«Ауылдастарым «Вәке» дейді»: Ауыл әкімдігінде жұмыс істейтін Владимир
«Мемлекеттік тіл – менің тілім» деген ұранды берік ұстанатын Владимир ауылдастарының арасында «қазақтың сары баласы» деген атпен танымал.
Жетісу облысы Ақсу ауданына қарасты Қапал ауылында тұратын Владимир Чепель – қоғам белсендісі, тіл жанашыры. Туған жерінің, соның ішінде туған ауылының келешегіне бей-жай қарамайтын азамат. Жүрген жерінде мемлекеттік тілді білудің маңызын айтып, жастарға үндеу жолдаудан шаршамайтын ол Қапал ауылдық округі әкімінің аппаратында жұмыс істейді. Ұлты орыс болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатын 31 жастағы Владимир Turkystan.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақ тілінің мәртесебі мен қоғамдағы орны туралы сөз қозғады.
«1993 жылы Қапал деп аталатын әдемі ауылда дүниеге келдім. Осындағы Ғали Орманов атындағы орта мектепте оқыдым. 2011 жылы «Талдықорған Заң колледжіне» түсіп, оны 2013 жылы тәмамдадым. Содан соң Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясында білімімді жалғастырдым. Орыс тілінде білім алсам да, қазақ тілін жетік білемін. Себебі мен – ауылдың шаңын жұтып, топырағына аунап өскен баламын», – дейді Владимир Чепель.
«Мемлекеттік тіл – менің тілім» деген ұранды берік ұстанатын Владимир ауылдастарының арасында «қазақтың сары баласы» деген атпен танымал.
«Қай жасымнан бастап қазақ тілінде сөйлегенімді еске түсіру қиын. Қазақ тілі маған ана сүтімен дарыған десем де артық айтқаным емес. Бір қызық айтайын, мен орыс тілінде жауап берер алдында мәтінді ойша қазақ тілінде құрастырамын. Себебі менің миым қазақша ойлайды. Алдымен айтар ойымды мемлекеттік тілде жүйелеп алып, орыс тіліне аударамын. Қазақтілді ұжымда қызмет атқарамын. Әріптестерімнің арасында Владимир болсам, ауылдастарым «Вәке» дейді. Жұмыс бабымен ауыл ішін жиі аралап тұрамын. Сонда ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарымыз «сары бала» келе жатыр деп алдымнан шығып, жылы шырай танытады. Ұлтым орыс болғанмен, өзімді қазақпын деп есептеймін. Айтып өткенімдей, орыс тіліне қарағанда, қазақ тілін жақсы білемін. Ауылда өскендіктен достарымның барлығы қазақ балалары болды. Қазіргі ортам да қазақтілді. Сондықтан өзімді қазақпын деп айтамын», – дейді В. Чепель.
Қазақ тілін еркін меңгерген Владимир қазір Қапал ауылындағы әкімдікте қызмет етеді.
«2011 сырттай колледжге оқуға түстім. Сол жылы Altyn Dala AGRO Zhetysu ЖШС-де қарапайым жұмысшы болып жұмысқа тұрдым. Кейін компанияда офис-менеджер, заңгер болып қызмет атқардым. Бала кезімнен ата-анам білімге, еңбекке деген құштарлықты оята білді. 2014 жылы компания жабылып, ақырында мен жұмыссыз қалдым. Содан Қапал ауылдық округі әкімінің аппаратында жетекші маманның орны бос екенін білдім. Бұл жаңалықты ести сала, біраз дайындалып, мемлекеттік тест тапсырдым. 2015 жылы сыннан сүрінбей өтіп, жетекші маман ретінде жұмысқа қабылдандым. 2020 жылы ішкі конкурстың нәтижесі бойынша Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып тағайындалдым. Қазір Қапал ауылдық округі әкімінің аппаратында жұмыс істеймін», – дейді бас маман.
Владимир өз арасында қазақша сөйлей алмайтын азаматтардың да бар екеніне қынжылатынын айтады. Оның ойынша, қазақ тілінің өрісін кеңейту үшін тілге қажеттілік болуға тиіс.
«Өзім – тіл жанашырымын. Мемлекеттік тілді өте қатты құрметтеймін, сыйлаймын. Айналамдағы адамдарды, яғни, әріптестерімді, достарымды, замандастарымды әрқашанда қазақ тілін үйренуге шақырып жүремін. Тілді меңгеруде оларға қолымнан келгенше көмек көрсетемін. Негізі, біздің халық толықтай мемлекеттік тілді түсінеді деп айтуға болады. 90 пайызы тап-таза сөйлей алады. 6 пайызы кейбір сөздерді, әріптерді дұрыс айта алмаса да, ойын жеткізе алады. Ал қалған 4 пайызы түсінгенімен, сөйлегенге қысылады. Жалпы тіл жағынан елімізде ешқандай қысым жоқ. Себебі біздің Ата Заңымызда әр адамның қандай да бір өзге тілді меңгеруіне шектеу қойылмаған. Бірақ біз Қазақстан Республикасында тұратындықтан, оның тілін, дінін, топырағын, суын – бәрін құрметтеуіміз керек. Ал енді тұрып жатқан жеріміздің тілін білмесек, басқа дүниесін қалай түсінбекпіз?! Бәрі тілден басталады. Халқымыз «Тіл – достықтың кілті» деп бекер айтпаған. Яғни, еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі керек. Сол кезде ғана қазақтың тарихын, болмысын толық түсіне алады», – дейді В. Чепель.
Владимир сөз арасында қазақ тілі көпшілік ойлағандай үйренуге қиын тіл емес екенін атап өтті.
«Қазақ тілінде сөйлеу – қиын емес. Ниетке байланысты. Талаптанған әр адам сөйлеп кете алады деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді енді меңгеріп жүргендерге айтарым, ең бастысы – тырысу керек. Көбірек кітап және мақала оқыған абзал. Әрі ел арасында қазақша сөйлеуге ұялмау керек. Одан бөлек, радио, теледидар хабарларын тыңдаудың пайдасы да зор. Яғни, үйренуші айтылымнан, акценттен ұялмау керек», – дейді ол.
Сөз соңында Владимир Чепель барша қазақстандықты бірлікке, ынтымаққа шақырып, ел тұрғындарын Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
«Баршаңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, бақыт тілеймін! «Діні басқа, тілі басқа, тілегі бір», бір шаңырақ астында жиналған ұлт пен ұлыс өкілдерінің еліміздің ынтымағы-ырысы мен байлығы-берекесін арттырып, татулығы жарасқан біздің елде өмір сүріп жатқаны жүрекке сенім, көңілге қуаныш ұялатады. Көп ұлттың татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысайық. Береке-бірлігіміз арта берсін!», – дейді Владимир ағынан жарылып.