Қалибек Қуанышбаев атындағы театрға ұлттық мәртебе берілді
Отыз жылдан аса тарихы бар театр 1991 жылы ашылған болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына ұлттық мәртебе берілді. Отыз жылдан аса тарихы бар театр 1991 жылы ашылған болатын. Театр шымылдығы Ғабит Мүсіреповтің "Ақан сері – Ақтоқты" спектаклімен ашылды. 1993 жылы Қалибек Қуанышбаевтың 100 жылдығы құрметіне орай театрға актер есімі берілді. 2011 жылы 14 желтоқсанда өнер ордасына "академиялық театр" мәртебесі берілді. Театр ұжымы өзінің алғашқы жүлдесін 1996 жылы Уфа қаласында Түркітілдес мемлекеттер арасында өткен Халықаралық "Туғанлық" театр фестивалінде алды. Мемлекет басшысы жарлыққа қол қойған күннен бастап театр "Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры" деп аталады.