Танылу мен табылу
Баукеңді әуелі сарыала шенді тыныштық күзетшісі ретінде көрдік. Әрине, милиционерге нендей әрекеттер жасауға болмайтынын қай шақтан бері де біршама білетініміз рас. Бірақ ондай ережелердің арасында бұларға өлең жазуға рұқсат етілмейтіні туралы нұсқау жоғы және белгілі. Оның үстіне бірге жүрген досыңның ақын болғаны қандай мерейлі қуаныш болса, оның офицер ретіндегі салмағы соншалықты тосын да қызықты көрінеді екен.
Күнделікті қызметінде кәсіби тәртіпті бек ұстанатын Бауыржан өлеңге келгенде өйткен жоқ, сыпайысып тұруды мақұл көрмеді, кәдімгі өз тұстастары секілді батыл сөйледі: Үміттің отын үрлеумен өтіп мезеттер, Тасқын жыр аңсап талықсып жүр ғой өзектер. Мен үшін емес, ел үшін, кәне, ей, өмір, Құрманқұловтың өлеңдеріне кезек бер! Сол кезек, әрине, берілді. Құрманқұлов өз кезегін бекерге сұрамапты. Оның өлеңдері бірінен соң бірі жас ақындардың Алматыдан жарық көрген ұжымдық жинақтарында жарық көріп жатты. Қазіргі оқырмандар үшін сәл түсініктеме бере кетсек, ол заманда өлеңдерің ұжымдық жинаққа шығу үшін де баспалар сенің ақын екеніңе қол қоюы керек еді. Ол кезде қазіргідей қаржы сөйлемейтін, өлең сөйлейтін. Небір аузымен құс тістеген майталман редакторлардың рұқсатынсыз бірде-бір кітапқа бірде-бір жол өлеңің кірмейтін. Ол заман талғамның, талаптың заманы еді.
Әдебиетке сексенінші жылдары енген буынның (алдындағы ағалары секілді) міндетті түрде соқпай өтпейтін тақырыптарының бірі Екінші дүниежүзілік соғысы болғаны белгілі. Қазіргі жас ақындардың өлеңдерінде бұл тақырып кездеспейтінінің заңды себептері, әрине, басқа әңгіменің еншісі. Міне, Бауыржан да осы сұм сұрапылды назардан тыс қалдырған жоқ. Қалдырмағаны былай тұрсын, толық топтама да жазды: «1954-те туғандар», «Киноға түсіру», «1941 жыл. 22 июнь. 4 сағат 20 минут», «Майдангерлер келеді», «Үндеуге қол қоймаған майдангер туралы баллада», «Қарт майдангер сыры», «Соғыстан қайтпай қалған солдаттың монологы», «Абдолла», «Хиросима этюді». Осы топтамада атауы қойылмаған, жұлдызшамен бөлініп тұрған бір өлең бар: Әкемде маза жоқ, Әкемде наза көп, Аза көп. Сталинград түбінде Кетіпті ағасы қаза боп, Кетіпті інісі қаза боп. Әкемде маза жоқ, Әкемде наза көп, Аза көп. Жылда, Жеңіс күні келген сайын, Сағынышпен орасан мықты, Ашады ол төргі үйдегі қара сандықты, Сарғыш тартқан үшбұрыш хаттарды алып, Үнсіз, Қалың ойға батады, Кемсеңдейді иегі, Дірілдейді қудай аппақ сақалы… …Баяу күрсіністерден Біздің үйді Соғыс өрті қайта шарпып жатады. Әлгі топтаманың ішінен осы өлеңді жекелеп алып отырған екі себеп бар. Біріншіден, өлең шыншыл суреттерімен де, көркемдік келбетімен де көңілге ерекше қонақтап қалды. Екіншіден, «Рауан» жинағындағы жас ақындар жырларына арнаған пікірінде қазақ лирикасының көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаев осы өлеңге арнайы тоқталып, ыстық ықыласын білдіргені бар. Бауыржанның тұңғыш жинаққа барар жолдағы тұсауы осылай кесіліп еді.
