Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ұлыбританияның Сыртқы істер министрін қабылдады

Дэвид Кэмерон қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, оның Қазақстанға сапары екіжақты қатынастарды дамытуға тың серпін  беру тұрғысынан мәні зор екенін айтты, деп хабарлады turkystan.kz.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты, соның ішінде энергетика, «жасыл» экономика, қаржы, инновация салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мол әлеует бар екеніне назар аударды.

Өз кезегінде Дэвид Кэмерон қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ Ұлыбритания Премьер-министрі ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы сапарын ықыласпен еске алды.

Әңгімелесу барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету, әсіресе, білім беру саласы мен жастарды қолдау ісіне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев  пен Дэвид Кэмерон өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.