Тәтті заттар сатып алатын ақшамызды қазақстандық достарымызға жібереміз – Моңғолия оқушылары
Сыныбымыздың және мұғаліміміздің атынан қазақстандық достарымызға 200 мың төгрөг ұсынамыз
Моңғолиядағы Баян-Өлгей аймағына қарасты Өлгей сұмынының оқушылары еліміздегі су басқан аймақтардағы балаларға қолдау білдіріп, видео жолдады.
"Отандастар қоры" баспасөз қызметінің хабарлауынша, Өлгей сұмынында орналасқан №1 жалпы білім беретін мектебінің 6 "Б" сынып оқушылары Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен аймақ балаларына 200 мың төгрөг ақша аударды. Сондай-ақ олар видеожолдауда қазақстандық балаларға қолдау білдіріп, Моңғолиядағы қандастарды Қазақстан халқын қолдауға үндеді.
Бірінші оқушы:
"Өзің ғана ойлаған,
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған,
Адамдықтың белгісі.
Екінші оқушы:
Бір үй аш болса, бір ауыл аш. Бір ауыл аш болса, бүкіл ел аш.
Үшінші оқушы:
Біз күнделікті керектенетін, тәтті заттар сатып алатын ақшамызды осы жолы қазақстандық достарымызға жібереміз.
Төртінші оқушы:
Сыныбымыздың және мұғаліміміздің атынан қазақстандық достарымызға 200 мың төгрөг ұсынамыз.
Бесінші оқушы:
Қазақстан Республикасының кейбір өңірлерінде су тасқыны болып жатыр. Қазақ халқы – басына іс түссе, бір-біріне көмектесетін бауырмал жандар. Моңғолиядағы барша ағайынды Қазақстанға көмектесуге шақырамыз.