T-Newspaper

Өзбекстанда әйелдер күресінен тұңғыш Олимпиада жолдамасын иеленген қазақ қызы – Ақтеңге

Фото United World Wrestling сайтынан алынды

Қазақ болғанда тұрған не бар? Өзбек болса не болыпты? Бәріміз бір емеспіз бе?! Бәріміз – түркіміз. Туыспыз. Бауыр­мыз. Ағайынбыз.

Екі күн бұрын Бішкек төрінде өткен іріктеу турнирде өзбекстандық балуан Ақтеңге Кеу­нимжаева Олимпиада жолдамасын ұтып ал­ды.  Мұны тарихи сәтке балаған Өзбекстан мен Қа­зақстан журналистері бұл жаңалықты әлі күн­ге дейін жарыса жазып жатыр.  Бұған себеп – Ақтеңге – Өзбекстан тарихында әйелдер күре­сі­нен жолдама иеленген алғашқы спортшы. Бәсі биік додада қарсылас шақ келтірмеген 24 жас­та­ғы Ақтеңге жарыс аяқталған соң қазақстандық жур­налиске шағын сұхбат беріп, өзінің ұлты қа­зақ екенін әрі бірсыпыра жетістігін айтып өт­кен еді. Осы орайда біз ол туралы деректі өз аузынан естігенді жөн көріп, Ақтеңгенің өзіне хабарластық.

Өзбекстан чемпионатын 10 жыл қатарынан ұттым

– Тарихи жолдама құтты болсын, Ақ­теңге! Өзбекстан тарихында алғаш рет әйелдер күресінен Олимпиадаға жол­дама жеңіп алған сіз туралы отан­дық БАҚ екі күн бойы жарыса жазып жа­тыр. Сол үшін алдымен өзіңіз тура­лы бірер сөз айта отырсаңыз.

– Аты-жөнім – Ақтеңге Кеунимжаева. 1999 жылы Өзбекстан құрамындағы Қа­ра­қал­пақстан Республикасының астанасы – Нө­кіс қаласында дүниеге келдім. Ұлтым – қа­зақ. Ата-анам да осында дүниеге келген. Қа­зақстанда әкемнің ағалары, біраз туыс­тарым тұрады.

– Есіміңіз ерекше екен.

– Иә, арғы әжемнің есімі – Ақтеңге. Әжем есімі ұмыт қалмасын мені сол кісінің құр­метіне атаса керек. 

– Бір зерттеуде кішкентай кезінен ер­ке әрі әкесіне қатты жақын болып өс­­кен қыздар көбіне ерлер айна­лы­са­тын спортқа бүйрегі бұратыны туралы жазылған. Сізде де солай болды ма?

– Менің әкем бұрынырақта күреспен шұ­­­ғылданған. Бәлкім, қан тартқан болар. Де­генмен «Сен ерлерге тән спортпен ай­на­лы­­сып жүрсің» деп ешкім шағым айтып көр­мепті. Ке­рісінше, «Сыртыңнан қара­ған­да балуанға ұқ­самайсың» деп айтады. Жал­пы, мен жа­ғым­сыз пікірлер айтылған күн­нің өзінде де оған мән бермеуге, құлақ ас­пауға тыры­са­мын. Әдепкіде күрес сек­ция­сына емес, спорт­тық гимнастикаға бау­литын үйірмеге бар­ған едім. Анығырақ айтсам, үйдегілер «Де­нең иілгіш болсын» деген желеумен сол үйір­меге баруға мәжбүрледі. Ал ол кезде ме­нің бар ойым қоян-қолтық ұрыста бо­ла­тын. Спорттық гимнастикада «база» жи­нап алған соң, қоян-қолтық ұрыспен айналыса бас­тадым. Үйіміздің қарсы алдында күрес за­лы бар еді. 2013 жылы онда сыныптас қыз­дармен бардым. Бір көргеннен күреске қы­зығушылығым ауып, ақырында бұл іске шын­дап кірістім. Сөйтіп, сол жылы ел че­мио­натын ұттым. Келесі жылы кадеттер ара­сында Азия чемпионатында қола жүл­де­гер атандым. Сосын...

