Саясат

Сингапур Парламентінің спикері Сеа Киань Пэy Қазақстанға ресми сапармен келді

parlam.kz

Сеа Киань Пэн Сингапурдың даму жылдарында жиған құнды тәжірибелерін Қазақстанмен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Сингапур Республикасы Парламентінің спикері Сеа Киань Пэн Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл туралы Мәжілістің Telegram каналында хабарланды.

Мәжілісте мейманды Палата төрағасы Ерлан Қошанов қабылдады.

Кездесуде Мәжіліс төрағасы Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

Ерлан Қошанов әріптесіне Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен болып жатқан өзгерістер туралы айтып берді. Осы орайда Сингапур мен Қазақстанның ішкі саяси бағытының ұқсастығына назар аударды. Атап айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басшылыққа алатын «әртүрлі пікірлер, бірақ біртұтас ұлт» қағидатының мызғымастығына мән берді.

Сингапур Парламентінің спикері екі ел ынтымақтастығын дамытудағы болашағы зор салалардың қатарында экономика, білім беру мен денсаулық сақтауды атап өтті. Сеа Киань Пэн Сингапурдың даму жылдарында жиған құнды тәжірибелерін Қазақстанмен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Мәртебелі мейман Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформаларын жоғары бағалады.

– Бұл стратегия Әділетті Қазақстан, прогрессивті мемлекет құруға және халықтың мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Түрлі өзгерістерге, инновацияларға бейімделу, реформалар қабылдау – дамыған ұлттың өзегі. Бірақ одан да маңыздысы – халықтың жауапкершілігі мен жасампаздығы. Осы құндылықтар әлеуметтік әділдікті қалыптастырудың негізінде жатыр, – деді Сеа Киань Пэн.