Атырауда 90 мың долларды заңсыз алып өтпек болған шетел азаматы ұсталды
Заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Шетел азаматының 90 мың АҚШ доллары мемлекет пайдасына тәркіленді, деп хабарлады turkystan.kz.
Ақпанда «Атырау-Кутаиси» бағытындағы халықаралық әуе рейсіне өту барысында Грузия азаматынан 100 мың АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша анықталған.
Оның қол жүгінде 10 мың АҚШ доллары, жол жүгінде 90 мың АҚШ доллары мөлшерінде жасырылған қаражат болған.
«Жасырынған ақша заң бұзушының жол жүгінде Атырау облыстық «Әуежай-Атырау» кеден бекетінің қызметкерлерімен кедендік бақылау жүргізу барысында анықталды. Бақылау шаралары Атырау облысы бойынша Шекара қызметі және Экономикалық тергеп-тексеру департаменттерінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген», - делінген хабарламада.
Заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Күшіне енген сот шешіміне сәйкес, 90 мың АҚШ доллары мемлекет пайдасына тәркіленді, қалған 10 мың АҚШ доллары Грузия азаматына қайтарылды. Сондай-ақ, одан 40 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл өндірілген.