Қоғам

Павлодарда жол ережесін бұзған кортеждегілер жауапқа тартылды

polisia.kz

Кортеж қатысушылары көлік әйнегінен денелерін шығарып отырған.

Павлодарда жол ережесін өрескел бұзған кортеж қатысушылары жауапқа тартылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Жедел басқару орталығының қызметкерлері жол жүру ережелерін бұзу фактісін анықтады

«Н.Назарбаев даңғылы мен Ломов көшесінің қиылысында бірнеше көліктен тұратын кортеж қатысушылары көлік әйнегінен денелерін шығарып отырған. Бұл төтенше жағдай туғызды. Полиция той кортежін тоқтатты. Жол жүру ережелерінде көзделген жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін пайдалану талаптарын сақтамағаны үшін жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, әрқайсысына айыппұл салынды», – деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, тәртіп сақшылары іс-шараларды тойлау кезінде жол ережелерін сақтауды сұрайды, өйткені сіздің іс-әрекеттеріңізден жол қозғалысының басқа қатысушылары да зардап шегуі мүмкін.