Саясат

Ерлан Қошанов: Жаңа заң жобасы қоғамды құмар ойындарға тәуелділіктен тиімді қорғауы керек

Бұл - біздің қоғамдағы құмар ойындарға тәуелділікпен күресуге бағытталған маңызды қадам.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов кеше Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі туралы заң жобасының маңызына тоқталып өтті.

"Бұл - біздің қоғамдағы құмар ойындарға тәуелділікпен күресуге бағытталған маңызды қадам.

Осы мәселеге халық қатты алаңдап отыр. Статистикаға сәйкес, 400 мыңға жуық қазақстандық ойын мекемелерінің тұрақты тұтынушылары екен. Бұл тек ресми тіркелгені ғана. Құмар ойындарға тәуелділік көптеген қылмыстың себебіне де айналды. Отбасының ойран болуына, өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізуде.

Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы сессия аяқталғанға дейін құмар ойынға тәуелділікті азайту үшін қатаң шаралар мен жаңа заң қабылдауды тапсырды", – деді Е.Қошанов.

Мәжіліс төрағасының мәлімдеуінше, депутаттар әзірлеген түзетулерде қоғамды осы дерттен сауықтыратын мынадай нақты ұсыныстар қамтылған.

1. Букмекерлік кеңселер мен казиноларды жарнамалау барынша шектеледі. Ғимараттарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, ресми интернет-ресурстарда және SMS хабарламаларда құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салынады. Мұндай жарнамаға тек спорт ғимараттарында, спортшылар мен спорт іс-шараларына арналған ақпарат көздерінде рұқсат етіледі.

2. 25 жасқа толмағандарға, сондай-ақ бірыңғай реестрде тұрған борышкерлерге құмар ойындарына қатысуға рұқсат етілмейді.

3. Электронды және онлайн казиноларды ұйымдастыру енді қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.

4. Тыйым салынған санаттардың құмар ойындарға қатысуына рұқсат бергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Бұл - қарастырылып жатқан нормалардың бір бөлігі ғана. Заң жобасы бойынша жұмыс әлі де жалғасады.

"Екінші оқылымға дейін депутаттар бүгін жалпы отырыста айтылған барлық ұсынысты зерделеп, сарапшылардың, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің және барлық мүдделі тұлғаның қатысуымен енгізілген түзетулерді талқылап, пысықтауы тиіс. Жаңа заң жобасы қоғамды құмар ойындарға тәуелділіктен тиімді қорғауы керек", – деді Е.Қошанов.