T-Newspaper

Қазақ пен қырғыз қауышқан күн

сурет: turkystan.kz

Жиынды қорытындылаған Ерлан Қарин бұдан былай бұл форумның тұрақты түрде өте­тінін айта келіп, Қырғыз Респуб­ли­касы­ның батыры, көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері Медетхан Шеримкуловтың иы­ғына қазақы дәстүрмен шапан жапты. Қыр­ғыз Республикасының Мемлекеттік хат­шысы Суйунбек Қасмамбетов көрнекті қа­ламгер Төлен Әбдікке дәл осындай құрмет көрсетті.

Кеше елордадағы Конгресс-орталықта  қазақ-қырғыз зиялылары мен шығармашылық өкілдерінің форумы  өтті. Оны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин жүргізді. 

– Құрметті қырғыз бауырлар, қасиетті қазақ жеріне қош келдіңіз­дер! Діні де, салт-дәстүрі де ортақ қырғыз елінің ақсақалдарымен және зия­лы қауым өкілдерімен Астана төрінде жолыққанымызға қуа­ныш­ты­мыз. Біздің бұл келелі кеңесіміз Қырғыз Республикасының пре­зи­денті Садыр Жапаровтың елімізге ресми сапары аясында ұйым­дас­тырылып отыр. Жалпы, бұл сапар бауырлас халықтардың барлық сала бойын­ша байланыстарына жаңа серпін береді, ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтады деп сенеміз. Ал бүгінгі жиында қазақ пен қыр­ғыз­дың тарихына, әдеби-мәдени өміріне қатысты тың пікір, мазмұнды әң­гіме айтылады деп үміттенеміз. Мәжілісімізге Қырғыз Респуб­ли­касының мемлекеттік хатшысы Суйунбек Қасмамбетов қатысып отыр. Суйунбек Сапарбекұлы – қазақ халқының жанашыры, тілеулес тұлға.  Ол ертерек келіп біршама шараға қатысты. Сонымен бірге қырғыз елінің мемлекеттігін нығайтуға атсалысқан қадірлі ақсақалдары мен зиялы қауым өкілдері келіп отыр. «Бармасаң, келмесең, жат боласың» дей­ді қазақ. Екі ел зиялыларының бір-бірімен тонның ішкі бауындай ара­ласуы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтып, дос­тық­тың тінін бекіте түседі, – деген Ерлан Тынымбайұлы екі елдің тари­хын­дағы сәулелі сәттерді еске алды.  Қазақ-қырғыз достығының уақыт­тың талай тезінен өткенін сөз етті. Айтыс өнерінің осы екі ха­лықта ерекше дамығанын тілге тиек етті. Шоқан Уәлихановтың «Ма­нас» жырын жазып алып, әлем әдебиетінің қазынасына қосқанын, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың бір-біріне деген құрметін айта келіп, сол үлгіні бүгінгі ұрпақ та жалғастыру керектігіне тоқталды. Екі елдің қиын сәтте де бір-бірінің қолтығынан демейтін тамаша дәс­түрін еске салды. Мысалы, Бішкекте төтенше жағдай болып, жұрт­шылық тарыққанда Қазақстан алғашқылардың бірі болып қол ұшын созды. Ал елімізде су тасқыны болған сәтте қырғыз бауырлар бірінші бо­лып гуманитарлық көмек жіберді. Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хат­шысы Суйунбек Қасмамбетов риясыз ықы­ласы үшін күллі қазақ жұртшылығына ал­ғыс айтты. Аңыз әңгіме арқылы екі ел ара­сындағы небір түйінді сәттерді шеше білген ба­балардың даналығын дәріптеді. Сөзге тоқ­таған мәрттігінен мысал келтірді. Сол дәс­түр бүгін де жалғасып отыр. Қырғыз елін­де Мұхтар мен Шыңғыстың достығы жа­рия­ланған дүниелерді халық қызығып оқиды екен. Бүгін екі мемлекеттің ынтымақтас­ты­ғын нығайтуға атсалысқан бір топ қазақ­стан­дықтың Қырғыз Республикасының Мем­лекеттік наградаларына ие болғанын тіл­ге тиек етіп, марапат иелеріне құтты бол­сын айтты.  Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұ­хам­бе­тов Энергетика министрі ретінде Үкімет құ­рамында қазақ-қырғыз арасындағы мем­ле­кеттік мәселелерді шешуге араласқан сәт­терін еске алды. Екі елдің туыстығы ортақ мә­мілеге келуге көп септігін тигізеді екен. Ай­көл Манастан кейін қырғыз халқының даң­қын аспандатқан ұлы жазушы Шыңғыс Айт­матовтың шығармаларын оқып өскенін, әйгілі қаламгермен дастархандас болу ба­қы­ты бұйырғанын мерейлене әңгімеледі. «Біз­дің әр кездесуіміз бір-бірімізге жақындата тү­седі. Қош келдіңіздер», – деді Бақтықожа Са­лахатдинұлы. 