* * * Ғұмыры таусыла бастағанына көрінді ме екен, сексенінші жылдардың соңына қарай КСРО дейтін алпауыт мемлекет аяқ басқан сайын сүріншектей беретін болды. Ана республиканың да, мына республиканың да территорияларында ұлтаралық кикілжіңдер әлсін-әлсін бұрқ-бұрқ етіп жататын. Біреудің үйіндегі жанжалға сырттан ғана бақылаушы болып отырған көкмылжың басқа біреудің арзан ақылына кім зәру болсын. Горбачев пен оның жандайшаптары ара ағайындық жасағысы келіп қанша тырысқандарымен ештеңе шығара алмады.
Әуелі Чернобыль апаты елді дүр сілкіндірді. Басқасын айтпағанда, ядролық қаупі зор объектіні дұрыстап күтіп ұстауға шамасы жетпеген ел басқарушыларынан жалпы жұрт түңіліп те кеткендей болып еді. Қолында барды ұқсатып пайдаланудың орнына нәтижесі жоқ езбе әңгімемен құлақ сарсылтудан өзгеге дәрмені жетпейтін қаптаған сөзуарлардың шешендігінен елдің жүйкесі шаршай бастады. Осы кезде Олжас құрған «Невада-Семей» қозғалысы мүшелерінің бірі болған Бауыржан «Атомды ғасырдың алыбы» деп аталған поэма жазды. Ақтөбенің Байғанин ауданы территориясында да осы кезде ядролық жерасты жарылыс жасалып жатқан кез еді. Ал поэманың кейіпкері – Чернобыль апатымен алғаш бетпе-бет келіп, алапат өрттің бетін уақытша тойтарған 28 жауынгердің командирі лейтенант Правик еді. Ақын сол Чернобыль атом электр стансасы апатқа ұшыраған сәттен бастап Правик пен оның жауынгерлері ауруханада қайтыс болғанға дейінгі кездегі оқиғаларды хроникалық тәртіппен баян етеді. Әрине, тек құрғақ деректермен шектеліп қалмайды. Өз пікірін де үстемелеп отырады. Мысалы, эпилог орнына жазылған «Адамзатқа хат» деп аталатын өте қысқа тарауда адамның мықтылығы мен әлсіздігін қатар шендестіре ұсынады. Жер планетасы – Адамзат, туған мекенің. Ақиқат, ертең Ғарышты шарлап кетерің. Ақиқат сонда Атомды серік етерің. ...Чернобыль апаты Көрсетті мынау тірлікте Адамның мықты екенін! Расында да, атомды ойлап табу өз алдына, сол ойлап табылған аса қауіпті тажалмен жағаласуға көзсіз тәуекел ету адамның мықтылығы емей не? Одан әрі автор былай дейді: Жер планетасы – Адамзат, туған мекенің. Санаңмен ұғын: Сақтығың – Бағың екенін. Атоммен ойнау – Ажалмен ойнау. Не теңің! ...Чернобыль апаты Көрсетті мынау тірлікте Адамның әлсіз екенін! Бүкіл поэманың айтпақ болған негізгі түйіні – осы. Бұны, әрине, солай болып еді деген ыңғайда біржақты баяндай салу поэзияға жараспас еді. Поэзия түгілі прозада да автордың кез келген оқиғаға қарасты өз жеке көзқарасы менмұндалап тұруы қажет. Ал бұрынғы бұрынғы ма, адамның әлсіздігі қазір күн санап үдемелене біліне бастады. «Атоммен ойнау – ажалмен ойнау, не теңің» дейтін сөзді енді жер бетіндегі күллі жұрт айтуға көшкен сыңайлы. Әлгінде соңғы кездегі жас қаламгерлердің туындыларында соғыс тақырыбы жазылып жарытпайтынын меңзеп өттік. Зиянды ұмытшақтық деген сол. Кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретін, міне, араға ғасыр салмай-ақ ұмыта бастадық. Адамзатты лезде құрбандыққа шала салатын қаруы бар әлдекімдердің пәленбай мемлекеттің үстінде тайраңдағысы келетін психологиялық ауруға шалдыққанын күн сайын телехабарлардан да, әлеуметтік желілерден де көріп, енді кімге шағынарымызды білмей үрейленіп отырған жайымыз бар.
