Жаңалықтар

Вильнюсте қазақ киносының күндері өтті

Қазақстанның Литвадағы Елшілігі «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының техникалық қолдауымен қазақ киносының негізін қалаушы Шәкен Аймановтың 110 жылдығына және кинокомпанияның 90 жылдығына арналған Литва астанасында Қазақстан киносының күндерін ұйымдастырды.

Фильмдердің көрсетіліміне Литва Парламентінің (Сейм), дипломатиялық корпустың, БАҚ-тың, қазақ диаспорасының өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлады turkystan.kz.

 

Фильмдер көрсетілімін ашқан Елші Тимур Оразаев екі ел арасындағы тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарды және мәдени үдеріске азаматтардың өзара мүдделілігін атап өтті. Қазақ даласы тарихта әртүрлі этностардың баспанасы болғаны, XIX-XX ғасырларда қоныс аударушыларды, жер аударылғандарды және қуғын-сүргінге ұшырағандарды қабылдағаны, олардың арасында бірнеше мың литвалықтар болғаны атап өтілді. Қиын-қыстау заманда қазақ халқы қашанда көмек қолын созып отырған, бұл қоғамымызды көпұлтты және көпконфессиялы етті. Астананың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу орны – заманауи және күрделі әлемдегі бірегей диалог алаңына айналуы кездейсоқ емес. «Дала дауысы» фильмінің көрсетілімі Қазақстанға тән тарихи драманың мәнін дәл жеткізеді.

Сейм вице-спикері Йонас Ярутис Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің оң тәжірибесін атап өтіп, саяси қуғын-сүргін және қазақ даласына депортация жылдарында жер аударылған литвалықтарға көмектескені үшін халқымызға алғысын білдірді.

Екінші күні литвалық көрермендерге ұсынылған «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмі Ілияс Есенберлиннің әйгілі «Көшпенділер» романының желісі бойынша түсірілген және алғашқы қазақ мемлекетінің құрылуы белсенді жүріп жатқан XV ғасырдағы оқиғаларды қамтиды. Фильм көрсетілімі Жошы Ұлысының 800 жылдығына және биыл 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5 Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына орайластырылып отыр.

Литва көрермендері қазақ киносының өнімдерімен қызығушылықпен танысып, қазақ киносының эволюциясын көрсететін «Қазақфильм» мұрағатына виртуалды түрде қол жеткізді.