Ынтымағымыз жарасқан
Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістігі – тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасы десек қателеспейміз.
1995 жылғы 18 қазанда 1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні деп жариялау туралы бұйрыққа қол қойылып, мемлекетіміз Еңбекшілер күнін тойлаудан біржола бас тартты. Осылайша, мереке таптық сипаттан ұлттық сипатқа ауысты. Соның арқасында халықтар біте қайнасып, бір-бірінің әдет-ғұрпына ден қоюға кірісті. Бүгінде 1 мамыр – көпұлтты еліміз үшін дәстүрлі мейрамға айналған. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістігі – тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасы десек қателеспейміз.
Қазақстанның көпұлтты мемлекетке айналуы бұл – бірнеше көші-қон толқындарының нәтижесі. Столыпин реформалары кезінде елімізге жер-жерден славян халықтары көшіп келді. Сталиннің тұсында тұтас ұлттар Қазақстанға жер аударылды. Оларды вагондардан кең далаға түсіріп кеткенде, қазақ отбасылары өздерінің мұқтаждықтарына қарамастан қонақжайлық танытты. Шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен ел осында өсті, өнді, ұрпағы жалғасты. Сол кісілердің көбі Қазақ жерінде тұрақтап қалды. Тарихқа көз жүгіртсек, ХХ ғасырдың басында Қазақстанға Беларус, Ресей және Украинадан 1,1 млн адам келген, ал 1930-жылдары ұжымдастыру барысында 256 000 мүлкі тәркіленген 1,2 миллионға жуық адам өнеркәсіптік нысандарды салуға жіберілген. Соғыс кезіндегі жер аударулар – өз алдына бір тарих. Кезінде тағдыр тауқыметін тартып, қызыл империяның тепкісімен қазақ даласына жер аударылған диаспоралар бүгінде қазақ халқының төңірегіне топтасып отыр. Қазақтың тілін, салт-дәстүрін меңгерген өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді. Әлемдегі құбылыстарды зерделей қарасақ, бейбітшілік мен тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін арттыра түсетін жағдаяттар аз емес. Жаһандық аумалы‑төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгіліп, бірлігі сөгілген елдердің саны артып келе жатқанын да байқауға болады. Әсіресе, жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Сондықтан бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде тұрақтылықтың сақталуы ауадай қажет. Кешегі Кеңес Одағынан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кетпеген, керісінше жаңа мемлекетте жаңаша түлеп, ұлттар арасындағы ыстық ықыластықты дәріптеуге бет алған 1 Мамыр мерекесін жаңғыртудың түпкі мәнісі осы – бірліктің, ынтымақ пен берекенің игілігіне шақыру деп білген ләзім.
Насрулла ШАНАЗАРОВ, Қазақстан Президентінің Іс басқармасы Медициналық oрталығы ауруханасы директорының Стратегиялық даму, ғылым және білім жөніндегі орынбасары, «Фотодинамикалық терапия» орталығының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер-онколог:
Бес саусақ жұмылса – жұдырық
– Мен үшін Отан – ата-бабамның кіндік қаны тамған, мен туып-өскен, өнген жер. Топырағына аунап, ауасын армансыз жұтқан кең-байтақ Қазақстан – менің мәңгі Отаным. Қазақтың жері кең, көңілі одан да кең. Шетелге барсам, елімнің ауасын, нанын, асылған етін аңсап келемін. Өзім қазақтың асылған еті мен бауырсағын сүйсініп жеймін, қымызы мен шұбатын рахаттана ішемін. Қазақтың ұлттық тағамдары өте дәмді әрі пайдалы. Қазақтың етін жақсы көрмейтін этнос жоқ шығар. Елімізде бір шаңырақ астына топтасқан, ауызбіршілігі жарасқан өзге ұлт өкілдері 1 мамыр мерекесін айрықша күтеді. Мен де мерекеге орай өзімнің бір ауыз жылы лебізімді білдіргім келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Еліміздің басына бұлт төнбесін, әрқашан күн сөнбесін. Соғыстың бетін аулақ қылсын. Халқымыздың өзара түсіністігі нығайып, достығымыз мәңгі жасай берсін! Қазақ «Бір қолдың бес саусағы жұмылса ғана, жұдырық, жеке тұрса, қылдырық» дейді. Іргемізді бекітіп, берекемізді бекемдей түссек, сыртқы жау мен ішкі даудан аман болатынымыз анық.
Светлана ВУНДЕР, «Дарын» лицей-интернатының мұғалімі:
Германияға көшпей, Қазақстанда қалдым
– Мен Жамбыл облысы Сарысу ауданы Байқадам ауылында туып өстім. Отбасында төрт ағайынбыз, екі ағам, бір әпкем бар. Ата-әжем сонау 1939 жылдары Поволжье мен Сібірден күшпен қоныс аударған 1 миллионға жуық неміспен бірге Қазақстанға келген. Менің ата-бабам Жамбыл облысына көшіп келеді. Әкем Александр таза қазақша сөйледі, қазақ тіліндегі газет-журналдарды, романдарды көп оқитын. Ауылымыз – қазақ ұлты көп шоғырланған жер. Немістер бір көшеде тұрдық. Біз қазақ мектебіне бардық, орыс тіліне де жетік болдық. Достарымыздың көбі қазақ болатын. Қазақтарға сіңісіп кеттік. Менің үлкен әпкем белгілі әнші, Мәдениет қайраткері, Жамбыл облыстық филармониясында 30 жыл еңбек еткен – Анна Вундер. Екеуміз бір мектепте оқыдық. Мен қазақтарға көбірек жақын болдым. Қазақ достарым көп болғандықтан, тілді тез меңгеріп алдым. Әпкем филармонияны бітірген соң композитор, белгілі домбырашы Қаржаубай Тілеуқабылға тұрмысқа шықты. Бүгінде 2 ұл, бір қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйіп отырған жайы бар. Аннаны Тараз жұртшылығы жақсы біледі. Ол Қазақстанды, шетелді аралап концерт қойып, халықтың ыстық ықыласына бөленген әнші. Өзім жастайымнан тілге, әдебиетке, педагогикаға жақын болғандықтан мамандық таңдауға келгенде көп ойланбадым. Оның үстіне анам да мені мұғалімдікке баулып өсірді. Әпкем екеуміздің отбасымыз тағдырлас. Қазақстанда туып, қазақ топырағында өсіп-өнгендіктен болар мен де қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Кейін Тараз қаласына көшіп келдік. Бүгінде күйеуім екеуміз мектепте мұғалімбіз. Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Шүкір, немерелеріміз де бар. 1940 жылдары Қазақстанға қоныс аударған 1 миллионға жуық немістің 500 мыңға жуығы 90-жылдары Германияға қайта орала бастады. Олардың ішінде менің әке-шешем мен екі ағам да бар. Туып-өскен жеріміз Жамбыл өңірі табиғаты жайлы, шөбі шүйгін, жері шұрайлы. Осы өңірдің жерін басып, суын ішкеннен кейін әрі әпкем екеумізге қазақ отбасына келін болып түсу бақыты бұйырғандықтан, біз Қазақстаннан кетпейміз деп ұйғардық. Қазақстан маған үлкен отбасын сыйлады, қазақ жігітімен тағдырымды қосып, отау құрып, бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырмын. Егер қазаққа тұрмысқа шықпасам, Германияға, басқа елге көшіп кетсем мүмкін сол жақта қалып қояр ма едім... Қазақ елі менің жаныма тыныштық, бейбіт өмір сыйлады. Тілі басқа болса да – тілегі бір, түрі басқа болса да – жүрегі бір өзге ұлттарды кең құшағын ашып, көкірегіне басып, қонақжайлық танытқан қазақ ұлтына басымды иіп алғыс айтамын. Қиын қыстау заманда өздері жарытып тамақ жей алмай отырған ашаршылық кезеңде Ресей, Кавказ, Поволжье жақтан үдере көшіп келген бірнеше ұлтты бауырына басып, тату-тәтті өмір сүрді. Дастарқанын жайды, қонақ етті. Біз қазақтың керемет қонақжайлығын ешқашан ұмытпаймыз. Әлемде 256 ұлт болса, соның 100-ден астамы Қазақстанда бір шаңырақ астында бейбіт күн кешіп жатыр. Қазақстан әр ұлт үшін құшағын кең жайған мейірімді ана болып қала бермек. Осы бірлігі жарасқан берекелі елдігімізден айырмасын деп тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Іргеміз сөгілмесін, бірлігіміз ажырамасын. Қазағым аман болсын. Тәуелсіз Қазақстан қарыштап дами берсін.
