Үкімет: Үш қаладағы жылу көздерін жаңғыртуға 16 млрд теңге бөлінді
Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздеріне реконструкция және күрделі жөндеу жүргізіледі.
Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздің жылу электр кешенін ауқымды жаңғырту бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздеріне реконструкция және күрделі жөндеу жүргізу үшін Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы қаулыларға қол қойды.
Атап айтқанда, Кентаудағы ЖЭО-5-тің № 7, 8, 9, 10, 11 және 12 қазандықтарын реконструкциялауға 9 млрд теңгеден астам, Риддер жылу электр орталығының технологиялық жабдықтары мен инфрақұрылымына күрделі жөндеу жүргізуге – 4,9 млрд теңге, ал Қызылордадағы оңтүстік қазандықтың үш бу қазандығын реконструкциялауға – 2 млрд теңгеден сәл астам қаражат бөлінді. Осылайша, аталған жылу көздерін жаңғыртуға жалпы сомасы шамамен 16 млрд теңге бағытталды.
Қабылданып жатқан шаралар алдымыздағы жылыту маусымында Кентау, Риддер және Қызылорда тұрғындарын жылумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Жалпы еліміз бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Павлодар, Жезқазған, Ақтөбе, Екібастұз, Степногор, Рудный, Балқаш және Ақсу қалаларындағы 10 энергоблок, 55 қазандық пен 45 турбинаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Сонымен қатар инвестициялық келісімдер аясында осы күндері Екібастұздағы ГРЭС-1-дің №1 энергоблогында қалпына келтіру және Атыраудағы ЖЭО мен Топардағы ГРЭС-те турбоагрегаттарды ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Екібастұз ГРЭС-інде №3 энергоблок құрылысы, сондай-ақ Өскемендегі ЖЭО мен Қарағандыдағы ЖЭО-3-ті кеңейту бойынша жобалар жоспарланған.
Жоғарыда аталған барлық жобаны жүзеге асыру ортақ жиынтығы 1500 МВт-тан астам жаңа қуатты іске қосуға мүмкіндік береді.