Қырғыз Республикасының Президентіне қа­расты Мемлекеттік тіл және тіл саясаты бойын­ша ұлттық комиссиясының төрағасы Ме­лис Муратәлиев қырғыз-қазақ елінің та­мыры да, тағдыры да бір екенін баса айт­ты. Көшпелі тұрмыс кешкен екі елдің әлем өр­кениетіне қосқан үлесі туралы нақты мы­салдар келтіре отырып, мазмұнды әңгіме өр­біт­ті. Қырғыз Республикасында Президент Жар­лығымен Манасты ұлықтау, зерттеу кең жол­ға қойылыпты. Екі ел президенттерінің қа­тысуымен Астанада Манас ескерткішінің ашылуы бауырлас елдерді одан әрі жақын­дастыра түсетініне сенетінін айтты.  Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік қырғыздың қазақ үшін ең жақын ха­лық екенін айта келіп, әлемде туысқан ха­лық­тардың арасында да түрлі кикілжіңдердің бо­лып жатқанын, сондықтан да бірліктің, та­тулықтың туын берік ұстау керектігіне тоқ­талды. Шыңғыс Айтматовпен армансыз ақ­тарыла әңгімелескен сәттерін сүйсіне әң­гімеледі. Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов се­кілді тұлғалардың екі елге де ортақ екенін шегеледі. Ал әйгілі «Манас» жырына деген құр­меті тіпті бөлек екен. «Манас» – әлемдік поэ­зиядағы үлкен құбылыс! Осындай жауһар жырды туғызған қырғыз – қандай құр­метке де лайық. Барыс-келісіміз көбей­сін» – деді ол.  Қырғыздың белгілі ғалымы, филология ғы­лымдарының докторы, академик Абдыл­да­жан Акматалиев: «Біз Манасты айтқанда, қа­зақтың екі тұлғасын қоса айтамыз. Бірі – оны жазып алып, әлем әдебиетінің қазы­на­сына қосқан Шоқан Уәлиханов, екіншісі – Кеңес заманында әйгілі эпосты жаладан аман алып қалған даңқты қаламгер Мұхтар Әуе­зов. Осының өзі-ақ біздің қаншалықты туыс екенімізді көрсетеді», – деді. «Манас» жы­рының кейбір ерекшеліктерін сөз етті. Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаласын көрсетіп, екі ел арасындағы байланысты нығайта беру керектігіне тоқталды. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма­сының төрағасы Мереке Құлкенов қазақ қалам­герлерінің Алатаудың ар жағындағы елдің әрбір қадамын қадағалап отыратынын, тит­тей жетістігіне жүрегі жарыла қуана­ты­нын айтты. «Жәмилә» повесін жазып, жарқ ете қалған жас Айтматовтың қолтығынан де­ме­ген Мұхтар Әуезов туралы айта келіп, Шың­ғыс шығармаларын ән арқылы дәріп­те­ген атақты композитор Ілия Жақановтың ең­бегіне арнайы тоқталды. Оның Қазақ­стан­да ешқандай атақ алмай тұрғанда, ком­пози­тор­ға «Қырғызстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері» атағын берілгенін айтты. «Манас­тың» қазақ тіліне аударылып, 3 том болып ха­лық игілігіне ұсынылғанын жеткізді. «Бір­де Әбіш Кекілбайұлы «Манас» эпосы тура­лы баяндама жасады. Сол кезде Шыңғыс Айт­матов: «Әбіш айналайын, менің жанымды тағы бір төңкеріп тастадың ғой...» деді.  Әлемдегі 37 түркі халқының алтауы­ның ға­на тілі – мемлекеттік тіл мәртебесін алып отыр. Оның екеуі – қазақ және қырғыз тілі. Түр­кітілдес елдердің әдебиеті бір-бірін байы­тып, дамытып келеді. «Таң-Шолпан» жур­налы «Бауырлас елдердің әдебиеті» айда­рымен 2022 жылы қырғыз әдебиетін ауда­рып, жыл бойы жариялады. Қазақ оқырманы қыр­ғыздың 22 қаламгерінің шығармасымен танысты. Бұл үрдіс әлі де жалғасып отыр. Өзге де түркі елдерінің әдебиетін аударып, жа­­­­риялап жатырмыз, – деді Мереке Әбдешұлы.  Тарих ғылымдарының кандидаты Кыяс Мол­докосымов Астана төрінде Манас ес­керт­­кішінің ашылуы қарсаңында екі ел зия­лыларының бас қосып отырғанын жақсы ырымға балады. «Манастың ескерткіші 2024 жылы бой көтереді деп отырмыз ғой, ал расында, ол осыдан 168 жыл бұрын еңсе тік­теген болатын. Ол ескерткішті 21 жастағы Шоқан Уәлиханов тұрғызды. Кейін 1922 жылы 25 жастағы Мұхтар Әуезов оны жан­таласа қорғады. Екінші дүниежүзілік соғыс­тан кейін «Манасқа» тағы жала жабылды. 1952 жылы тағы да Мұхтар Әуезов қорғап қал­ды. Міне, енді сол екі азаматтың ерлігі Аста­нада Манас ескерткішінің еңсе тіктеуіне жалғасып отыр. Қазақ халқына шоң рахмет!» – деді тарихшы.  Жиынды қорытындылаған Ерлан Қарин бұдан былай бұл форумның тұрақты түрде өте­тінін айта келіп, Қырғыз Респуб­ли­касы­ның батыры, көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері Медетхан Шеримкуловтың иы­ғына қазақы дәстүрмен шапан жапты. Қыр­ғыз Республикасының Мемлекеттік хат­шысы Суйунбек Қасмамбетов көрнекті қа­ламгер Төлен Әбдікке дәл осындай құрмет көрсетті.  Жалпы, кездесу жылы рәуіште өтті. Ресми жиынға дейін де шай үстінде қауқыл­дас­қан зиялы қауым өкілдері мәжіліс бітке­сін де бір-бірін қимай әңгіме-дүкен құрып жатты. Туысқан деген осы ғой.