Бұл да кезінде Ауғанстанға топтап әскер аттандырған КСРО-дан қалған мұраның сарқыншағы секілді. Бір жағынан, Ауғанстанға америкалықтардың ықпалы жүріп кетуінен сақтанып, екінші жағынан, мұндағы ислам төңкерісінің лебі бұл елмен шекаралас кеңестік мемлекеттерді шарпуынан қауіптеніп неше мыңдаған бозбаланы оқ пен отқа айдап салғандардың ешқайсысы жазаланған жоқ. Сол кезде жарық астауды ұстап қалғандар соны жамамақ болып әлі де әрекеттенуде. Бауыржан Құрманқұловтың «Жарияланбаған соғыс» дейтін поэмасы, міне, осы тақырыпты қамтыған еді. Қамтыған еді дейтініміз, бұл туынды да тұтасымен таза деректі дүние емес. Поэманың алғашқы тармағы «Троллейбус зырлап келеді...» деп басталса, соңғы жолы да «Троллейбус зырлап келеді...» деп аяқталады. Әлбетте, жалпы жұрт ұңғыл-шұңғылына дейін білетін детальдар арқылы поэма жазудың жеңілдігі мен ауырлығы бірдей. Мысалы, ешкім мынауың өтірік деп дау айта алмайды. Әрине, ақындық албырт сезіммен шалқыңқырап кеткен тұстарыңа кешіріммен қарайды. Өйткені қазіргі сауатты оқырман өлең сөздің осылай өрбитінін білгендіктен, оның үстіне поэма архивтік дүние емес екенін түсінетіндіктен тырнақ астынан кір іздемейді. Дегенмен осы жеңілдік ауырлыққа да соқтыруы әбден мүмкін. Өйткені желілеп жазуға тырысқан туындыңыз белгілі бір сарынға түсіп алып, содан ауытқымаса, әу баста кітапқа ынталана кіріскен оқырман одан әрі оқымай қоюы да да ғажап емес. Сол себепті мұндай поэмалардың бір міндеті ұзақ шығарманы түрлентіп, құбылтып отыру болмақ.
Мына Ауғанстан соғысы туралы поэмада автор осыны мығым ескерген. Әр тараудың атқаратын қызметі әр бөлек. Мысалы, анау шумақтар – Ауғанстанға аттанғалы жатқан аңғал жауынгердің интернационалдық борыш хақындағы желпіністі хаты. Ал оқ пен өрттің ортасына түскен жігіттің мына сөзі оқырманды да ойлантады: «Құдайшыл елге шынымен, Құрансыз өмір керек пе? Сұрамас едім мұны мен, Сұрау көп біздің көмекте». Осы тұста автор сол соғыста қаза тапқан ақтөбелік 25 жауынгердің аты-жөнін толық келтіреді. Бұлайша ұзақ тізімді ұсыну немесе өлең арасында қара сөзбен анықтама беру поэзиялық туындыға жат әдіс емес. Айталық, Олжас Сүлейменовтің «Безымянная высота» деген өлеңі бар. Соңғы айқаста қаза табар алдында писарь қалдырған жазбада есімі аталғандар: «Төрт Иван, үш Петр, екі Ахмет, Хамит және Саша, Кирилл, Владимир, Исаак, санинструктор Агаша». Және бұл тізім өлеңнің көркемдігіне еш нұсқан келтірмейді. Жалпы, поэзияда мұндай анықтамалар беру бұрын да кездесіп келе жатқан жайт. Бауыржанның да өз шығармасына фамилияларды енгізуі сол дәстүрдің жұқанасы. Расын айту керек, Ауғанстан соғысы туралы жазылған соқталы дүниелер прозада да, поэзияда да онша көп емес. Оның басты себебі сол қырғынға қатысқандардың арасында кейін аса таланттылардың қатарына енгендердің кездесе бермегендігінен де шығар. Ауылда тұрғандардың барлығы ауыл туралы, қалада ғұмыр кешкендердің бәрі бірдей қала жөнінде шедевр жаза алмайтыны сияқты жайт қой бұл да. Бұдан сәл ертеректе сол Ауған соғысына қатысқан інілердің бірі сол соғыс туралы жазылмақшы әнге мәтін жазып беруді өтінгені бар. «Бір жігітке жазғызып көріп едік, қырғын соғыс қылып жіберіпті» деп түйді сөзін. Соған қарағанда 1941-1945 жылдардағы соғыс пен 1979-1989 жылдардағы соғыстың арасында кәдімгідей өзгешелік бар екені көрініп тұр. Осылай болған соң да Бауыржан ұрыс қимылдарын суреттеуге бармайды. Тіпті, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қаламгерлердің өзі де прозада болмаса, поэзияда қанды ұрыстардың бүге-шігесіне бойлай бермейді. Мысалы, соғыс ардагері Тоқаш Бердияровтың, айталық, мақтаулы «Жорық жолдар» поэмасы «Марштағы рота», «Төбешікке тігілген ту», «Концерт», «Блиндаж ішіндегі салют» деген тәрізді тараулармен жіктеліп отырады. Мына поэманың бір тұсында да ишарамен ғана сездірілетін бірер шындықтар бар... «...Салқындық сонан сыз берді... Жаныма менің батады. Көмекке келген біздерді Аннан да мыннан атады.
