Жаңалықтар

Антикор: Үш жыл ішінде 60 мың жүргізуші куәлігі заңсыз берілген

Антикордың тексерісінен кейін ХҚКО-да бюджет түсімі 91,3 млрд теңгеге ұлғайған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша автомобильдерді тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру кезінде жемқорлық тәуекелдері анықталды.

Ондағы ақпаратқа қарағанда, арнайы ХҚКО мен ІІМ-де автокөлікті тіркеу бойынша жаңа ақпараттық жүйелер іске қосылды. Өтінімдерді ресімдеу және қарау кезінде деректерді түзету мүмкіндіктері алынып тасталды. Енді тек әкімшілік полиция комитеті өзгерістер енгізе алады.

Өтінімдерді тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Енді бұл үшін тек ЖСН енгізу қажет, ал қалған деректер басқа ақпараттық жүйелерден автоматты түрде толтырылады. Бұл ретте жүйенің өзі екінші деңгейдегі банктердің түбіртектерін, міндетті төлемдерін және айыппұлдарын төлеуді тексереді.

Емтихандарды қайта тапсыру рәсімдері реттелді. Қайта тапсыру саны екі ретке шектеліп, ал өте алмаған жағдайда 3 айдан кейін немесе тыйым салынған заттарды пайдаланған жағдайда 6 айдан кейін тапсырады.

Жаңа ақпараттық жүйелерді енгізудің арқасында емтихандарды тапсырған сыңай таныту тәуекелдерін едәуір азайтуға мүмкіндік туды.

Жалпы, жаңа ақпараттық жүйелерді енгізу осы саладағы барлық қызметке оң әсерін тигізді. Бүгінгі таңда агенттік жүргізуші куәліктерін алу және көлікті тіркеу рәсімдеріне қоғамдық мониторинг жүргізуді ұйымдастыруда. Бұл жұмысқа жемқорлыққа қарсы еріктілер тартылды.

Сондай-ақ, 2023 жылғы желтоқсанда ХҚКО қызметкерлерін жемқорлық субъектілеріне жатқызуға қатысты заңнамаға маңызды түзетулер енгізілгенін еске саламыз. Бұл өзгерістер 2025 жылғы қаңтардан бастап күшіне енеді.

Түзетулер қызметкерлер тарапынан теріс қылықтар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.