Жұлдыз Сүлейменова: Бұл – халық көптен күткен заң
Осы орайда заңның қабылдануына көп үлес қосқан, қоғамдық және ақпараттық талқылау орталарында түсіндіру жұмыстарына барынша ат салысқан Парламент депутаты Жұлдыз Сүлейменоваға хабарласып, шағын сұхбат құрған едік.
Жуықта елімізде әйелдер құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жаңа заң қабылданды. Президент қол қойған заң екі айдан кейін жүзеге асады. Бұл құжатты негізінде қоғам көптен күткен болатын. Заң қабылданбай тұрып та, қабылданған соң да талқылау өте қызу жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқын қорғау ісіне ерекше мән бергені баршаға мәлім. Бұған байланысты жұмыстар жыл сайын рет-ретімен кешенді түрде іске асырылып келеді. Президент Атыраудағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде де қоғамға зиян бес кеселді көрсетіп, соның бірі ретінде тұрмыстағы зорлық-зомбылықты, буллинг пен агрессияны ерекше атап өткен болатын. Заң қоғамда құқықтық мәдениетті дұрыс қалыптастыруға, барлық азаматтар теңдей дәрежеде өмір сүруге құқылы екенін жан-жақты қамтамасыз ету мақсатында қабылданған. Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты деректер саны жыл сайын көбейіп келеді. Адам денсаулығына жеңіл зиян келтірген бап бойынша қаралған іс соңғы 6-7 жылда 3 есе өскен.
Заңды даярлауға Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл, Ұлттық құрылтай мен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Парламент депутаттары қатысқан. Жаңа заңдағы кейбір баптарды дұрыс түсінбегендіктен әртүрлі ортада алып-қашпа пікірлер де айтылып қалып жатыр. Осы орайда заңның қабылдануына көп үлес қосқан, қоғамдық және ақпараттық талқылау орталарында түсіндіру жұмыстарына барынша ат салысқан Парламент депутаты Жұлдыз Сүлейменоваға хабарласып, шағын сұхбат құрған едік.
– 2023 жылы елімізде 29 әйел адам, 7 бала зорлық-зомбылықтан қайтыс болған деген ақпарат бар. Бұл – өте қорқынышты мәлімет. Күні кеше ғана қабылданған жаңа заңда зорлық-зомбылықты барынша болдырмау жолдары қарастырылған. Заң жүзеге асқан жағдайда тұрмыстағы әлімжеттік қаншалықты азаюы мүмкін? Өзімен тең азаматтарға құрметпен қарайтын, құқықтық мәдениеті жоғары ортаны қашан қалыптастыра аламыз?
– Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін, болдырмау үшін осы заң қабылданды. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бабы 2015 жылы ҚР Қылмыстық кодексінде болған кезде 151 іс орын алса, 2023 жылы мұндай істердің саны 345-ке артқан. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық 2017, яғни декриминализациядан бері 3 есе артқан! Ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл, орташа және ауыр зиян келтірудің алдын алу мен оларға қатаң жаза тағайындау отбасыдағы ана мен бала өлімінің азаюына әкеледі деп сенеміз. Қаншалықты азаятынын дөп басу айту қиын, бірақ екі-үш жылда 2-3 есеге азаяды деп үміттенемін. Құқықтық мәдениеті жоғары мемлекетті қалыптастыру қысқамерзімді тек бір заң аясында немесе құзіретті органның атқаратын қызметі емес. Кешенді әрі күрделі процесс. Тұрақты жұмыс пен сарқылмас қуатты талап етеді. Осы заңның кең талқылануының өзі де біздің құқықтық мәдениетіміздің артқанын білдіреді деп ойлаймын. Зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру және дамыту өзекті.
– Қоғамда ең көп шу тудырып отырған мәселе – заңның кейбір баптарын дұрыс түсінбеу. Мәселен, ел ішінде бұдан кейін баласын ұрған немесе жеңіл дене жарақатын салған жағдайда ата-ана құқынан айырылады деген қауесет тарады. Бұл қаншалықты рас? Әрі осы баптар бойынша нақтырақ түсіндіріп берсеңіз. Мәселен, ата-ана баласын тәрбиелеу мақсатында, ашу үстінде баласына қол жұмсағаны үшін ата-ана құқынан айырыла ма? Егер екі тарап кейін татуласқан жағдайда ресми ата-ана құқы орнына келе ме?
– Заңның кейбір баптарын дұрыс түсінбеу мен көрінеу жалған ақпарат тарату – екі түрлі мәселе. Осының аражігін анықтап алған жөн. Дұрыс түсінбесе, түсіндіріп жатқан мамандар мен платформалар бар, бірақ қасақана жалған ақпарат тарату да қылмыстық құқық бұзушылық екенін ескеруіміз қажет. Ақпараттық ағында фейк ақпаратқа сеніп қалмау мен тексеру жасау да заманауи дағдылардың бірі. Сол дағдыны да үйренуіміз керек. Сыни ойлау мен пайым да сол фактчектті қажет етеді. Ата-ана құқығынан айыру шарттары бұл заңда атымен жоқ! Ондай норма да жоқ. Ата-ана баласына қол жұмсаса деген сұрақтың өзі құқыққа қайшы. Қазақстан бала құқығы саласындағы бірнеше заңнамаларды қабылдаған мемлекет ретінде балаға қарсы зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы! Құқыққа қарсы әрекетті ұлттық тәрбие деп ақтаудың қажеті жоқ. Баланы ұру ешқашан қазақи тәрбиеде болмаған.