Түссе де талай қоршауға, Бірі жоқ бізге берілген. Жатады түгел қан саулап, Шапағат күтіп өлімнен...
Бүгін де біздер зорға алдық, Оқ атқан дұшпан қамалын. Өлігін көріп таңғалдық Он екі жасар баланың!» Осы шумақтарда оқырманды ойлантатын бірер тармақтар бар. «Көмекке келген біздерді» деген сөзді автор әдейі қосып отырғаны анық. Өйткені бұл көмек қандай «көмек» екені поэма жазылған кезде әбден белгілі де болып еді. «Түссе де талай қоршауға, Бірі жоқ бізге берілген...» дейтін тармағыңыз да әділдіктен онша алыс қонбаған. Басқыншыларға өз елін қорғағандар неге берілуге тиіс? «Жатады түгел қан саулап, Шапағат күтіп өлімнен» деген жолдар ше? Ислам мемлекетінің қағидасында шаһид (шейіт) деген түсінік бары баршаға белгілі. Елінің тәуелсіздігі жолында құрбан болғандарды шейіт дейтіні қазір ашық айтылады, бұрын да айтылып жүрген. Ендеше, ауғандықтардың бұл ретте «өлімнен шапағат күтетіні» де өтірік емес. Бауыржанның осы кесек екі туындысының жайы осылай. Екі поэма да кешегі кемелденген социализм орнатқан елдің төбесіне үйірілген бұлтты, шатырлай түскен нажағайды, көркем гүлдерді күл еткен өртті бейнелейді. Және осының барлығын автор желең сөзбен емес, қыштай берік қаланған суреттермен жеткізе алған. Жалпы, көркем шығарма мына жұрттың көкірегін өксікке толтырған оқиғаларды ұмыттырмау үшін де керек екеніне осы ретте шындап ден қоюға тура келеді. * * * Есептеп қарасақ, Бауыржан аса көп те жазған жоқ. Тым аз жазды деуге де келмес.
Алғашқы өлеңдері жас ақындардың «Балауса», «Рауан», «Баспалдақтар» ұжымдық жинақтарына енді. Кейін «Кеш емес әлі» (Алматы, «Жалын» баспасы, 1989), «Хат» (Алматы, «Жалын» баспасы, 1994), «Бір өкініш, бір үміт» (Ақтөбе, «Эдельвейс» баспасы, 2011), «Кешір мені» (Ақтөбе, «А-Полиграфия» баспасы, 2012), «Беу, дүние-ай!» (Ақтөбе, «А-Полиграфия» баспасы, 2014) өлең жинақтары, «Қыдыр ата» мистикалық хикаят пен детективтік әңгімелер жинағы (Ақтөбе, «А-Полиграфия» баспасы, 2014), «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен (Ақтөбе, «IDEA LTD» баспасы, 2019 жыл) бір томдық өлеңдер жинағы жарық көрді. Дегенмен Бауыржан ақындық әлеуетін толық пайдалана алған да жоқ. Оның, біздіңше, дәлелді себептері бар. Біріншіден, нағыз творчествомен алаңсыз айналысар шағында күні-түні қағазға үңіліп отыруға қызмет мүмкіндік бермеді. Әуелі милиция сержанты, одан соң милиция офицері болу дегеннің не екені қазіргі сауатты қауымға әбден белгілі.
