Алтыны көптер анық басады
Осы айда алтын құны өсіп, бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті.
Осы айда алтын құны өсіп, бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Жалпы, алтын бір жылда 16,5 пайызға қымбаттаған. Осылайша, әлемнің көптеген жетекші экономикасы алтын жинауға ерекше ден қоя бастағанын байқауға болады. Бұл алтын құнының өсуінің тағы бір қозғаушы күшіне айналып отыр. Жалпы, алтын нарығындағы жағдай қандай? Еліміздегі алтын-валюта резервінде қандай өзгерістер бар? Шолу жасап көрейік.
Алтын доллардан алшақтата ма?
Сәуірде алтынның бір унциясы 2 364 долларға жетіп, бағалы металдың құны жеті сессия қатарынан рекорд деңгейге жетті. Бұған дейінгі тарихи максимум наурызда тіркелген болатын. Әлемдік сарапшылардың пікірі мен шетел басылымдарында жарияланған талдауларға шолу жасасақ, алтынның қымбаттауына шиеленіскен геосаяси ахуал мен АҚШ Федералды резерв жүйесі базалық пайыздық мөлшерлемені төмендетеді деп күткен инвесторлардың болжамы қозғаушы күш болып отыр. Сонымен қатар қор нарықтарының төмендеу қаупі де ықпал етті деген себеп айтылады. Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) алдын ала бағалауы бойынша, қаңтарда әлемдік орталық банктер алтын-валюта резервтеріне 39 тонна алтын сатып алған. Бұл былтырғы желтоқсандағы 17 тонна таза сатып алу көлемінен екі еседен астам асып түсті. Осылайша, әлемнің орталық банктері резервтеріне сегізінші ай қатарынан алтын сатып алып жатыр. Биыл жыл басында алтынды ең көп сатып алған Түркия Орталық Банкі болды. Ел ресми алтын қорын 12 тоннаға көбейткен. Ал Ресей Банкінің алтын қоры 3 тоннаға азайған. Сонымен қатар Қытай бастаған орталық банктер АҚШ долларына тәуелділікті азайту үшін алтын сатып алып жатқаны бағалы металдың аспандауына әсер етіп жатқаны айтылуда. Reuters Қытай Халық Банкі биылғы наурызда алтынды 17 ай қатарынан сатып алып, 160 000 унция қосып, резервін 72,74 миллион троя унциясына жеткізгенін жазды. Ал Capital Economics компаниясы 9 сәуірдегі талдауында Қытай инвесторлары алтынды бағасы төмендеген жылжымайтын мүлік пен акцияларға балама актив ретінде қарастыратыны айтылады. Жалпы, орталық банктер алтынды экономикалық және халықаралық ахуал шиеленіскен кезде қауіпсіздік жастығы ретінде қарастырады. Себебі алтын – тұрақты инвестиция. Пайыздық мөлшерлемелер төмендеген кезде, алтын бағасы өседі, өйткені құйма облигация сияқты активтерге қарағанда сұранысқа ие бола бастайды. Инвесторлар, сонымен қатар алтынды инфляциядан қорғайтын құрал ретінде қарастырады, өйткені алтын құймасы баға өскен кезде өз құнын сақтап қалады. Сонымен қатар алтынның құны ежелгі заманнан бері тұрақтылығымен ерекшеленеді.
«Алтын күшейген дәуірге аяқ басуымыз мүмкін»
АҚШ-қа экономикалық тұрғыдан тәуелді болғысы келмейтін орталық банктер барған сайын доллардан «қашудың» тәсілін қарастырып жатқаны жиі айтылып жүр. JP Morgan зерттеу агенттігінің наурыздағы аналитикалық жазбасына сәйкес, АҚШ-пен одақтас емес елдер санкциялардың әсерін азайту үшін алтын жинай алады. Осылайша, бұл үрдіс алтын бағасының одан әрі шарықтауына әкелуі мүмкін. JР Morgan алтын күшейген дәуірге аяқ басуымыз мүмкін екенін жоққа шығармайды. Өйткені орталық банктердің алтын сатып алуы алдыңғы онжылдықтағы орташа жылдық сатып алудан екі есе көп болып отыр. Moody's компаниясының бас экономисі Марк Зандидің айтуынша, мұнай бағасы да өсуде, бұл АҚШ экономикасына қауіп төндіреді. UBS талдау орталығының зерттеуіне сәйкес, мұнай бағасының өсуі инфляцияға байланысты алаңдаушылықты өршітіп, алтын бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Кейбір инвесторлар бағаның өсуіне байланысты спекуляция жасап, оларды одан әрі көтеруге үлес қосып отыр. Кей компаниялар алтын құймаларды, содан соң күміс монеталарды жаппай онлайн сата бастаған. Wells Fargo бағалауы бойынша, қазіргі уақытта компания ай сайын 200 миллион долларға дейін алтын мен күміс сата алады. Желтоқсан айында компания алдыңғы тоқсанда 100 миллион доллардан астам алтын құйма сатқаны белгілі болды. Сондай-ақ алтын саяси белгісіздік кезінде сақтауға болатын дәстүрлі актив екенін атап өткен жөн. Биыл 60-тан астам елде сайлау өтеді, соның ішінде АҚШ-тағы президент сайлауы, Еуропа парламенті сайлауы бар. Геосаяси және экономикалық бұлыңғырлықтың күшеюі алтынның құнды кемімейтінін тағы бір дәлелдеп отыр.
