Жаңалықтар

Қостанай облысында ағасы інісін өлтіріп, үй ішіне көміп тастаған

Сурет: pixabay.com

Оқиға 2023 жылдың желтоқсан айында Жітіқара ауданы Пригородный ауылында болған.

Кісі өлтіру ісі жақын күндері Қостанай облысының қылмыстық істер бойынша арнайы сотында қаралады, деп хабарлады turkystan.kz.

Іс материалдарына сүйенсек, ағайынды Василий мен Роман Чеботаревтер өздері тұратын үй ішінде сөзге келіп қалған. Ағайынды жігіттердің кішісі – Роман үйге тағы да мас күйінде келген. Келе салысымен пеш жағу үшін бөренелерді қопарыстырып жатқан ағасына ұмтылған. Төбелес кезінде Василий інісіне үш рет пышақ сұғып алған. Роман алған жарақаты салдарынан сол жерде көз жұмған.

Қылмысын жасыру үшін Василий Романның денесін үйдегі қараусыз қалған бөлмелердің бірінде көме салған. Бауырын өлтіргені жайлы ер адам бір айдан кейін мойындап, әпкесіне айтқан. Оған дейін күлге көмілген марқұмның денесі сол жерде бір ай жатқан. Осыдан соң әпкесі жағдайды полицияға хабарлаған.

Процесс алдағы күндері басталады деп жоспарланып отыр.