Жаңалықтар

Ақтөбеде жатақханада қайтыс болған оқушының ата-анасы мектеп басшылығының да жазаланғанын талап етіп отыр

сюжеттен скрин

Оқушының ата-анасы тәртіпсіздікке жол берген оқу орнының басшылығы да жазалансын дейді.

Ақтөбеде Есет батыр атындағы спорт мектебінде көз жұмған оқушының ата-анасы баласына әлімжеттік көрсеткен екі оқушымен қатар, мектеп басшылығы да жазасын алсын деп талап етіп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Қара жамылған отбасы Бексұлтанның жоғары сыныптағы балалардан таяқ жеп, алған жарақатынан қайтыс болғанына сенімді. Олар тәртіпсіздікке жол берген оқу орнының басшылығы да жазалансын дейді. Полиция осы іске қатысы бар деген күдікпен екі оқушыны қамауға алды.

Еске салсақ, өткен аптада спорт мектебінің 8-сынып оқушысы Бексұлтан Әбубәкір жатақханада есінен танып құлап, ауруханаға жетпей қайтыс болған еді.

Бексұлтан бес қыздан кейінгі егіз ұлдың бірі. Дені сау, спортпен шұғылданып жүрген ұлының аяқ асты талып қалғанына қара жамылған отбасы сенбейді. Өйткені, марқұмның сыңары Ерсұлтан жоғары сыныптың оқушылары жатақханада әлімжеттік көрсеткенін айтыпты. Ауыр соққы алған оқушы ауруханаға жетпей көз жұмды дейді туыстары.

ҚАЙРАТ ҚАЛНАЗАРОВ, марқұмның әкесі:

– 413-те үлкен кластар жинап. Он бала ғой бұлай 8-ші кластың. Сол күні түнде болған. 10-нын қатар тұрғызып, бұларға әлімжеттік көрсеткен. Менің балам шетте тұрған Бексұлтаным. Былай тұрған есіктің қасында тұрған шапалақпен бетінен ұрған кезде. Бетіне шапалақ тигеннен кейін адам еңкеймей ме? Сол кезде Мейірлан деген 10 кластың баласы тіземен ұрған. Тізе тигеннен кейін бала құлайды сыртқа.