Жаңалықтар

Роза Рымбаева Қырғыз елінің мемлекеттік наградасымен марапатталды

Роза Рымбаева. Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Роза Рымбаева «Қырғыз Республикасының халық әртісі» атанды

Бүгін Қырғыз республикасының президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстанның мәдениет қайраткерлеріне Қырғызстанның мемлекеттік наградалары табыс етілді. 

Салтанатты шара барысында Қырғыз Республикасының мемлекеттік хатшысы Сүйінбек Қасмамбетов мәдениет және өнер өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттау - ғасырлар бойы қалыптасқан достықтың, ортақ мәдениеттің, ынтымақтастықты дамытудың белгісі екенін айтты.

Қырғызстан президентінің жарлығымен екі ел  арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов пен ақын Мұхтар Шаханов «Данакер» орденімен марапатталды.

«Достық» орденімен публицист, әдебиеттанушы, журналист, кинотанушы Сауытбек Әбдірахманов, мемлекет және қоғам қайраткері, түркітанушы Мырзатай Жолдасбеков, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев марапатталды.

«Даңқ» орденімен түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті Ақтоты Райымқұлова марапатталды.

«Қырғыз Республикасының халық әртісі» құрметті атағы кеңестік және қазақстандық композитор Алтынбек Қоразбаев пен Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваға берілді.

Роза Рымбаева мәдениеттің шекарасы жоқ екенін атап өтті.

«1996 жылы маған Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағы берілді. 28 жылдан кейін "Қырғыз Республикасының халық әртісі" құрметті атағын алдым. Бұл мен үшін үлкен жетістік», - деді ол.

«Даңқ» медалімен «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, бұқаралық журналының бас директоры – редакциялар алқасының төрағасы Дидар Құлкенов марапатталды.