Жаңалықтар

«Сенен раушанның иісі аңқиды»: Нүкенова қаза болған күні мейрамханаға келген әйелден жауап алынды

коллаж: turkystan.kz

Куәгер 9 қараша күні “BAU” мейрамханасына экс-министрдің шақыруымен келген.

Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың сотында Гүлнар Насырбековадан жауап алынды, деп хабарлады turkystan.kz порталы stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Гүлнар Насырбекованың сөзінше, мейрамханаға келген соң Бишімбаев екеуі VIP-кабинкаға жайғасып, әңгімелескен.

“Бишімбаевпен бірге гольф ойнап, спортпен айналысқанбыз. Бізді командалас десе де болады. 9 қараша күні BAU мейрамханасында кабинкада отырдық. Ол менен жүргізіп жүрген блогым туралы сұрады. Сосын гольф турнирі мен балалар тақырыбында сөйлестік", – деді Насырбекова.

Наcырбекованың айтуынша, сол уақытта Бишімбаев үш рет сыртқа шығып келген.

“Оның үстінен спирттің иісі шықпады. Онда бәрі жақсы болды. Мейрамханада бір жарым сағаттай болдым. Мейрамханадан тағы бір ер адамды көрдім”, – деді куәгер.

Сондай-ақ ол "айтпақшы, сенен раушан гүлінің иісі шығады" деген хабарламаны Бишімбаевқа арнамағанын жеткізді. 

“Кездесуден кейін құдағиымның туған күніне дайындалып, роза гүлін сатып алдым. Сосын оған "айтпақшы, сенен раушан гүлінің иісі шығады" деген хабарлама жібердім. Маған Бишімбаевтан қоңырау түскені туралы хабарлама келді. Оны "Куандик" деп жазып алдым. Ал құдағиым Алена "Кудаги" деп жазылған. Мейрамханадан шыққанда Әйгерім (досым) екеуміз торт пен гүл сатып алуға тоқтадық. Фотоға түсіріп, құдағиыма хабарлама жазып жібердім. Мен мұны өзімнің Алена құдағиыма жібердім, өйткені біз оған гүл алған едік", — деді Насырбекова.

Прокурор Айжан Аймағанова хабарламаның келешек емес, өткен шақта жазылғанын, осылайша куәгердің берген жауабына күмән келтіретінін айтты.

Куәгер Бишімбаевтың шампан әкеліп оны құйып бергенін және бокалға "жай ғана ернін тигізгенін” айтты.

"Бишімбаев маған адам ретінде қызық емес. Біз дос та емеспіз, бейтаныс адамдармыз", –деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін, сотта Бишімбаевтың телефоны тексеріліп, оған Гүлнар Насырбековадан келген "сенен раушанның иісі шығады” деген хабарлама оқылған еді.