T-Newspaper

Буркина-Фасода білім таратып жүрген Байбол

сурет: turkystan.kz / кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Өз мұғалімдерім секілді әлі оң-солын танымайтын оқушының таным көкжиегін қалыптастырамын, болашағына жол сілтер шамшырақ боламын» деп алға ұмтылған жас маман мұғалімнің жүгі дәрігерден де ауыр екенін алға тартады. Ағартушылықтың таудай миссиясын арқалап жүрген Байболға хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.

«Жақсы ұстаз – шамшырақ» деген нақыл сөз жас маман Байбол Ашуұлына қарата айтылған секілді. Былтырдан бері Африканың батыс өңірінде орналасқан Буркина-Фасо еліне білім шырағын жағамын деп барған ол ел астанасы Уагадугудегі халықаралық мектепте сабақ береді. «Өз мұғалімдерім секілді әлі оң-солын танымайтын оқушының таным көкжиегін қалыптастырамын, болашағына жол сілтер шамшырақ боламын» деп алға ұмтылған жас маман мұғалімнің жүгі дәрігерден де ауыр екенін алға тартады. Ағартушылықтың таудай миссиясын арқалап жүрген Байболға хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.

Буркина-Фасо оқушылары телефон ұстамайды

Мен – Моңғолия Баян Өлгей өлкесінің тумасымын. Алты жасқа толғанымда отбасыммен бірге СҚО-ға қарасты Тайынша ауылына көшіп келдік. Десе де Өлгейде өткізген күндерім әлі есімде. Қыста, күзде қаладағы үйде тұрсақ, жазда қырға, жайлауға көшетінбіз. Ал Тайынша ауылында көпшілік орысша сөйлейтіндіктен, тіліміз орысша шықты. Кейін Петропавлдегі қазақ-түрік лицейіне оқуға түстім. Оны бітірген соң Жезқазған университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алдым. Негізі, оқушы кезімнен тарих пәнінің мұғалімі болуды көздеген едім. Алайда онда ол факультет болмаған соң, заңгердің оқуын оқыдым. Кейін Астанадағы ЕҰУ-дың магистратура бөлімінде тарих факультетінде білімімді жетілдірдім. Содан соң Астанадағы халықаралық мектепке жұмысқа тұрып, онда тарих пәнін ағылшынша оқыттым. Арада үш жыл өткен соң, өз ісіме өз көңілім толмай, жұмысымды ауыстырғым келді. Тіпті, түбегейлі білім саласынан кетемін деп ойладым. Бар себеп – Астанада өзімді пайда тигізер маман ретінде сезіне алмауым. Мұғалімдіктен кетуімнің себебі де осы болды. Себебі мен жұмыс істеген халықаралық мектеп – оқу ақысы қымбат білім ордаларының бірі. Онда ата-аналар 20 мың доллар төлейді. Оқушылар ағылшыншаға судай. Сабақтан бөлек, ментор, репетиторларға жиі барады. Әрі олар шетелге жиі шығады. «Мен оларға бір нәрсе беріп жүрмін бе, менен пайда бар ма?» деген ой маза бермеді. Одан да берерім мол, титтей болса да, өзгеріс әкелетін орынға барайын дедім. Сөйтіп, жұмыстан шығып кеттім. Негізі, мен Африкаға барып, жұмыс істеуді бұрыннан көздеп жүрген едім. Алайда бұл маған орындалмас арман секілді көрінетін. Кейін интернеттен зерттеп қарасам, бұл анау айтқандай қиын іс емес екен. Сол кезде маған бірнеше африкалық мемлекеттен ұсыныс келіп түсті. Бірақ мен әлемдегі ең кедей елдердің бірі, сауаттылық деңгейі едәуір төмен Буркина-Фасо өкілдерінен келіп түскен ұсынысты қабылдауды жөн көрдім. Бұған себеп – жоғарыда айтқанымдай, бар білгенімді үйретіп, балаларға жол көрсетер шамшырақ болу. Астанада діттеген мақсатымды сонда орындауды мақсат еттім.