– Сөзіңізді бөлсем, ренжімеңіз. 2013 жылы күреске енді ден қоя бас­та­ған сіз жарты жылдан соң ел чем­пио­на­тында топ жарып, бір жылдан соң Азия біріншілігінде үздік үштікке ілін­діңіз. Кей спортшылар ұлттық құ­рама қатарына қабылдану үшін жыл­дар бойы жаттығып, өзін дәлелдеумен әлек болып жүреді. Ал сіздің бұл меже­ні аз уақыт ішінде бағындырғаныңызға аң-таңмын.

– Мен 2013 жылы ел чемпионатына қа­ты­сып жатқанда Азия біріншілігі, әлем чем­пионаты дегеннің не екенін білмей, ол жа­рыстардың маңызын байыбына барып тү­сінбейтінмін. Өз категориям бойынша біз­дің республикада өткен чемпионатта қарсылас шақ келтірмей, жеңіске жеттім. Со­сын жасөспірімдер құрамасының бап­кер­­лері мені бас командаға шақырды. Содан соң Тайландта кадеттер арасында өт­кен Азия чемпионатында қола жүлдегер атан­­дым. 2015 жылы да аталған жарыста қола жүл­дені місе тұттым. 2017 жылы жас­тар ара­­­­сында өткен Азия чемпионатында қола жүл­дегер атандым. 2018 жылы жастар ара­сын­дағы әлем чемпионатында күміс медал­ді еншіледім. Ересектер арасында өткен Азия біріншілігінің (2019, 2020, 2023) үш дүркін жүлдегерімін. Содан соң 23 жасқа дейін балуандар арасында өткен Азия чем­пио­натында бабым мен бағым қатар шауып, жеңімпаз атандым. 2022 жылы Ис­лам елдері ойындарының күміс жүл­дегері атандым. 2023 жылы өткен Азия ойын­дарында қола жүлдені қанағат тұт­тым.

– Жетістік деп осыны айт!

– Ұмытып барамын. 2014 жылдан бас­тап 2024 жылға дейін Өзбекстан чем­пио­на­тында ешкімге дес бермедім. 10 жыл бойы мен күрескен салмақ бойынша жа­сөс­пірімдер, жастар, U-21, содан соң ере­сек­тер арасында Өзбекстан чемпионы ата­­­ғын қорғап келдім.

– Қоржыныңызда тек Олимпиада жүл­десі жетіспей тұр екен ғой.

– Иә. Бұйырса, оған қол жеткізу үшін де әрекет етемін. Олимпиаданың өтуіне 4 ай ғана уақыт қалды. Жүлдегерлер қата­ры­на ілініп, тарихты тағы бір рет жаңарту үшін тырысып-бағамын. Қолымнан кел­ге­нін істеймін. 

– Дейтұрғанмен, жыл сайын чем­пион­дық атақты қорғап қалу да оңай емес шы­ғар. Ел чемпионатында басты фа­ворит сіз бол­ған соң, қарсылас­та­рыңыз «Қайтсем де, Ақ­теңгені сұла­туым керек» деп тісін қайрап ке­летіні айт­паса да түсінікті.

– Мен өз ісімді қатты жақсы көремін. Тек жеңуді көздеп барған соң, қарсы­лас­тары­мның прессингі, өзгелердің айтқаны ма­ған анау айтқандай кедергі болып көрін­бей­ді. Бастысы – өз-өзіме деген сенім жо­ғал­­маса болғаны. Мен бұрын 53 келіде кү­ре­сетінмін. Негізі, салмақ қуғанды ұнат­пай­мын. Өзім кішкентаймын әрі арықпын. Сол үшін қумаймын деп шешкен едім. Алай­да Азия біріншілігі мен Олимпиадаға ірік­теу турнирінде 50 келіде белдестім. Биыл да сол келіде бақ сынап, ел чемпио­на­тында жеңіске жеттім.

