Байбота кеңестік кезде атағы ас­пан­дап тұрған Қазақстан Ленин комсомолы сый­лы­ғына қолы жеткен санаулы таланттың бірі. Кейін оның «Жұмақ нұры» кітабына халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығы берілді. Тек өзі деңгейлес ақындардың талайы алып жатқан Мемлекеттік сыйлық Байботаға бұйыр­май-ақ қойды. Әрине, талантың мен қарымың Мем­лекеттік сыйлықпен өлшенбес, бірақ лайықтыға бе­ріл­­­меген сыйлықтың не қадірі бар?! Ақынның жары Қалима Мұқажан Байбота шы­ғармашылығы жайында екі кітап шығарды. Оның «Ди­дар-ғанибет. Профиль» (2005) деген алғашқысы ақын шығармашылығына қатысты 1976-2005 жылдар ара­лығында жарық көрген пікірлер, мақалалар, өлең­дерден, түрлі деректерден құралса, «Дидар-ғанибет. Ан­фас» (2014) атты екінші кітабы Байботаның қара­пайым өмірде тартқан мехнаты, әдеби ортадағы бастан кешкендері, көрген қиындықтары, дос-жолдастарымен қарым-қатынасы жайында тамаша эсселерден тұрады. Білімді ақын қашанда елдің ғана емес, БАҚ қыз­мет­керлерінің де назарында болатыны анық. Осы орайда, Байбота Қошым-Ноғай баспасөзге өте көп сұхбат берген ақындардың бірі. Оның сұхбаттары бірін-бірі қайталамайды, әр сұхбатта ақын әдебиет пен өнерді әртүрлі қырынан танытудан жалықпайды. Сөз қадірін өз қадірім деп білетін ақынның осы тамаша сұхбаттары жақында кітап болып жарық көрмек. Байбота ақынның бір ерекшелігі – адам жатырқа­май­тын, ақынды шыққан жеріне емес, талантына қа­рап бағалайтын мінезі бар. Содан болар, оған өкшелес інілері де, жастар да үйір. Бәрі де энциклопедиялық бі­лімі бар, танымы терең ақынмен әңгімелескенді қа­лай­ды. Біз де қасына еріп жүріп, аға-іні болып талай сыр шертіскендердің біріміз. Сондықтан ақынның ғұ­мыр-керуенде жеті қырды асып, мерейі тасып, ке­мелденген тұсында оның шығармашылық әлемінен өзі­міз танып-білген жайлардың кейбірін қағазға тү­сіргенді жөн көрдік.  Қазақ барда есімі еленбей қалмайтын ақынның жүре­гінен шыққан алаулы жырлары рухани әлемімізді байыта берері хақ.  

Ахмет ӨМІРЗАҚ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі