Жаңалықтар

Қошанов: Қазақстандағы реформалар Қытаймен ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Екі жақты кездесуде экономикалық ынтымақтастықтың жоғары қарқыны атап өтілді.

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат Қытайға ресми сапармен келді. Бейжіңде депутаттар Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Чжао Лэцзимен, Қытай Халық Республикасының Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен және Қытай Халық Республикасы Төрағасының орынбасары Хань Чжэнмен кездесті.

Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесуде тараптар парламентаралық диалогтан бастап екі ел арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастыққа дейінгі көптеген мәселені талқылады.

Мәжіліс спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  бастамасымен жүргізіліп жатқан жүйелі өзгерістер туралы, сондай-ақ Мәжілістің қазіргі қызметі жайлы айтып берді.

Қазақстан депутаттары қытайлық әріптестерінің тәжірибесіне, соның ішінде, жасанды интеллект пен төтенше жағдайларға қарсы күрес саласындағы тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытты.

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне назар аударды.

Өз кезегінде Чжао Лэцзи  парламентаралық ынтымақтастық Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің маңызды бөлігі екенін айтты. Сондай-ақ ол Мәжіліс төрағасының бұл сапары екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.

Тараптар өткен жылдың қараша айында визасыз режим енгізілген сәттен бастап және Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы өткізілуіне байланысты екі ел азаматтарының өзара сапарларының айтарлықтай артқанын атап өтті. Олар мұны үлкен дипломатиялық жетістік деп атады.

Кездесу барысында спикерлер мәдениет, білім беру салаларында да серіктестікті арттыруға мүдделі екендерін айтты. Екі елдің астаналарында Қазақстан мен Қытайдың мәдени орталықтарының тезірек ашылуына ерекше мән берілді.

Кездесу соңында Мәжіліс спикері әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов Қытай Халық Республикасының Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен кездесті. Танымал қытай саясаткері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларына жоғары баға беріп, Қытай инновация мен цифрландыру саласы бойынша әріптестікке дайын екенін мәлімдеді.

Ол Қытай мен Қазақстанның өзара берік қолдауы екіжақты күн тәртібінен әлдеқашан шығып кеткенін ерекше атап өтті. Бұл халықаралық және өңірлік істерде айқын көрінеді. Қытай тарапы Қазақстанның жаһандық ықпалының өсуін және оның халықаралық аренада дауыс беру құқығын арттыруды қалайды.

Ван Хунин жуық арада Қазақстан Парламенті қабылдаған «Ұлттық қор – балаларға» заңының іске асырылу барысына қызығушылық танытты.  

Өз кезегінде Ерлан Қошанов Президент жариялаған экономикалық өзгерістер Қытаймен инфрақұрылымды жаңғырту, өндірісті, банк ісін дамыту және жаңа инвестициялар тарту мәселелері бойынша жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.

Қытай Халық Республикасы Төрағасының орынбасары Хань Чжэнмен кездесуде екі жақты экономикалық ынтымақтастықтың жоғары қарқыны атап өтілді.

ҚХР Төрағасының орынбасары өз сөзінде дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде елдеріміз тату көрші, жақсы дос, сенімді серіктеске айналды. Жаңа алтын 30 жылдықта Қытай мен Қазақстан бар күш жігерін көшбасшыларымыздың келісімдерін іске асыруға бағытталуы керектігіне мән берді.

Бұдан бөлек, делегация мүшелері «SANY Group» машина жасау кәсіпорнының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл – құрылыс және арнайы техника көліктерін шығаратын және сататын әлемдік рейтингтегі төртінші компания.  

Мәжіліс делегациясының ресми сапары ертең Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімші қаласында жалғасады.