2,5 МЫҢ КӘСІПКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ШЕКТЕГЕН 18 КЕДЕРГІ  ЖОЙЫЛДЫ

2,5 МЫҢ КӘСІПКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ШЕКТЕГЕН 18 КЕДЕРГІ  ЖОЙЫЛДЫ

2,5 МЫҢ КӘСІПКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ШЕКТЕГЕН  18 КЕДЕРГІ  ЖОЙЫЛДЫ
ашық дереккөзі
  Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз етудің 12 жобасын әзірлеген. Бұл мәселені облыс прокуратурасында құрылған Консультативті кеңестің кезекті мәжілісі талқылады. Халықтың сенімін арттырудың бірден-бір жолы – азаматтардың өтініштерін сапалы қарау арқылы, олардың құқықтарын қорғау болып табылады. Осы мақсатта облыс прокуратурасы «Тиімді шағымдар қоғамы» атты жобаны іске асырып келеді. Жоба іске асырылған 3 айдың  ішінде прокуратура органдарына түскен өтініштердің саны 30,8%-ға немесе 2799-ға азайған. Ал ағымдағы жылдың 2 айында 1425 өтінішке төмендеген. Бұл жұмыс ҚР Бас Прокуратурасы тарапынан оңды бағаланып, тәжірибені республиканың барлық аймақтарында қолдануға ұсыныс білдірілген. Бүгінгі таңда облыстың әрбір 16-шы тұрғыны кәсіпкер болып табылады. Ал Елбасының «Қазақстан 2050» Стратегиясына сәйкес, кәсіпкерлердің саны екі есеге өсуі болжанып отыр. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және мемлекеттік органдарға халық сенімін қалыптастыру мақсатында, облыс прокуратурасының бастамасымен кәсіпкерлер палатасы, саяси партиялар және өзге де уәкілетті органдармен бірлесе «Оңтүстік Қазақстан облысы – кәсіпкерлерге қолайлы аймақ» жобасы жүзеге асырылып келеді. Аталған жобаны жүзеге асыру барысында 2,5 мың кәсіпкердің құқығын шектеген 18 түрлі кедергілер (жер, құрылыс, сәулет т.б. салалар бойынша) жойылған. 19 кәсіпкерге 1 млрд теңге көлеміндегі  ауылшаруашылығы субсидиясы төленген. Осы және басқа да прокурорлық қадағалау жұмыстарының нәтижесінде, соңғы жеті жылдан бері бірінші рет (2016 жылдың қорытындысы бойынша) Шымкент қаласындағы қылмыстылық деңгейі 7 пайызға төмендеп, қазіргі таңда оның құлдырау көрсеткіші 18 пайызды құрап отыр. Осындай танымдық әрі құнды мәселелерді қамтыған Консультативті кеңестің мәжілісін облыс прокурорының орынбасары М.Әлімбеков жүргізіп, оған облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, облыс мәслихатының депутаттары Ш.Жамалбек, Қ.Балабиев, Қ.Молдасейітов, славян мәдени орталығының төрайымы М.Лимаренко, «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығының төрағасы Л.Асанов, облыстық корей этно-мәдени қауымдастығының төрайымы Р.Пак қатысты.  

Сейітхан Зеберханұлы