Латиф ПАРПИЕВ, дәрігер-реабилитолог:
Шетелге шықсам, елге тезірек қайтқым келеді
– Мен Кентау қаласында дүниеге келдім. 1995 жылы әкемнің жұмысына байланысты Ташкент қаласына көшіп бардық. Мектепті сол жақта өзбек тілінде бітірдім. Ташкентте он жыл тұрып, Қазақстанға қайта көшіп келдік. Елге келе сала Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың медицина факультетіне оқуға түстім. Университет қабырғасында жүріп қазақша, орысша, түрікше үйреніп шықтым. Студент кезімнен базарда сауда жасап, құрылыста жұмыс істеп ақша таптым. Жұмыста қазақ балаларымен бірге жүріп, қазақ тілін еркін меңгердім. Қазақ тілінің мамандығыма, болашағыма қажет екенін сол кезде-ақ ұқтым. Кейін Астана медициналық университетінде онкорадиолог мамандығы бойынша резидентураны тәмамдадым. Қазір Астана қаласында жұмыс істеймін. Еліміздің өңірлерінен келген емделушілер менің қазақша сөйлегенімді көріп қуанып жатады. Оларға қойылған диагноз, жүргізілетін ем туралы медицина тілінде түсіндіру қиын, сондықтан қарапайым тілмен қазақшалап жеткізсем, риза болып, батасын береді. Өзге ұлт өкілі болсаң да, Қазақстанда тұрған соң қазақ тілін білген жөн деп санаймын. Өзім жұмыс бабымен бірнеше елде болдым. Байқағаным, шетелге шыққан сайын Қазақстанға тезірек қайтқым келіп тұрады. Жақында БАӘ-ге іссапармен бардым, 1 аптадан соң елімді сағынғанымды сездім. Шетелде қазақтарды көре қалсам жөн сұрасып, туысымды көргендей боламын. Жұмыс бойынша шетелден ұсыныстар түсіп тұрады. Шетелдік әріптестеріме білгенімді үйретіп, 2-3 ай жұмыс істеп келуге дайынмын. Алайда шетелде жылдап жүріп жұмыс істеуге, түпкілікті көшуге еш қызықпаймын. Мен үшін Қазақстандағы сәбилерді аяғынан тұрғызу, балалардың денсаулығымен айналысу маңызды. Қазақстан маған өте ыстық. Мен үшін Отан деген өзіңнің шаңырағыңнан басталып, мемлекетіңмен аяқталады. Өз отбасыма қалай қарасам, елімізге де сондай қарым-қатынас жасаймын. Өз үйіңді қалай таза ұстасаң, көшенің, қаланың тазалығына солай мән беру керек. Өзім көшеде қоқыс лақтырған, шылым шеккен, вандализмге жол бергендерді көрсем, «Отаныңды таза ұста» деп ескерту айтамын. Мұны өзімнің міндетім деп білемін. Менің грузин, орыс, қазақ, өзбек, түрік, македон достарым көп. Жыл сайын 1 мамыр мерекесін бірге тойлауға тырысамыз. Дәрігерлерге мереке жоқ дейді ғой, мен жұмыста боламын. Алайда кешкісін уақыт тауып достарымызбен кездесеміз. Кафе, мейрамханада бас қосамыз немесе бәріміз бір үйге жиналып отырамыз. Мен палау басамын, грузин досым кәуап жасайды, қазақ достарым қазы-қарта, шұжығымен қосып ет асады. Бәріміз дайындаған тағамдарымызды дастарқанға қойып, емен-жарқын отырып, мерекені тойлаймыз. Адамның жаманы болатын шығар, бірақ ұлттың жаманы болмайды. Барлығымыз адамбыз. Сондықтан қандай ұлт болсаң да, өзің тұрып жатқан елдің тілін біліп, ұлтына қызмет етіп, халқын құрметтеген дұрыс деп ойлаймын.