Қазір Буркина-Фасоның астанасы Уагадугудегі халықаралық мектепте ағылшын пәнінен сабақ беремін. Мұнда да ауқаттылардың балалары оқиды, бірақ Қазақстан мектебімен салыстырғанда мұнда он есе аз төлейді. Мұндағы оқушылар ашық, жарқын. Сені жақын тартады. Алдыңнан шығып, қаумалап алады. Бір қызығы, оларға мектеп түгілі, үйде телефон ұстауға рұқсат етілмеген. Тек каникул кезінде ата-аналары аз уақытқа беруі мүмкін. Дегенмен әлеуметтік желінің не екенін білмейтін, санасы уланбаған олардың көңілі шат, пейілі таза. Оларға қарап отырып, балалық шаққа саяхаттап қайтқандай боламын. Ауылдан шыққан біз де технологияның не екенін білмей өстік қой. Таңнан кешке дейін далада ойнайтынбыз. Бұлар да сондай. Ойнағанды жақсы көреді. Доп тепкенді ұнатады, доп болмай қалса, бөтелкенің ішіне құм салып, бір-бірімен ойнап жүреді. Баланың көңілі далада емес пе? Буыны қатаймай, бұғанасы бекімей тұрған олар не үшін оқуға тиіс екенін түсінбейді ғой?! Менің миссиям – оларға оқудың маңызын түсіндіру. Дейтұрғанмен, баланың ойынға құмар болуы – қалыпты жайт. Бала болған соң, ойнағысы келеді. Мындағы оқушылардың жөні бір бөлек. Күш-қуаты тасып, аулада жүгіріп жүреді. Далада 40 градус аптап ыстық болса да, доп қуалап, ойнап жүреді. Кедей тұрса да, жүзі бал-бұл жайнап, күлімдеп жүрген халыққа қарап қайран қаласың.

Менің мұнда екі сыныбым бар. Елу оқушыға сабақ беремін. Әрі сынып жетекшімін. Балалар, әлбетте ағылшынша білмейді. Оларға ағылшынды нөлден бастап үйретіп жатырмын. Мұнда жергілікті халық сөйлейтін алпыстан астам тіл бар. Қалада тұратындары мен мектепте оқитындары француз тілін біледі. Ал ауылдағылар африка тілдерінде сөйлеседі.  Жоғарыда айтып өткенімдей, оқушылар – өте жігерлі, екпінді. Қатты шулайды. Сабақ кезінде бақылауды мүлт жіберіп алсаң болғаны, тыныштандыру қиынға соғады. Дегенмен олардың көңілін аулау үшін қолымнан келгенді істеймін. Сабақтан тыс кезде үстел теннисін ойнаймыз. Қала берді, доп тебеміз. Ара-тұра менің кабинетіме келіп, шүйіркелесеміз. Мектеп ауласында отырып, әңгіме-дүкен құрамыз. Байқағаныңыздай, мен тек ағылшын тілін үйретуді көздемеймін. Мен үшін тіл үйрету екінші орында. Негізгі мақсатым – олардың көзін ашып, көкжиегін кеңейту. Оқуға, білімге деген құштарлығын арттыруды басты мақсатым санаймын. Буркина-Фасо тұрғын­дары­ның 25 пайызында ғана оқуға мүмкіндік бар. Яғни, мұнда әр бесінші адам ғана сауатын арттыра алады. Мектеп көрмеген ауылдар жетерлік. Кейбір ауданда бес-алты ауылдың оқушылары бір мектепте оқуға мәжбүр. Алайда жол алыс болғандықтан, барлығы бірдей мектепке қатынай алмайды. Айтпақшы, мұнда балаларды жазалауға рұқсат етілген. Оларды отырып, тұрғызып немесе бір бұрышқа тұрғызып қоя аламыз. Балалар айтқан тілді алмаса немесе бұзақылық жасаса, тәрбие ісіне жауапты маманға айтамыз. Ол өзі сыныпқа келіп, жаза тағайындайды. 