– Күні кеше Бішкекте өткен тур­нир­дің жөні бөлек. Төртжылдықтың бас­ты додасына жолдама үлестіретін бұл турнирде небір мықты балуандардың жүй­кесі сыр беріп, жарыстан шығып қа­лып жатты. Жолдама түбі сізге бұ­йы­ра­тынын сездіңіз бе, әлде бо­йыңыз­да қорқыныш басым болды ма?

– Бішкекке бармас бұрын, бапкерлеріміз ол іріктеу турниріне біздің салмақта кім баруы мүмкін екенін бағамдап, толық ана­лиз жасайды. Қай елден кім қатысатынын, қар­сыластардың қарымын жіті зерттейді. Біз олар туралы мәліметті 10 күн бұрын біліп, соған қарай дайындық жұмыстарын жүр­гіземіз. Менің салмағымда ең қарымды, ти­тулы көп Солтүстік Кореяның намысын қор­ғайтын балуан қыз Ким Джи Хуан – бас­ты қарсыласым. Ол ересектер арасында әлем чемпионатының финалисі, Азия чем­пионатында талай рет атой салған. Біш­кекте бастапқы айналымдарда сол қызбен боз­кілемде жолығып қалмауды тілеген едім. Онымен финал үшін таласқа түсетін ай­налымда белдесерміз деп ойладым. Алай­да екеуіміздің жолымыз алғашқы айна­лым­да-ақ түйісті. Мен үшін күтпеген жағдай бол­ды. Бірінші кезеңде 6:0 есебімен ұтылып жа­тқан едім. Бізде қай кезеңде болмасын, 10:0 есебі тіркелсе, кездесу аяқталатынын бі­ле­тін боларсыз. Намысқа тырысып, екін­ші кезеңде есепті теңестірдім. 7:7. Ақы­рын­да, белсенді қимылдап, соңғы әрекет жасап, оны ұтып кеттім. 

– Басты қарсыласты ұтқан соң қал­ған белдесуде міз бақпауға тырыс­тыңыз.

– Иә. Ең үлкен қорқынышым бірінші кез­­­­десуде сейілді. Мұндайда жігерленіп, се­німділігің арта түседі ғой. Сосын қалған кез­десулерде жеңіске жететініме 100 пайыз се­німді болдым. Ең титулды спортшыны ұтып тұрып, қалғандарына есе жіберіп ал­сам, ұят болар. Жалпы, менің ол жарыста ұты­­л­уға хақым жоқ еді. Артқа шегінетін жол жоқ. Қайтсем де, ұтамын, жолдаманы қал­­­таға басамын деп бардым. Ал жолда­ма­ны ұтып алған кездегі эмоциямды сөзбен си­паттап жеткізе алмаймын.

Токио Олимпиадасына баруға мүмкіндік бар еді

– Талай жарыста қарсылас шаң қап­тырған сіз мұның алдында өткен Токио Олимпиадасына іріктеу тур­нир­леріне қатысқан боларсыз?

– Иә. Астанада өткен іріктеу турниріне са­­­қадай-сай болып, тас-түйін дайындықпен бар­ғанмын. Шыны керек, 21 жасымда жол­дама алу мүмкіндігі мол еді. Жолдама ұтып алатыныма 100 пайыз сенімді болдым. Алай­да жарыстың басталуына 3 күн қал­ғанда жарақат алып қалдым. Аяғым ісіп, жүре алмай қалдым. Амалсыздан бозкілемге шы­ғып, шама-шарқым жеткенше белдестім. Ақыры, ұтылып қалдым. Сол жеңілістен кейін күресті тастап кеттім. 6-7 ай бойы жат­тығу залына аяқ баспадым. 

– Неліктен? «Енді Олимпиадаға бара алмаймын» деген ой жегідей жеді ме?

– Иә. Мүлде зауқым болмады. Басты до­­­даға бара алмаған соң, шаруа бітті деп ой­ладым. Кейін үйдегілердің «Ешқашан бе­рілме!», бапкерлердің «Тағы тырысып көр­ші. Бәрі жақсы болып кетеді» деп дем беруінің арқасында спортқа қайта орал­дым. Сол жылдың қыркүйегінде жаттығу жұ­мыстарын жалғастыру туралы шешім қа­былдадым. Содан соң қараша айында Өз­бекстан чемпионатында кезекті рет жеңім­паз атандым. Осылайша, спортқа де­ген сүйіспеншілік әрі сенімділік «қайта орал­ды». Расында, туыстарым мен бапкер­ле­рімнің түйсігі алдамапты. Сол чемпио­нат­тан соң Олимпиадаға барып, діттегеніме қол жеткізбей спорттан кетпеймін деп шеш­тім. 

