Тайқазан

Екі жыл бойы жинаған шәкіртақысына қазақ тілі орталығын ашқан Оксана

Қазір командамда 25 адам жұмыс істейді. Оның 18-і – өзім сияқты қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер.

Оксана Набиева – «Қоғамдық қызмет» номинациясы бойынша «Дарын» мемлекеттік сыйлығын алған тіл жанашыры. Университетте екінші курс оқып жүрген кезінде қазақ тілін үйрететін орталық ашқан ол бүгінде 7 мыңға жуық үйренушінің қазақшаны емін-еркін үйренуіне себепкер болған. Қазақ тілін үйретуде өзіндік әдістемесі бар Оксана – бүгінде арнайы платформа ойлап тауып, мемлекеттік тілді онлайн режимде үйретудің қыр-сырын жетік меңгерген білікті маман. Turkystan.kz тілішісі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында мемлекеттік тілді насихаттау ісіне белсенді араласып жүрген Оксанамен тілдесіп, сұхбаттасқан еді.

«Қазақ мектебін қызыл аттестатқа бітірген жалғыз оқушы болдым»

Мен – Жамбыл облысы Жаңатас қаласының тумасымын. 6 жасымда отбасыммен бірге Тараз қаласына көшіп келдік. Тұратын жерімде орыс мектебі 30 шақырым жерде болды. Қашықтағы орыс мектебіне қатынап оқуға жағдайымыз келмеді, ал ата-анамыз бізді жеткізу үшін тынбай жұмыс істеді. Сөйтіп, жақында орналасқан қазақ сыныбында оқуға тура келді. Мектепте оқыған алғашқы төрт жыл оңай болмады. Үйде де қазақша ешкім сөйлемеді, әлі күнге дейін сөйлемейді. Бірақ мұғалімдерім түсіністікпен қарап, мейлінше көмектесті, қолдауды аямады. Араласатын ортам да дәл солай болды. Сөйтіп қазақ тілін бірте-бірте үйрене бастадым. 5-сыныптан бастап жыл сайын Абай оқуларына және қазақ тілі мен қазақ әдебиеті бойынша олимпиадаларға қатысып жүрдім. Абайдың өлеңдері сөздік қорымды байытуға мүмкіндік берді. Сол кезде жаттаған Абайдың 80 өлеңін әлі күнге дейін ұмытқан емеспін.  

Үздік оқушы синдромы қалыптасқандықтан, төртінші сыныпқа дейін  барлығын зуылдап, жаттанды түрде айтып беретінмін. Бірақ не айтып жатқанымды өзім түсінбейтінмін. Алтыншы сыныпқа көшкен соң, қазақ тіліне деген қызығушылығым артып, грамматика мен тіл заңдылықтары негізінде қазақ тілін үйреніп алдым. Сегізінші сыныпта қазақ тілін еркін меңгеріп, жоғары деңгейде сөйлейтін дәрежеге жеттім. Мектепте үздік оқушы болдым. Қазір еске алсам, сол жылы қазақ мектебін қызыл аттестатқа аяқтаған жалғыз мен ғана болдым.

11 сыныпқа аяқ басқанда грант жеңіп алу үшін ҰБТ-да таңдаулы пән ретінде математика мен физиканы таңдадым. Нәтижесінде грант бұйырып, Қарағандыдағы оқу орындардың біріне «Автоматтандыру және басқару» мамандығына оқуға түстім. Алайда бір аптадан соң ол гранттан бас тартып, оқудан шығып кеттім. Бір жыл бойы қайта дайындалып, кешенді тест тапсырдым. Сөйтіп, 2015 жылы Алматыда армандап жүрген тіл маманы мамандығына оқуға түстім. Алматы секілді үлкен мегаполиске күн көру оңай емес. Сөйтіп, даярлық орталығында репетитор, кейін аудармашы болып жұмыс істедім.

«Екінші курста оқып жүргенімде тіл орталығын аштым»

Алматыдағы Достық үйінде «Қазақша сөйлейік» атты клубын тегін жүргізген кезім болды. Бірте-бірте үйренушілер саны арта түсті. Кейін бірнеше сабақтан соң үйренушілердің ұсынысы бойынша сабақты ақылы түрде жүргізе бастадым. Себебі олар қазақ тілін тез үйренгісі келді. Ал аптасына бір ғана сабақ өту кімге болса да аздық етеді. Қайтсем де, тіл орталығын ашамын деп, шәкіртақымды жинап жүрдім. Сөйтіп, жиналған сомаға кішігірім кеңсе жалдап, сосын орындық, үстел, тақта сатып алдым. Осылайша, 2-курс оқып жүрген кезімде Алматы қаласында өз орталығымды аштым.