Туған күн иесіне су шашады

Мұнда күн тым ыстық. Мен бірнеше ыстық елде болдым. Бірақ бұл жердің ыстығы бір басқа. Ауаның басқа иісі бар. Алғаш рет ұшақтан түскен кезде бірден сезіледі. Алғашында бекер келдім, қалай шыдаймын деп бас қатырғаным бар. Басында үй таба алмай, әлек болдық. Сосын сарай секілді кішкентай үйге тұрақтадық. Онда таракандар мен кесірткелер толып жүретінін айтпаса да түсінікті шығар. Әйелім екеуіміз бастапқыда бойымызды үрей билегеннен, түнімен ұйықтай алмай, әуре-сарсаң болдық. Сол кезде де әлі кеш емес, қайтармыз деп те ойландық. Дегенмен уақыт өте келе бойымыз үйреніп кетті. Қазір кең әрі қолайлы үйімізде кесірткелер жүре береді. Зияны жоқ екенін білген соң, мән бермей жүре бересің. Тек мұнда жарық жиі өшеді. Әсіресе, ми қайнатар ыстықта кондиционер қоса алмай, қиналасың. Мені таңғалдырған бір нәрсе – ұшақпен келе жатқан кезде жер үйлерді көріп, астана маңайындағы ауылдардың үстінен өтіп бара жатқан шығармыз деп ойладым. Ұшақ төмендеген сайын, әлгі жер үйлердің қатары керісінше көбейіп барады. Сөйтсем, мұнда көпқабатты үйлер жоқ екен. Екі млн халқы бар Уагадугуде максимум 20-ға жуық көпқабатты үй бар. Көпшілігі жер үйде тұрады. Байлар коттеджде, кедейлер жатақхана іспетті бірқабатты үйде тұрады. Тағы бір ерекшелігі, мұнда табиғи өнімдер көп. Папайя,  ананас, мангоны көп жейміз. Манго тіпті біздің аулада өседі. Ал ананастың бағасы елдегідей қымбат емес, теңгеге шаққанда шамамен – 300 теңге. Жасыл түсті апельсиндердің іші толған шырын. Олар біз секілді сыртын ашып, жемейді. Қолмен тесіп, сығып, ішіндегі шырынын ішеді. Бір апельсиннен жарты тостаған шырын шығады. Мені тағы бір таңғалдырған нәрсе, олар туған күн иесіне торт бергеннің орнына үстіне шелекпен су шашады. Су тапшылығы қатты сезілетін аймақта өмір сүретін олар судың қатты бағалағаннан туған күн секілді керемет мерекеде мұндайды бағалы әрекетке теңейді деп топшыладым. Сосын қонақ келгенде немесе мереке кезінде екі-үш әйел ортаға шығып, өздерінің биін билейді. 

Буркина-Фасоның басты байлығы – тұрғындары. Кеңпейілді. Мейірімді. Жүздерінен жылылық еседі. Мұнда үш маусым бар. Бірінші маусымда жаңбыр толассыз жауады. Біздегідей бір жауып қоя салмайды. Шелектеп құйғандай, үш-төрт сағат жауады. Ондайда далаға шыға алмайсың. Екінші маусым харматан деп аталады. Ондайда сахараның шаң-тозаңы көтеріледі. Мұндайда да сыртқа шыға алмайсың. Өйткені бетіңе шаң ұшып, көзіңе құм кіреді. Дегенмен олар бұл маусымда күн райы 18 градусқа дейін төмендейді. Сол кезде балалар сабаққа басына бас киім, үстіне күртеше киіп келеді. Ал үшінші маусымда дала аптап ыстық болады. Минимум 40 градус. Мұндай қапырықта да сыртқа шыға алмай қаласың. Мен жұмыстан ерте, күн шыжымай тұрып, келіп аламын. 

