Жаңалықтар

Бүгін – «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» күні

sauap.org

Бұл күн Қазақстанда 2011 жылдан бастап мереке ретінде тойлана бастады.

Қазақстанда 2011 жылдан бастап 15 сәуір ғашықтар күні ретінде аталып өтіледі. Ел арасында бұл күнді – «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» күні деп те атайды. 

Бұл күнді атап өту туралы бастама 1999 жылы көтерілген болатын. Осы мереке ХIV-XV ғасырлардағы Қозы Көрпеш – Баян сұлу махаббатының символы ретінде аталып өтіледі.

Ал тарихқа үңілсек, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу – қазақ халқының XIII-XIV ғасырдағы лиро-эпикалық поэмасының кейіпкерлері. Жыр Сарыбай мен Қарабайдың аң аулай жүріп құда болып, Қозы мен Баянды күні бұрын атастыруынан басталады. Сол кезде аң аулап жүріп, ұлды болғанын естіген Сарыбай, баласын көре алмай қаза табады. Атастырылып қойған Қозы мен Баян, жүздерін көрмегенімен бір-біріне ғашық болады. Уақыт өте келе сараң Қарабай қызын жетім ұлға бергісі келмей, бір кезде отарын жұттан құтқарған, жергілікті палуан Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың арасына тосқауыл болған Қодар, айласын асырып, зұлымдықпен Қозының басын алады. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян, өш алу үшін қулыққа көшеді. Ол Қодарға өзіне құдықтан су алып берсе, күйеуге шығатынын айтады. Алданған Қодар Баянның шашынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, айлакер қыз бұрымын кесіп тастайды: Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап қаза табады. Сөйтіп Қозының кегі қайтарылады. Батыр қыз ғашығының күмбезіне келіп, өзіне қанжар салып қол жұмсайды.