– Өзбекстан тарихында алғаш рет әйелдер күресінен Олимпиадаға жол­дама жеңіп алған атлет ретінде тарихта есіміңіз қалатын болды. Тарихи сәттің ізашары атанған сіздің енді Өзбекстан спортында орныңыз бөлек.

– Расында, бізден ешкім Азия, Олим­пиа­дада медаль алмаған. Қыздардан Олим­пиадаға ешкім жолдама да ала алмаған. Ішім­нен «Ел істемегенді мен істеймін, елдің қолынан келмегенін мен іске асырамын» деп ойлап жүретінмін. Мұның қолымнан келетінін сездім, өз-өзіме сендім. Бардым. Күрестім. Дегеніме жеттім. «Олимпиадаға жолдама алған тұңғыш қызбын», «Жалғыз балуанмын» деп көкірегімді керіп, асыра сіл­теуден қорқамын. Сол үшін де жаңа­лық­тарды көп оқымауға тырысамын. Дегенмен алда іріктеу турнирлері бар. Құдай қаласа, біз­дің қыздар онда ел намысын абыроймен қор­ғап, жолдама ұтып алады деп сенемін. Қа­зақстанға да соны тілеймін. Шыны ке­рек, Бішкекте Жәмила Бақбергенова жол­даманы қалтасына басар деп ойлаған едім. Жұлдыз Ешімова да жақсы күрескен. Екі Олим­пиадаға қатысқан мықты атлет. Алай­да қазақстандық балуан қыздар жолдама ие­лене алмады. Бұйырса, бола жатар. 

– Соңғы екі күн бойы қазақстандық БАҚ-тың сіз туралы жарыса жазып жат­­­қа­нын оқи алдыңыз ба?

– Жоқ, оқи алмадым. Бішкекте іріктеу тур­нирі аяқталған соң тамақтануға барған едік. Өзбекстан мен Қазақстан құрамасы бір-біріне жақын отырды. Қазақстандық ко­мандадағы ағайлар мені бұрыннан та­ни­ды. Олардың қасында отырған бір кісі «Сен қазақсың ба?» деп сұрады. «Иә» деген едім, артынша руымды сұрады. Сосын ви­деоға түсіп, бір-екі сұрағына жауап беруімді өтін­ді. Мен ол кісіні бапкер екен деп ойла­дым. Ол кісі әлгі видеоны интернетке жүк­тесе керек. Өзім көре алмадым, алайда туыс­тарым көріпті. 

– Қазақстанда сізге жанкүйер бо­лып, тақымын қысып отырған қан­дас­тарыңызға не айтар едіңіз?

– Менің жеңгенімді қалап, маған тілек­тес болып отырған баршаңызға шексіз ал­ғысымды білдіремін! Ара-тұра пікірлерді оқып қалсам, көпшілік «Жоқ, ол – өзбек», «Ол – қарақалпақ», «Жо-жоқ, ол – қазақ» деп жазғандарды көзім шалып қалады. Ме­нің ұлтым – қазақ, тегім – қазақ. Дегенмен мен туып-өскен ел – Өзбекстан намысын қор­ғаймын. Мен ұлтшыл емеспін. Мен үшін біз – бәріміз теңбіз. Қазақ болғанда тұрған не бар? Өзбек болса не болыпты? Бәріміз бір емеспіз бе?! Бәріміз – түркіміз. Туыспыз. Бауыр­мыз. Ағайынбыз. Сол үшін өз ара­мыз­да­ғы достыққа сызат түспесе екен деймін! 

– Әңгімеңізге рахмет! Алла Париж тө­рінде атой салуға жазсын!

Сұхбаттасқан  Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Фото: United World Wrestling сайтынан алынды