Бес кітаптың таныстырылымы өтті
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ғалым, академик Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа», «Абыздар аманаты», «Тамыр», «Нүкте философиясы» және қырғыз тілінде басылған «Ташқа жазылған тарых» атты кітаптарының таныстырылымы өтті.
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ғалым, академик Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа», «Абыздар аманаты», «Тамыр», «Нүкте философиясы» және қырғыз тілінде басылған «Ташқа жазылған тарых» атты кітаптарының таныстырылымы өтті. Жиынды академик Дихан Қамзабекұлы жүргізді.
Алғашқы болып сөз алған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл жиынның ұлт руханияты үшін үлкен мәні бар оқиға екенін атап өтті. Ол өткен аптада ғана 50 жасқа толған Дархан Қуандықұлының айтулы белесті зор табыспен бағындырып отырғанын айтты. Оның ұзақ жылдар бойы жауапты қызметтер атқарып, Қазақстанның өркендеуіне үлес қосқан мемлекетшіл тұлға екеніне тоқталды. «Дархан Қуандықұлы қандай қызметте, қандай лауазымда болса да қолынан қаламын тастаған жоқ. Бүгін көпшілікке таныстырылып отырған кітаптар соның дәлелі» – деген Мәулен Сағатханұлы ұлт тарихындағы біртуар тұлға Мұстафа Шоқайдың мұрасын дәріптеу азаматтық борышымыз екенін айта келіп, кеш иесінің «Мұстафа» атты кітабына жоғары баға берді. «Мұстафа Шоқай кім деген сұраққа толық жауап беретін кітап», – деді ол. Қалған төрт кітапқа да кезек-кезек тоқталып, олардың қазақ қана емес, күллі түркі жұртының ортақ қазынасына айналатынына сенім білдірді. «Мәулен Сағатханұлының Дархан туралы айтқанына толық қосыламын. Тек «Тамыр» туралы кішкене пікір қосқым келеді. Бұл – Дархан Қыдырәлінің 2014-2022 жылдары Түркі академиясын басқарған жылдарында жазған отыз шақты мақаласының негізінде шыққан кітап. Лев Гумилевтің: «Біздің атамыз – Ұлы Түрік қағанаты, әкеміз – Шыңғыс хан, анамыз – Алтын орда» деген пікірі бар. Бірақ бәрі бірдей олай ойлаған жоқ. Керісінше, бізге сол тарихты ұмыттыруға ұмтылды. Дарханның кітабының құндылығы сонда – ол ғұн, сақ, скиф дәуіріндегі ұлы мемлекеттердің тарихына шолу жасап, тамырымызға үңіледі. «Тамыр» – атына заты сай кітап. Жалпы, Дархан басқарған жылдарда Түрік академиясы көп шаруа тындырғанын атап өткен жөн», – деді белгілі қоғам қайраткері Әділ Ахметов. Классик жазушы Төлен Әбдік кеш иесімен Президент Әкімшілігінде бірге жұмыс істегенін, оның сол кезде-ақ Мұстафа Шоқай идеясына адал болғанын әңгімеледі. Билікте Дархан секілді тарихты білетін, тұлғаларды танитын азаматтардың бар екеніне шүкіршілігін жеткізді. Белгілі қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов Мұстафа Шоқайдың тарихи болмысына тоқтала келіп: «Кітаптың алғысөзінде Әкім Тарази Дарханның еңбекқорлығына тәнті болып, бірқатар елдің архивін сүзіп шыққан тиянақтылығына жоғары баға беріпті. Мен соған қосыламын», – деді. Белгілі ғалым, журналист Бауыржан Омарұлы кеш иесін 5 кітабының шығуымен құттықтай келіп: «Қазақ ұғымында қастерлі саналатын бес қару, бес парыз, бес асыл секілді елге пайдалы құндылыққа айналсын! Дихан Қамзабекұлының Мәшһүр Жүсіптен тамыр тарта отырып, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның қалың кітабына «Әлиханның мес кітабы» деп баға бергенін білесіздер. Сол секілді Дарханның бес кітабы да Мәшһүрдің мес кітабы сияқты қадірлі болсын!», – деп тілек айтты. Жазушы Роза Мұқанова Әкім Таразидің Дархан Қыдырәлінің шығармашылығын жоғары бағалайтынын айтып, әдебиет ақсақалының сәлемін жеткізді. Кітаптар туралы өз байламын айтты. «Атамұра» баспасының директоры Рахымғали Құл-Мұхаммедте жүрекжарды тілегін жеткізді. Жиын соңында кеш иесі бес кітаптың қолға қалам ұстаған жиырма бес жылда жазған дүниелердің жүйеленген жиынтық жемісі іспетті екенін айтып, жиналғандарға алғысын айтты.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