Қоғам

Алматыдағы 4 жасар баланың өлімі: өгей әке сотқа тартылды

egemen.kz

Естеріңізге салсақ, бұл оқиға былтыр қыркүйек айында болған.

Алматыда өгей ұлын ұрып өлтірді деп айыпталған әке сот алдында жауап берді. 20 жасқа енді толған күдіктінің өзі кінәсін мойындаған жоқ, деп хабарлады turkystan.kz «КТК» арнасына сілтеме жасап.

Күдіктінің айтуынша, төрт жасар бүлдіршін баспалдақтан өзі құлап, оңбай жараланған.Бірақ айыптаушы тараптың келтірген дәйектері мүлдем басқа.

Естеріңізге салсақ, бұл оқиға былтыр қыркүйек айында болған. Төрт жасар бүлдіршін «Алма сити» тұрғын үй кешенінде көз жұмды. Баланың анасы студент көңілдесімен сол жерде тұрыпты. Оқиға болған күні келіншек 19 жастағы жігітіне ұлын тапсырып жұмысқа кеткен. Сол сәтте жас жігіт мазасызданған Хантөренің қылығын көтере алмай, оны сабаған көрінеді.

«Күнделікті қабылдау болды, баланың бас киімін, киімін шеше бастадым. Сол кезде бетінің ұрылғанын көрдім. «Сен кеше не жедің, құсып жатырсың ғой, саған не болды?» деген кезде, «папа ұрды» деді, тек қана айтқан бір сөзі сол. Бетіне үңіліп, жақсылап қараған кезде саусақтың ізі қалғанын көрдік», - деді балабақша тәрбиешісі Құралай Әбілдаева.

Дереу балабақшаға жеткен анасы баласын ауруханаға алып кетіп, тәрбиешілерге астан уланды деп, оқиғаны жылы жаппақшы болыпты. 

«Құсқан себебі не?» деп сұрадым, мамасы «KFC жеді» деді. «Басын түсірдіңіздер ме, миы шайқалмаған ба?» деп сұрадым, «жоқ» деді. Орналасу барысында Хантөрені әкелгенде бір жақ қасында жарасы болды, мамасынан бірден сұрадым, «сырғанақтан құладық» деп жауап берді», - деді балабақша меңгерушісі Әйгерім Уәлиханова.

4 жасар баланың анасы өзінен алты жас кіші жігітпен Энергетика және электронды технологиялар колледжінде танысыпты. Келіншек сол жерде жұмыс істесе, ауыр қылмысқа барды деп айыпталып жатқан Дархан Дәулетов аталмыш оқу орнында оқыған. Бүгінгі сотта ол баланы «қасақана ұрмадым» деп ақталумен болды.

«Бір рет жанбас тұсынан, құйрығынан алақанмен ұрғаным бар, оны растаймын және де сол уақытта қолды-аяққа тұрмай, бой бермей, подъезде ары-бері жүгіріп, балабақшаға бармай, қарсылығын білдірді. Мен есікті құлыптап жатқан кезде, ол абайсызда баспалдақтан құлап кеткен болатын. Құрметті сот, қаза келтіру мүлде ойымда болған емес, болмады, қатты күш көрсеткен емеспін», - деді айыпталушы Дархан Дәулетов.

Дегенмен тергеу келтірген дәлел мүлдем басқа. Айыпталушы балаға оннан аса соққы жасаған.