Тайқазан

Жол апатына түскен соң «ақылды сөмке» ойлап тапқан 12 жастағы Айтуар

Айтуарға «ақылды сөмке» жасау идеясы мұқтаждықтан туындаған.

Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында ерекше сөмке жасап, талайды таңдай қақтырған оқушы тұрады. Ол жасап шығарған «ақылды сөмкенің» өзге сөмкелерден айырмашылығы – оны пультпен басқарып, жүргізуге болады.

Айтуар Советбек – Шымкент қаласының тумасы, кейін отбасымен бірге ауылға көшкен. 3 қыздан кейін дүниеге келген Айтуар – бүгінде Төрткүл жалпы орта мектебіндегі озат оқушылардың бірі.  

Анасы әрі сынып жетекшісі Нұргүл Абдрашқызының айтуынша, Айтуарға «ақылды сөмке» жасау идеясы мұқтаждықтан туындаған.

«Отбасымыз үшін өте ауыр жағдайды бастан кештік. Ана ретінде мұны дұшпаныма да тілемеймін. Екі жыл бұрын Айтуармен жол апатына түстік. Баламда ашық жарақат болмағанымен, ішкі ағзасы зақымданған. Яғни, қатты соққыдан көкбауыры жыртылып, ішіне қан кетті. Жедел ота жасап, екі күн балам жансақтау бөлімінде жатты. Қан мөлшері төмендеп, жағдайы нашарлап кеткен соң дәрігерлер қан құйып, баламды аман алып қалды», – дейді Нұргүл Игілікова.

Дәрігерлер 12 жастағы Айтуарға ұзақ уақыт ауыр зат, тіпті кітап-дәптер көтеруге де болмайтынын ескерткен. Ал сабақтан қалғысы келмеген оқушы тығырықтан шығатын жолды өзі тапқан.

«Айтуар – үздік оқушы. Ауруханадан шыққан соң денсаулығың түзелгенше үйде оқисың деген едім. Кейін  асқан ыждаһаттылықпен бір затты жасап отырғанын байқадым. Сұрап едім, біткен соң бәрін түсіндіріп, айтамын деп қысқа қайырды», – дейді анасы.

Білімге құштар бала үйдегілеріне сабақтан қалғысы келмейтінін жеткізіп, пультпен жүретін сөмке әзірлеп жатқанын айтады. Ойы зерек, өзі алғыр Айтуардың бұл ойын ата-анасы да құптаған. Әсіресе, анасы қолдау білдіріп, ол сөмкенің сыртқы пішінін үйлестіруге көмектескен. 

«Идеясын естіген бойда қолдадым. Өзім көркем еңбек пәнінен сабақ беремін. Содан жобаның кем-кетігін толықтыруға атсалыстым. Сөмкені жасау кезінде қиындықтар болды. Мысалы, сөмкені жүргізу механизмін енгізуде біраз қиналғанымыз бар. Жасауға 4-5 күн кетті. Бастапқыда Айтуар оны қағаз, картоннан жасап көрген. Пластмасса жәшігін, одан басқа бірнеше материалды пайдаланып, тиімділігін тексерді. Ең бірінші сөмке пластмассадан жасалды», – дейді Нұргүл Абдрашқызы.

Осылай анасы мен баласы бірігіп, пластмасса материалынан жасалған сөмке әзірлеп шығарды. Жас өнертапқыш кітап-дәптерін салып алып, сөмкемен мектепке дейін барған. «Ақылды сөмкені» көрген қатарластары таңданысын жасырмай, оған баспалдақпен көтеріліп-түсуге көмектескен.

Анасының айтуынша, талғамы биік, мақсаты айқын Айтуар сабақтан қолы қалт етсе, спорт секцияларына қатысып, вокалмен айналысады. Сонымен қатар ол жылқыға мініп серуендегенді жаныц сүйеді екен. Әрі ол әкесіне 5 гектар алқапты алып жатқан алма бағын күтіп-баптауда қолғабыс етеді де. Әрі жазғы каникулда медреседе дәріс алады.