Қоғам

«Оны әзірге айтпаймын»: Елордада терезеден секірген оқушы туралы тың дерек шықты

8-сынып оқушысы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.

Астанада мектептің төртінші қабатынан оқушы секіріп кетті. Бала қазір ауруханада жатыр, жағдайы ауыр, деп хабарлады turkystan.kz «КТК» арнасына сілтеме жасап.

Жасөспірімнің мұндай қадамға не себеппен барғанын полиция анықтап жатыр. Ал туыстарының өз болжамы бар. Олар баланы басқа оқушылар бопсалаған деп есептейді.

8 сынып оқушысы Бекболат Сайлау ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Қолы, екі аяғы сынған, беліне зақым келген. Дәрігерлер ота жасап, бала бүгін ғана есін жиды.

Бала есін жиған соң ғана мән жайды ата-анасы бүгін біліп отыр.

Туыстары бала буллингтің құрбаны болды деп санайды. «Осы мектепке ауысқалы қысымнан көз ашпай келеді, бірнеше рет үйге беті көгеріп келді» - дейді жақындары. Мектеп басшылығы да осы оқиғадан кейін абдырап отыр. Бекболатты тыныш, сабырлы бала деп мінездеме берген директор «одан мұндайды күтпедік» дейді.

Шошынып қалған оқушылар мен мұғаліммен психологтар жұмыс істеп жатыр. Ал директоры білім ордасында «буллинг болған жоқ» деп азар да безер. Мән-жайды қазір полиция анықтап жатыр. Іс ішкі істер министрлігінің бақылауында.

Бір өлімнен аман қалған оқушы енді ұзақ емделуі керек. Ақ халаттылар таяу арада оның екінші аяғына ота жасауды жоспарлап отыр.