Алаяқтар Оқу-ағарту министрінің атынан жалған хабарлама таратып жатыр
ҚР Оқу-ағарту министрінің баспасөз қызметі бұл хабарламаларға қатысты түсініктеме берді.
Алаяқтар Қазақстанның оқу-ағарту министрінің атынан хабарлама таратып жатыр, деп хабарлады turkystan.kz stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
«WhatsApp және Telegram қосымшаларында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың атынан хабарламалар таратылуда. Шын мәнінде, бұл жалған аккаунттар, олармен байланыс орнатып, ұсынылған сілтемелер бойынша өтпеңіздер», - делінген хабарламада.
ҚР Оқу-ағарту министрінің баспасөз қызметі бұл хабарламаларға қатысты түсініктеме берді.
«Соңғы күндері WhatsApp, Telegram мессенджерлерінде оқу-ағарту министрінің атынан түрлі хабарламалар таратылуда. Бұл жалған ақпарат! Оны интернет-алаяқтар таратып отыр.
Өкінішке қарай, алаяқтық схемалар жетілдірілуде және онымен әр адам бетпе-бет келуі мүмкін. Сондықтан сақтық танытып, жеке хат жазысу мен телефон қоңырауларын қабылдауда қауіпсіздік шараларын сақтауды өтінеміз.
Жалған ақпаратқа сенбеуге, қаражат аудармауға және күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырамыз», – деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.