Түркия, Германия құрамасында ойнаған Әли Бөкейхан: Қазақстанға ауысу – үлкен мәртебе
Әли Бөкейхан Қазақстан құрамасына ауысудағы басты мақсаты – елдегі регбидің өркендеуіне үлес қосу екенін айтады. Оны сөзінше, осының өзі – оған баға жетпес мотивация.
Регбиден Қазақстан ұлттық құрамасы ертең Шри-Ланкада өтетін Азия чемпионатының турнирінде Қатар құрамасымен кездеседі. Бұл жолы ұлттық құраманың намысын қорғайтын ойыншылар қатарында Германияның Гейдельбург қаласында туып-өскен, 18 жасында Түркия ұлттық командасына шақырылған қазақ – Әли Бөкейхан Сүрер бар екенін қуанышпен хабарлағымыз келеді. Жақында ғана ол Түркияның ұлттық құрамасынан Қазақстан ұлттық құрамасына ауысқан болатын.
Ойын алдында Әли Бөкейханға хабарласып, ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынына сәттілік тілеп, әңгімеге тартып көрген едік.
Қазақстанның намысын қорғау, ұлттық құраманың бір бөлшегі болу – үлкен мәртебе деп ұғатынын айтқан Әли Бөкейхан осынау құндылықтарды жастайынан көңіліне берік орнықтырған екен.
– Регбиден Қазақстан ұлттық құрамасына ауысуға не түрткі болды? Өткенге сәл шегініс жасар болсам, бала кезден басталған регбиге деген әуестігім мені Германияның жастар құрамасының мүшесі атануға дейін жетеледі. 18-ге толған соң Түркияның ерлер құрамасының сапына қосылуға бел будым. Мен үшін Түркияның намысын қорғау өте үлкен мәртебе болды. Себебі бұл – менің әке-шешемнің туған жері, ата-әжемді жатырқамай, жатсынбай қабылдаған ел. Міне, сондықтан да жүрегімнің түпкірінде Түркияның ұлттық құрамасының алдында өтелмеген қарызым немесе қандай да бір жауапкершілігім бар секілді сезіндім. Осындай қадам жасағаныма, қолымнан келгеніне қуанамын. Ал енді сол түп-тамырды іздеу жолы мені Германиядан – Түркияға, Түркиядан – ата-бабамның жері, түпкі Отаным – Қазақстанға жетелеп әкелді, – дейді ол.
Әли Бөкейхан Түркия құрамасының сапындаӘли Бөкейхан Қазақстан құрамасына ауысудағы басты мақсаты – елдегі регбидің өркендеуіне үлес қосу екенін айтады. Оны сөзінше, осының өзі – оған баға жетпес мотивация.
– Өз еліңнің, өз жеріңнің, отбасыңның атынан шығып, өз тарихыңды дәріптеу құрметіне ие болу – мен үшін орны бөлек құрмет, асыл мақсат. Мен Қазақстаннан жырақта өстім, алыста болсам да, ұқсастық пен сәйкестікті, бір жақындықты сезетінмін. Яғни, тағы да перзенттік борышым деп санаймын. Командаға көмектескім келеді, регбиге көмектескім келеді және сол үшін де мен аянып қалмаймын, қолымнан келгенше үлес қосамын. Осының өзі – маған үлкен мотивация, басқа ештеңе де қажет емес.
Регбиден Қазақстан ұлттық құрамасыГерманиядан Қазақстанға келу үлкен қадам болғанын айтқан ол күнделікті өмірде, жұмыс барысында кедергі келтіретін дүниелер де жоқ емес екенін жеткізді. Дегенмен, мүмкіндік туса, түпкілікті көшіп келуге де кет әрі емес.
– Иә, бұл – менің тарихи Отаным және мен осынау ғажайып елді, халықты, тұмса табиғатын жан-жүрегіммен жақсы көремін. Дегенмен, Германиядан Қазақстанға келу үлкен қадам болды, бір әлемнен екінші бір әлемге өткен сияқтымын. Негізінен қарсылығым жоқ, әйтсе де, тіл жағынан аяқ-қолым сәл маталып тұр деуге болады. Мұнда жұмыстың басым көпшілігі орыс тілінде жүреді, ал Германияда туып-өскен қазақтар орыс тілін білмейді, осы жағы сәл қиындық тудырып тұр. Егер мүмкіндік туса, болашақта түпкілікті көшуім әбден мүмкін. Бірақ менің қазіргі жұмысым маған жыл сайын Қазақстанда бір ай қашықтан жұмыс істеуге рұқсат беріп отыр. Сондықтан, жалпы ниетім бар деп айта аламын, – деді ол ағынан жарылып.
Әли Бөкейхан Қазақстандағы регбидің даму әлеуеті зор деп есептейді. Балалар құрамасының да бабы жақсы екенін байқаған. «Жауынгерлік – біздің қанымызда бар» дейді ол. Сонымен қатар, жалпы осы спорт түрін дамыту үшін жасалуы керек қадамдарға да тоқталып өтті.
– Қазақстандағы регби спортының әлеуеті жақсы деп айта аламын. Әйелдер құрамасы өте жақсы, еңбекқор, әлеуеті зор, ойыншылары мықты, жаттықтырушылары білікті, ұйымшыл, менеджерлері жақсы екенін байқауға болады. Ерлер құрамасы да, менің ойымша, өте жақсы шыныққан, бабы жақсы. Күн сайын жаттығады. Байқағанымдай, оларды Регби федерациясы да қолдайды. Сондықтан, менің ойымша, құраманың әлеуетін көтеру үшін көбірек жарыс, көбірек ойын өткізу керек, Жалпы алғанда, Қазақстанда немесе одан тыс жерлерде көбірек ойын өткізген жөн. Бұл оны әрі қарай жас ұрпаққа, балаларға үйрету үшін керек. Сонымен қатар, балалар регбиі жақсы дамып жатқанын айта кету керек. Біз батырлардың ұрпағы болғандықтан, күрсескенді жақсы көреміз, бұл біздің қанымызда бар. Күрес, бокс және басқа да спорт түрінен осыны байқауға болады. Сондықтан, менің ойымша, бұл – регбиге де қажет жақсы қасиет. Өйткені физикалық тұрғыдан мықты және сергек болу керек, сонымен қатар, ақыл да қажет. Менің ойымша, қазақ халқы осының барлығын өте жақсы үйлестіре алады. Яғни, біздің әлеуетіміз зор, бірақ соны толық пайдаланып, көпшілікке таныта біліуіміз керек. Сондықтан, жоғары деңгейде турнирлер өткізіліп тұрса, өте керемет болар еді. Бұл ойыншыларымыздың жігерін жанып, қанат бітіретіні сөзсіз. Сондықтан, құрама қажырлы еңбегін жалғастыра берсе, болашақта биік шыңдарды бағындыратынына бек сенімдімін, – деп сөзін түйіндеді Әли Бөкейхан.
Ұлттық құрамаға және тарихи Отанының атынан тұңғыш рет әлемдік деңгейде өнер көрсеткелі отырған оған сәттілік тілеп, ойлағаны орындалып, ісі оңға бассын дейміз.