Нина МОИСЕЕВА, әнші, саксофоншы:
Қазақстанға «Саржайлау» әнімен танылдым
– Мен Көкшетау қаласында туып өстім. Жастайымнан өнерге жақын болдым, 4 жасымнан биге қатыстым. Сол кезден бастап сахнада билеп, кейін әнге қызығушылығым оянып, мектепте хор әншісі болдым. Тіл үйренуге деген ынтам мені украин тіліндегі өлеңдерді мәнірлеп оқуға алып келді. Кейін саксофонда ойнауды меңгере бастадым. Мұғалімім қазақ әндерін ойнауды ұсынды, қазақтар өз әндерін жақсы көреді, құрметтейді деп ақыл-кеңес берді. Содан маған вокал мен саксофонды біріктіру туралы ой келді. Осылайша «Саржайлау» әнін орындап, бүкіл елге таныла бастадым. Қазір «Япурай», «Саржайлау», «Құстар әні», «Көзімнің қарасы», «Қамажай», «Маусымжан», «Куә бол», «Арыс жағасында», «Әдемі қыз», «Илигай», «Дударай», «Құдаша», «Құсни Қорлан», «Ақ бантик» сынды халық әндерін саксофонмен орындаймын. Халық әндерінде сайын даланың дауысы, халықтың жаны бар. «Өнерім саған, туған ел» деген альбомыма енген әрбір әнді өзім таңдаған болатынмын. Халық әндерінен бөлек қазақша авторлық әндерді де орындаймын. Өзіме ұнаған әндердің сөзін түсініп, жүректен өткізіп айтатындықтан болар, халық жылы қабылдайды. Көрермен көбіне украин қызының қазақша ән салғанына таңғалып, кейде мақтанып жатады. Менің бірінші мамандығым есепші, алайда мен өзіме өнер жақын екенін түсініп, саксофонда ойнауды кәсіби түрде меңгеріп шықтым. Биыл сахнада өнер көрсетіп жүргеніме 12 жыл. Ал қазақ тіліне деген қызығушылығым мектепте басталды. Қазақ тілінен олимпиадаға қатысып І-орын иелендім. Қазақша өте жақсы түсінемін, алайда күнделікті өмірде көп сөйлемегендіктен, ойымды толық жеткізу кейде қиынға соғады. Бірақ соған қарамастан бос уақытымда қазақша фильмдер, сұхбаттар, подкасттар көремін. Мысалы, 2-3 күн жанымдағы адамдар менімен қазақша сөйлессе, көп сөздер есіме түсіп, еркін сөйлесе бастаймын. Басқа тілді үйрену үшін сол тілде қорықпай, қысылмай, ұялмай сөйлей беру керек. Қате сөйлеймін деп тартыншақтасаңыз, тілді үйрене алмайсыз. Яғни, біріншіден практика керек. Екіншіден, қоршаған ортаңыздың қай тілде сөйлегені маңызды. Негізі, мен шетелдіктердің аузынан «қазақ тілі мен орыс тілін үйрену – оңай» дегенді өте көп естимін. Сондықтан Қазақстанда тұрып қазақ тілін үйрену ниеті бар адамға қиын емес деп ойлаймын. Қазақтың әні, тілімен бірге Отанымды да жақсы көремін. Бейбіт елде берекелі өмір сүріп жатқаныма қуанамын, өзімді бақытты сезінемін. 1 мамыр Бірлік күні мерекесімен барша қазақстандықтарды, этнос өкілдерін құттықтаймын. Аспанымыз ашық, жауларымыз бізден қашық болсын. Ынтымағы мен ауызбіршілігі жарасқан еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай деп тілеймін.
Дайындаған Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