Мұғалім – барлық мамандықтың анасы

Менің түсінігімде, барлық оқушы көмекке, қолдауға мұқтаж. Менің мұғалім болғым келгені де сондықтан. Мен – ауыл баласымын. Онда мал бағып жүргенде өскен соң университетте оқимын, үлкен адам боламын, ел көремін деп ойламайсың да. Сосын мектепке барғанда мұғалімдер саған қараңғыда жол көрсеткендей, шартарап әлемнің мың бояуын көрсетеді. Өміріңді түбегейлі өзгертеді. Расымен, тарыдай болып кіріп, таудай болып шығасың. Мен де сол мұғалімдерім секілді нұсқаушы, бағыттаушы болуды көздедім. Сол мұғалімдерім секілді өзгелердің өмірін өзгерте алатын, санасына сілкініс жасай алатын маман болғым келді. Кезінде мұғалімдерім маған қалай жол көрсетсе, мен де солай жөн сілтегім келді. Сондай оймен бас қалаға келдім. Алайда Астанада өзім қалағандай мұғалім бола алмадым. «Өзің қалаған мұғалім қандай ол сонда?» дерсіз. Мен бар уақытымды демеймін, көп уақытымды оқушылармен бірге өткізуді қаладым. Олармен тек сабақ, оқу туралы ғана емес, өмір жайлы да әңгімелескенді жаным қалайтын. Менің мұғалімдерім осындай ашық-жарқын мамандар болды, мен де сондай болғым келді. Алайда барлығы мен ойлағандай болмаған соң, менде диссонанс болды. Өз-өзімді алдағым келмеді. «Өзім қалағандай білім мен тәрбие бере алмай жатсам, мұнда неге жүрмін?» деп көп ойландым. Қайталап айтамын, оқушы кезімнен мұғалім болуды көздедім. Астанада маған балаларды оқытуға керемет мүмкіндік берілді. Бірақ мен ол мүмкіндікті қолдана алмай жүргендей сезіндім. Мектепте жалақым жақсы, оқушылар да талапты әрі тәрбиелі болды. Кейбір түлектер әлі күнге дейін жазып тұрады. Өткенде Ораза кезінде өз аттарынан ақша жинап, осындағы қайырымдылық іске үлес қосты. Мектеп әкімшілігі де жақсы қарады. Олар менің сонда қалғанымды қалады. Дегенмен сонда да бақытсыз күйде жүрдім. «Осы мен біреудің өміріне ықпал етіп, оң әсер етіп жүрмін бе?» деп көп ойландым. Жоғарыда айтқанымдай, қыруар ақша табуды да көздемедім. Астанада айлықты ғана көздеп жүрсем, жалақысы екі-үш есе жұмыс табуға болар еді. Бас қалада жайлы өмір, жақсы орта болды. Дегенмен ішкі талабым күшейіп, «Менің не пайдам бар?» деген сұрақ жегідей жеп, ақыры жұмыстан шығып тындым.

Айта кетерлігі, мен Африкаға альтруист ретінде немесе басқа нәрсені көздеп келгенім жоқ. Мен мұнда эгоистік мақсатпен келдім. Балаларға пайдалы болуды мақсат тұттым. Әлбетте, саяхаттағанды, басқа мәдениетті танығанды кім ұнатпасын? Алайда мен мұнда балалардың өмірін өзгерту үшін келдім. Қазір мұнда елу адамға пайдам тисін деп жүгіріп жүрмін. Алдағы уақытта одан да көп адамға пайдам тисе деймін. Мұғалім – барлық мамандықтың анасы. Біздегі жауапкершілік жүгі зілдей. Біздің миссиямыз дәрігердікінен де ауыр. Себебі адамның болашағы біздің қолымызда. Лицейдегі мұғалімдерім болмаса, қазір қайда жүретінімді болжап-бағамдау қиын. Себебі елдегідей есірткі, ішімдік, жеңіл ақша, азарт арбайтын ортада адасу оп-оңай. Мұндай ортадан мұғалімдеріңнің санаңа «бекітіп» тастаған түсінік, пайымының арқасында аулақ жүресің. Әлбетте, ата-анаңның рөлі де орасан. Алайда негізгі жүк мұғалімдердің мойнында екені баршаға аян. Әсіресе, көп нәрсені көрмеген ауыл баласының шырағын жағу – үлкен жауапкершілік. Мен де алдағы уақытта Қазақстан ауылдарының біріне тұрақтап, жұмысқа велосипедпен барып, ондағы оқушыларға сабақ беріп қана қоймай, армандауды үйреткім келеді. Армандауды үйренген адамның қиялына қанат бітіп, дегеніне жетері сөзсіз. Сондықтан болашақта ауыл балаларының көкжиек танымын кеңейтіп, бар жиған-тергенімді үйреткім келеді.

Жазып алған  Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