Қоғам

«Құлсары-Атырау» тас жолында қалпына келтіру жұмыстары басталды

Жайық өзеніне қатысты өңір өкілі жағаны нығайту бойынша ауқымды жұмыстар басталғанын айтты

Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев атап өткендей, Жылыой ауданы бойынша соңғы бірнеше күнде оң динамика байқалған, деп жазады turkystan.kz.

Су деңгейі 50 см-ден астам төмендеді, «Құлсары-Атырау» тас жолында қалпына келтіру жұмыстары басталды, су тасқынымен келген қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Су сору жұмыстары жалғасуда, бұрын су басқан учаскелерде электр қуатын беру қалпына келтіріліп жатыр. Суы кеткен аудандарда аудан әкімдіктері азаматтардан келтірілген залал бойынша өтініштер қабылдауда. 230 полиция қызметкері Жылыой ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, - деді спикер ОКҚ алаңында өткен брифингте.

Жайық өзеніне қатысты өңір өкілі жағаны нығайту бойынша ауқымды жұмыстар басталғанын айтты. Оның жалпы ұзындығы 215 км болады.  

Гидрогеологиялық мәліметтерге сәйкес, Индербор ауылында Жайық өзенінде су 15 см көтерілген, Махамбет ауылында – 19 см, Атырау қаласында – 18 см. 6 күн ішінде жағада салынатын 215 км нығайту бөгетінің 101 км салынды. Осы мақсатта 981 бірлік техника, 3382 түрлі ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ 3,5 мың ерікті тартылды, - деді спикер. 

Жайық өзенінен Каспий теңізіне судың ағуын жеделдету үшін Жайық-Каспий каналының сағасында су түбін тереңдету жұмыстары қолға алынды.