Саясат

Геннадий Шиповских: Қазақстан халқы Ассамблеясы – мемлекет пен халық арасындағы алтын көпір

senate.parlam.kz

Ассамблея мүшелері мемлекет пен халық арасында алтын көпір бола біліп, ел басына күн туған шақта халықтың қасынан табылды.

Сенат депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Геннадий Шиповских Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысында бірқатар өзекті мәселелерді атап өткенін айтады.

«Мемлекет басшысы Сессия барысында Ассамблеяның анау айтқандай жасанды ұйым емес екенін алға тартты. Ассамблеяның – расында мемлекет пен халық, түрлі ұлт арасындағы алтын көпір.

Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарымызды әбігерге салған су тасқыны басталғалы бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын баса айтты. Оған – бүкіл ел куә. Расында ай аймақта су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. Президент өз сөзінде «Жүректен жүрекке» деген ауқымды акция жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті. Апат болған өңірлерге 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажет тауарлар жіберілді. Оның жалпы сомасы шамамен – 770 миллион теңге.

«Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі», – деп Мемлекет басшысы сол отырыста Ассамблея мүшелеріне зор ризашылығын білдірген болатын.

Расында осындай қиын сәтте Ассамблея мүшелері сөзімнің басында айтып кеткендей мемлекет пен халық арасында алтын көпір бола біліп, ел басына күн туған шақта халықтың қасынан табылды.