Қоғам

Қарағанды тұрғыны бұрынғы әйелін балаларының көзінше қатыгездікпен өлтірген

Серік Беркамалов парақшасынан

Марқұм 52 жаста болған. Оның артында 16 жасар қызы мен 14 жасар ұлы қалды.

Құқық қорғаушы Серік Беркамалов Қарағандыда 52 жастағы әйелдің қатыгездікпен өлтірілгенін айтып берді.

Беркамалов кісі өлімі 25 сәуірде болғанын мәлімдеді. Адвокаттың айтуынша, күдікті ер адам әйелмен 10 жыл бұрын ажырасқан, бірақ содан бері отбасының артынан қалмаған.

Көз жұмған әйелдің балалары жанжал кезінде полицияға қоңырау шалған, бірақ құқық қорғау органдары көмек көрсетпей кетіп қалған. Кейін ер адам бұрынғы әйелін пышақтаған.

– Үлкен қызы 16, ұлы 14 жаста. Ұлы сол күні кешке полицияға қоңырау шалып, әкесінің "бәрін өлтірем" деп қорқытқанын, кейін анасын қорғауға тырысқанын айтқан. Полиция жасағы, екі полиция қызметкері келіп, арызды қабылдаған, бірақ қоқан-лоққы мен жанжалдың куәсі бола тұра, оның мас екенін көре тұра ештеңе істемеді! Әйел мен балаларды жалғыз қалдырып кетті.

Екі сағаттан кейін Балтабай Гүлмираны пышақтап, пәтерден қашып кетті. Балалар шүкір, зардап шеккен жоқ, олар дереу полиция мен жедел жәрдем шақырды, — деді ол.

Беркамалов кейінірек полиция қайтадан келгенін, бірақ тәртіп сақшылары күдіктіні ұстауға асықпағанын айтады.

– Жедел жәрдем жиырма минуттан соң жүрді, полиция сәл ертерек келді. Бірден ұстаудың орнына оған учаскелік полиция темекі берген. Бұл не? Адам өміріне немқұрайлылық па, полицияның қасақана беделін түсіру ме?! - деп қосты заңгер.

Беркамалов полиция қызметкерлерінің жұмысына наразы болып, оларды әрекетсіздігі үшін сотқа тартылатынын мәлімдеді.

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдайға түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, қажетті сараптамалар тағайындалды, тергеуге ұатысты іс-шаралар жүргізілуде.