– Тағы да бір сұрақ осы ата-ана мәселесі. Мәселен, ата-ана жұмысбасты болып, баласына дұрыс көңіл бөле алмай қалса, ата-анаға айыппұл салынады деген әңгімелер де тарап жатыр. Заң бойынша баласына дұрыс қарамаған ата-ана нақты қандай жағдайда айыппұл арқалауы мүмкін?
– Конституцияға сәйкес бала үшін ата-ананың жауапкершілігі бар. Ата-ана жұмысбасты болса – ол баланы қараусыз қалдыруға болады деген сөз емес! Ата-ана баланың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне жауапты. Ата-ананың жауапсыз әрекеті баланың денсаулығына зиян келтірген жағдайда – ата-аналарға айыппұл салынады. Бұл – бұрыннан бар норма. Бұл отбасы өмірі мен бала өміріне жауапкершілікпен қарауға әкелуге тиіс. Бала бірінші кезекте, жауапты ата-ананың қамқорлығына мұқтаж. Баланы қараусыз қалдырған үшін ата-аналарды ешкім қамауға алмайды. Осы мәселеде балаға қарсы жауапсыздықтың алдын алу емес, ата-ананың жауапсыз әрекетіне себеп іздеудеміз?! Мені осы таңдандырады? Бұл жауапсыз ата-аналардың қорқынышы ма, әлде бала өміріне деген алаңдаушылық па?
– Сонымен қатар заңда суицид жасауға итермелеген жағдайда да жауапқа тарту туралы баптар бар. Бұл нақты қандай жағдайлармен анықталады?
– Мұны анықтау тергеу органдары ҚР Қылмыстық процестік кодексіне сәйкес анықтайды. Суицид болған немесе оқталған жағдайда бұл әрекетті кім, қашан және қалай итермелегені туралы тергеу жүргізіледі. Қазақстан суицидтен алдыңғы орындағы мемлекет, түзету мен шұғыл шара қабылдауды қажет ететін жағдай. 2 жаңа құрамда 2 бап енгізілді. Суицидке итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы, суицидті насихаттағаны үшін 200 АЕК айыппұл салу қарастырылған.
– Жаңа заңдағы ең ауыр жаза түрлері қандай?
– ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, ең ауыр жаза 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін өлім жазасы болып келді, бірақ адам құқығы мен өмірін ең қымбат қазына деп танитын мемлекет ретінде біз бұл жазадан бас тарттық және ең дұрыс шешімдердің бірі болды деп есептеймін. Ал қазіргі ең ауыр жаза – өмірбақи бас бостандығынан айыру. Бұл норма бірнеше бапқа қосылды: сәбилерді өлтіру, педофилия мен зорлау жағдайлары болса «Өмір бойы бас бостандығынан айыру» жазасы қолданылмақ. Баланың өмірі мен қауіпсіздігін осылай қамтамасыз ету әлем елдерінің тәжірибесінде бар. Балаға жасалған қылмыс аса ауыр қылмыс санатына жатады.
– Осы заң қоғамда не себептен көп шу тудырды деп ойлайсыз? Халық қалаулысы ретінде баға берсеңіз.
– Біз, Парламент ретінде жылына бірнеше заң қабылдаймыз. Бірақ дәл осы заңға осындай қызығушылықтың болуы орынды. Халық көптен күткен, Президент уәде еткен заң. Сарғая да зарыға қол жеткізген заңымыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жөнінде бұдан былай қылмыстық кодексте бар. Мұның өзі еліміздің әйел мен бала, отбасы мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтінін тағы бір дәлелдейді. Бұл заңға ондық ұпай бойынша есептегенде 10 деген балл қоятын едім, бірақ бұл заңның бағасы тәжірибеде дәлелденіп, зорлықтың азаюына әкелсе, біздің миссиямыздың орындалғаны деп есептеймін.
– Бұл заң жүзеге асқан жағдайда отбасы арасында ажырасу көбейеді, демография төмендейді деген де пікірлер айтылып жатыр. Мұндай пікірлер не себептен туындауы мүмкін?
– Біріншіден, бізде саяси пікіралуандығы, плюрализм бар. Бірақ дәл осындай пікір айтылса, мен оның сандық деректермен нақтыланғанын, дәлелді аргументтермен бекітілгенін қалаймын. Олай болмаса, бұл – жай ғана негізсіз пікір. Екіншіден, Қазақстандағы ажырасудың себептерінің ішінде тұрмыстағы зорлық-зомбылық негізгі себеп ретінде көрсетілген бе?! Қарап көруге кеңес беремін. Жоқ, ажырасудың алғашқы 3 себебінде тұрмыстағы зорлық-зомбылық көрсетілмеген. Демографиялық өсім бізде тұрақты. Қазақстандық бір әйелге 3 баладан келеді. Мен осындай аргументтерді алға тартуды құптаймын. Әркімнің өз шындығы бар, бірақ ақиқат біреу. Ақиқаты – зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жазалауды қажет ететін қоғам дерті, оны ақтау құқықтық мемлекетке тән емес. Пікір әртүрлі себептермен туындауы мүмкін. Мәселен, саяси, жеке, ескірген стереотиптік, әлеуметтік немесе негізсіз жай ғана өшпенділік тілі ретінде. Оған қазақ бабамыз: «Жүйелі сөз жүйесін табады, Жүйесіз сөз иесін табады» деген.
Сұхбаттасқан – Бейбіт Тоқтарбай