Руханият

Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған көрме ашылды

Көрме 10 мамырға дейін жалғасады.

ҚР Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Қазақстан: халық үндестігі» көрмесі ашылды.

1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы бойынша 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды.  

Көптеген ұлттың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі болатын даңғыл жолды бастап келеді.

Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдерінің ортақ отаны саналады. Этникалық бейбітшілік пен келісім саясаты – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі.

Аталған көрменің басты мақсаты – Президенттік орталықтың музейлік экспонаттары арқылы тұрақтылықты нығайту, ұлтаралық келісім, мәдениетаралық диалогтың қазақстандық үлгісінің жетістіктерін көрсету.

Көрмеде ұсынылған бірегей заттар Қазақстан Республикасының түрлі этностарының тарихи өзара қарым-қатынастарын, олардың ынтымақтастығы мен мәдени қалыптасуына септігін тигізеді.

Тәжік қабырға кілемі – сюзане, түрікмендерің ұлттық папахасы немесе гүлдермен кестеленген орыс халық рушнигі секілді экспонаттар арқылы келушілер түрікмен, өзбек, әзірбайжан, беларусь, орыс, корей және басқа халықтардың ұлттық киім, ыдыс-аяқ, кілем тарихымен жақынырақ таныса алады.

Көрмеде Президенттік орталықтың киімдер, кілем және киіз, жұмсақ инвентарь, кәдесыйлық бұйымдар, ыдыс-аяқ, бейнелеу өнерінің туындылары және материалдық мәдениет заттары топтамаларынан 200-ден астам музейлік құндылықтары ұсынылған.

Әр этностың еліміздің дамуына қосқан үлесі – бұл өз жерінің дамуына қосқан үлесі.

Көрме 10 мамырға дейін жалғасады.