Алтын қорымыздың ахуалы қандай?
Жыл басынан бері еліміздегі алтын-валюта резерві 1,9 млрд долларға өсіп, 1-тоқсанның соңындағы мәлімет бойынша 37,8 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова "Курсивке" берген сұхбатында мәлімдеген болатын. – Әлбетте, АВР-дің өсуіне әсер еткен негізгі фактор – алтын нарығындағы «жарыс» екені даусыз. Осылайша, қарастырылып отырған кезеңде бағалы металдың бағасы 7 пайызға өсіп, бір троя унциясы 2 062-тен – 2 207 АҚШ долларына дейін жетті. Алтын құны осы тоқсанда тек бір рет 2 000 АҚШ долларынан түсіп, 1 990,8 АҚШ долларына дейін төмендеді. Ал алтын бағасының ең жоғары құны 1 троя унциясы 2 210 АҚШ долларына теңелгенде тіркелді, – деді ол. Ұлттық Банктің мәліметінше, алтын нарығындағы құбылмалылық АҚШ ФРЖ-нің мөлшерлемесіне қатысты инвесторлар болжамының өзгеруіне, нарық болжамдарына сәйкес келмейтін АҚШ-тың макроэкономикалық статистикалық деректеріне, сондай-ақ әлемдегі геосаяси жағдайдың өршуіне байланысты болып отыр. Осылайша, нарық бұлыңғырланып, геосаяси ахуал шиеленіскен шақта алтын қорғаныс активі болып қала береді. Еліміз былтыр 120 тонна алтын сатқан. Сондай-ақ еліміздегі алтын өндірушілерден 65,5 тонна алтын сатып алынған. Нәтижесінде, былтыр жыл аяғына қарай резервтегі алтын үлесі 58,4 пайыздан 54,2 пайызға дейін азайыпты. Сонымен қатар Ұлттық Банк сыртқы нарыққа алтын сатуды әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Андрей Чеботарев, экономист-сарапшы:
Тек валюталық резервтерге қарағанда алтыннан көп пайда бар
– Алтын – қай кезде де құнын жоғалтпайтын қорғаныс активі. Әлемде дағдарыс немесе басқа да ойламаған оқиғалар болғанда, алтынның құны өседі. Яғни, шартты түрде айтар болсақ, әлемде қиын жағдайлар бола қалса, АҚШ көптеген доллар басып шығаруы мүмкін, сөйтіп оның құны арзандайды. Ал алтын, сәйкесінше өседі, өйткені ол әрқашан абсолют бағаға ие. Яғни, бұл – нақты актив. Қазақстан қордағы алтын үлесі бойынша әлемде алғашқы орындардың бірін иеленеді. Яғни, резервтердегі алтын үлесі бойынша алғашқы 10-дыққа кіреміз. Меніңше, бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бұл біздің болуы мүмкін дағдарыстарға дайындалғанымызды көрсетеді. Сондай-ақ стратегия өзінің сәтті екенін байқатып отыр, өйткені троя унциясы 2 мың доллардан жоғары бағаланып, тарихта алғаш рет алтынның құны абсолютті максимум мәнді көрсетті. Осылайша, қайта есептеулер бойынша еліміздің портфелі өсті. Бұл да – өте жағымды жаңалық. Негізінен, алтын қашан да құнын жоғалтпайтын қорғаныс активі. Алтын абсолют баға деп саналады. Сондықтан алтын қоры резервтің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, қажет болған жағдайда біз оны жұмсай аламыз. Яғни, тек валюталық резервтерге қарағанда алтыннан көп пайда бар.
Осылайша, геосаяси бұлыңғырлық сейілмей тұрғандықтан, алтынның құны асқақтап отыр. Оған басқа да қосымша факторлар қосымша күш беруде. Ұлттық Банк сыртқы нарыққа алтын сатуды әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Жалпы, шетел сарапшылары қазіргі жағдайға байланысты алтынның күні туып келеді деген пікірді алға тартып отыр.