Jah Khalib-тің зорлық-зомбылық туралы пікірінен кейін Молдовада концерті өтпейтін болды
Бұл туралы 27 сәуірде Summer Fest ұйымдастырушылары хабарлады.
Қазақстандық рэпер Jah Khalib-тің Молдова астанасы Кишиневте өтетін концерті оның зорлық-зомбылық құрбандары туралы айтқан пікірінен кейін өтпейтін болды. Бұл туралы 27 сәуірде Summer Fest ұйымдастырушылары хабарлады.
Бұған дейін белсенділер Jah Khalib өнер көрсетуін қаламайтындарын айтып, үндеу жасаған болатын. Алайда ұйымдастырушылар бұл шешім аяқ асты қабылданбағанын, бұл туралы бұрын хабарлауға мүмкіндік болмағанын айтты.
«Соңғы оқиғалар мен жаңалықтарға байланысты Jah Khalib-тің жазғы фестивальдегі концерті тоқтатылды. Күрделі логистикалық және құпия факторларға байланысты біз бұрын қабылданған шешімді ресми түрде жариялай алмадық. Мұндай іс-шараны ұйымдастыру үлкен күш пен ұзақ дайындықты қажет етеді және кез келген шешім импульсивті түрде өзгермейді», - делінген ұйымдастырушылардың хабарламасында.
Бұған дейін «Зорлық-зомбылықсыз өмір»ұлттық коалициясы мен актер Кэтлин Лунгут Кишиневте Jah Khalib-тің өнер көрсетуін тоқтатуға шақырған. Рэпер зорлық-зомбылық жасайтындарды ақтады деп айыпталды.
2 жыл бұрын RUH FOOD YouTube арнасында жарияланған ORTA подкастында рэпер «дұрыс емес киім» зорлау себептерінің бірі екенін айтқан болатын.