Университет қабырғасында жүргенде түрлі конференцияға қатысып, журналистердің назарына іліккен болуым керек. Кейін олар бағдарлама жүргізуге кастингке шақырды. Сөйтіп, жолым болып, 3-4 курста Qazaqstan ұлттық арнасынан тарайтын «Менің Қазақстаным» атты жобаны жүргіздім. Онда 2019 жылдың жазына дейін істедім.

Сосын әлемді жайлаған пандемия салдарынан қазақ тілін онлайн форматта үйретуге көштім. Содан соң 2021 жылдың қыркүйегінде арнайы жеке платформамды аштым. Менің әдістемемнің басты ерекшелігі – адам өзіне қолайлы кезде сабақты ашып, қарай алуы. Автобуста, тіпті шет мемлекетте отырсаң да, қазақ тілін онлайн оқи аласың. Одан бөлек, кітап ретінде шығарылған авторлық күнтізбем бар. Күнтізбеде жылдың он екі айын қамтыған 12 грамматикалық құрылым және 365 жаңа сөз берілген. Яғни, қазақша мүлдем білмеймін деген адамның өзі бір жылда 365 сөз бен 12 ережені үйрене алады. Қазақ тілін үйретуде жаңа, тың идеялардың ықпалы зор. Дейтұрғанмен ең бастысы, отандастарымыз мемлекеттік тілді дұрыс меңгеріп, түсіне алатындай жағдай жасау керек.

«Сабағыма Ресей қазақтары да қатысады»

Қазір орталығымдағы командамда 25 адам жұмыс істейді. Оның 18-і – өзім сияқты қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер. Сонымен қатар онда SMM-маман, мобилограф және әкімшілік қызметкер де жұмыс істейді. Мұғалімдер менің әдістемем бойынша үйретеді. Ал сабағыма 5 жастан 60 жас аралығындағы үйренушілер қатысады. Бүгінде зейнетке шығып, бірақ қазақ тілін үйренемін, оқимын деп қызығушылық танытып жатқан адамдардың қарасы қалың. Кейбір адамдар таза әдеби тілде сөйлегісі келеді. Енді бірі түсінеді, бірақ ойын жеткізе алмайды. Ал кейбіреулер мүлдем тіл білмейді. Мысалы, Ресейде тұратын, қазақша білмейтін қазақтар саны өте көп. Олар өздерінің ана тілін білгісі келеді. Олар менен көмек сұрап, маған жүгінеді. Осылайша, олар Ресейде тұрып, қазақ тілін үйреніп жатыр. Сондай-ақ министрлікте, түрлі органда жұмыс істейтін шенеуніктер де сабағыма қатысады.

Біз оқушылардан басқа, еліміздегі ірі компаниялармен да тығыз жұмыс істейміз. Олар қызметкерлеріне қазақ тілін офлайн режимде үйрететін курс, тренинг өткізуімізді сұрайды. Бұл – нарықта қазақ тіліне деген сұраныстың артып жатқанына дәлел.

Осы күнге дейін орталықта 7 мыңға жуық үйренуші қазақ тілін үйреніп, еркін меңгеріп шықты. Алдағы уақытта Астанада да бір орталық ашуды жоспарлап жүрмін.

«Қазақ тілі маған көп мүмкіндік сыйлады»

Қазақ тілі – мен үшін бір бағдаршамның жасыл түсі іспетті. Жол сілтеп, жөн көрсетті. Жол ашты. Көп мүмкіндік сыйлады. Әрі құрметімнің артуына септігін тигізді. Себебі жүрген жерімде қазақ халқынан, басқа ұлт өкілдерінің айрықша құрметіне бөленіп жүремін. Мұндай қарым-қатынас тек тілді жетік білгеннен емес, мәдениетін, салт-дәстүрін сыйлағаннан, мұны насихаттауға белсенді араласқаннан деп білемін. Айналама білгенімді үйретіп, пайдалы болуға тырыстым. Тіл білгенімнің арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында, әкімшіліктерде, түрлі іс-шарада жиі сөз сөйлеп жүрмін. Ал 2022 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық қызмет» аталымы бойынша «Дарын» жастар сыйлығымен марапаттаған болатын.

Сөз соңында баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Жақында еліміздегі кейбір өңірлерде су тасқыны болып, тұрғындар тосыннан келген апатты бастан кешірді. Табиғи апатта халқымыз ұлтқа, нәсілге бөлінбей, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, барынша қолдау білдіріп жатты. Сондықтан қиындықта да, қуанышта да әрдайым бірлігіміз жарасып, беки берсін дер едім. 1 мамыр – бұл үлкен және жарқын мереке. Қазақстанның бұдан бетер дамығанын, көркейгенін қатты қалаймын! Ақжолтай жаңалық көп болсын! Бірлігі жарасқан, көпұлтты, көп этнос қоныстанған еліміздің мерейі әрқашан үстем болсын!