«Mizam» базары тікелей тауар өндіруші өнімін ұсынады
«Mizam» базары тікелей тауар өндіруші өнімін ұсынады
Алматы қаласы халқы үшін сауда орындары артықтық етпейді. Себебі жылдан жылға қала аумағы кеңейіп, тұрғындарының саны артып келеді. Осыған орай, Солтүстік айналма көшесі бойында қоныс тепкен «Mіzam» көтерме және бөлшек сауда орталығы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен тұсауын кесті.
Бұрын қала жұрты көтерме тауар алу үшін «Алтын орда» базарына жол тартатын. Сауда нүктесіне жеткенше көлік кептелісі зәрезап қылатыны жасырын емес. Пайдалануға берілген сауда орны тұтынушылар үшін сапалы әрі арзан тауар ұсынумен қатар, үздіксіз жұмыс істейді. Жаңа үлгідегі «Mіzam» базары – экологиялық таза жоба, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндрушілерден тұтынушыға тікелей жеткізілетіндігімен ерекшеленеді. Ең бастысы, бұл орталық қала тұрғындарымен қатар облыс халқы үшін де ыңғайлы.
Сауда орталығының ашылу салтанатының тұсаукесер салтанатында қала тұрғындарын құттықтаған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов: «Ашылып отырған сауда орталығы экологиялық таза жоба болып табылады. Азық-түлікті сатудың мұндай әдісін Францияның әлемге танымал «Ранжис» нарығының тәжірибесіне сүйене отырып қолға алып отырмыз. Бұл өнім өндірушілер үшін өте ыңғайлы әрі тиімді. Өйткені, арада делдалдар болмайды. Өз өнімін тұтынушыға тікелей өткізе алады», – дей келе, мемлекет пен жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асып отырған жобаның табысты болуына тілектестік білдірді.
Бұдан кейін қала әкімінің орынбасары жаңа сауда орталығының жеміс-көкөніс, ет павильондарымен танысып, өнімнің сапалы, халық денсаулығына қауіпсіз болуы аса маңызды екендігін ескертті. Яғни, ветеринарлық-санитарлық зертхана жұмысы басты назарда болуы шарт екендігін айтты.
Бір айта кетерлігі, жаңа сауда орталығы толығымен жеке инвестордың қаражатына салынған. «Mіzam» көтерме-бөлшек сауда орталығының басшысы Досмұхан Керімбаевтың айтуынша, бұл орталықтың құрылысы былтыр қолға алынған көрінеді. Барлық жағынан өркениетке лайықталып салынған жаңа базардың жалпы құны 3,1 млрд теңгені құрайды. Ал осы жоба үшін 1,5 млрд теңге инвестиция құйған. Қазіргі таңда сауда орталығы екі мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыса, дәл қазір 300 адам сауда орындарын жалға алу арқылы жұмысқа ие болып отыр.
«Бұл базарды ашу барысында біраз зерттеу жүргіздік. Содан халықтық базар ашуды жөн санадық. Кез келген тұтынушы сапалы тауар сатып алғысы келеді. Осы тұрғыда сатушыларға да, сатып алушыларға толыққанды жағдай жасадық деп ойлаймын. Себебі сауда орны тікелей тауар өндірушілермен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Біздің ең басты ерекшелігіміз – өнім өндіруші өз өнімін сатушыға тікелей сата алады. Әрбір сауда орталығының өзіндік заңы, ерекшелігі болады. Бізге келген сатушылар 3 айға дейін тегін тұрады. Осы уақыт ішінде тұрақты тұтынушы жинап үлгереді деп ойлаймын. Ал әрі қарай айына 30 мың теңге төлеп, саудасын жүргізе береді. Жұмысты бастар алдында Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының, жеті ауданның әкімдерімен кездесіп, меморандумға қол қойдық. Бір ауданның өзінен 30-35 өндіруші бірлесе еңбек етуге ықыласты екендіктерін білдірді», – дейді Досмұхан Керімбаев.
«Mіzam» көтерме-бөлшек сауда орталығының басшысы Досмұхан Керімбаевтың пікірінше, мұндағы тауар бағасы да шекті мөлшерден аспайды. «Мысалы, алманың келісі қалада 300-350 теңге болса, бізде 250 теңгеден қымбат емес. Еттің де бағасы қалта көтереді. Барлық тауардың сертификаты бар», – дейді.