Бір жайт еске түседі. 1986 жылдың 31 желтоқсанын отбасымызбен Бауыржанның үйінде өткіздік. Жаңа жылды күтіп отырған шақ. Сағат 24.00-ге таяған шақта Баукең киіне бастады. Өйткені жазасын шартты түрде өтеп жатқандар тұратын барактарды бақылау милиция капитаны Б.Құрманқұловтың міндеті еді. Әрине, мен де ере шықтым. Сөйтсек, әншейінде тіршілік гу-гу қайнап жататын Ақтөбе қаласының көшелері тып-тыныш екен. Желтоқсан оқиғасынан соң Жаңа жылды дабырлай тойлауға ешкімнің де құлқы болмағанға ұқсайды. Барактар да у-шудан ада. Мұндағыларға да алдын ала биылғы тәртіп жайлы мықтап ескертілгенге ұқсайды. Ауа жайылып жүрген ешкім жоқ. Бұл – бір ғана көрініс. Ал Баукең мұндай түндердің (күндердің де) қаншасын бастан өткерді дейсіз. Бұны бір десек, екіншіден, Бауыржан өлең сөздің обалына қалудан бойын аулақ ұстаған ақын. Өзінің қағазға түсірер жолдарын он ойланып барып іріктеп алады. Кей желбуаздар секілді бір тақырыпты ала салып, әрлі де берлі, олай да бұлай ойқастамайды. Айтарын нақпа-нақ, айқын айтады. Үйлесімді сөздерді сұрыптап қолданады. Көзді ауырта жарқ-жұрқ ететін әлеміш бояуларға жоламайды. Орынсыз өрекпімейді. Ретсіз жыланбайды да. Ал іштен шығар болашақ жырға мұндай жауапкершілікпен қарау, әрине, өнімділікке кедергі келтіреді. Бір қызығы, Баукеңнің кітаптарын оқи отырып сол «өнімсіздікке» өкінгің де келмейді. Олай болатыны, қағазға аз да болса саз дүниелер тізіліп түседі.
Үшіншіден, Баукең әдеби ортадан шалғайда, Ақтөбеде жүрді. Өлеңдерін ана газетке, мына журналға тықпалап жүруге, ана ақынмен, мына жазушымен әмпей-жәмпей болуға мұршасы келмеді. Танымал болудың мұндай әдісін ұстанбады. Бірді-екілі дәмсіз «брошюрасы» шыққан «жас таланттар» Жазушылар одағына таласа-тармаса өтіп жатқанда да Бауыржан сол баяғы сабырлы қалпын сақтады. Одақ мүшелігіне бертінде қабылдануының сондай сыры да бар. Ал әңгімемізді тиянақтауға ойысар болсақ, ақынның қаламынан әріде «Жылан мен қыз туралы аңыз», «Балалықпен қоштасу», «Жекпе жек», «Майор және поэзия», беріде «Алқа туралы ақиқат», «Күзгі элегия», «Оймақ ойыны» деген секілді әдемі жырлар туғанын атап өтуге болады. Әттең, оның барлығын жекелей талдап шығудың мүмкіндігі жоқ. Әйтпесе, әрбір пенденің басында болатын қуаныш пен шаттық, өкініш пен қынжылыс, күдік пен үміт Бауыржанды да айналып өткен жоқ. Бірақ Баукең соның бәріне сабырмен қарады, сол тақырыптарға арнап ізін суытпай тез арада жаулығы желпілдеген алдашап өлеңдер шығара қойған жоқ. Бәлкім, қайта айналып соғуды мақұл көрді немесе сезімді тербетерлік сол оқиғалар өзі-ақ қайта айналып соғатынын ұқты.
Бұларды былай қойғанда, Бауыржан басқа да қабілеттерімен және бір танылғанын айта кетелік. Ол «Құрдымға апарар жол» атты толықметражды кинофильмде басты рөлдердің бірін сомдады. «Беу, дүние-ай!», «Ауылдың балалары», «Сені іздеймін», «Ақты жұлдыз», «Әкеге хат», «Кластастар», «Ең бақытты жұбайлар жыры», «Ой, құдаша!», «Сен мені сағындың ба, жаным» тәрізді жиырмадан аса әннің авторы.
Ал осының барлығын қосқанда жан-жақты бір Бауыржан шығады. Танылу дегеніңіз осы, жоғалтып алып жүргенде аяқ астынан қайта табылу дегеніңіз де осы. Киноға түсу де, музыка жазу да Баукеңе беріде қонған қасиеттер. Жо-жоқ, бойында әріден бар болған, тек қадірменді авторымыз беріде қайта құнттаған қасиеттер. Әлбетте, ақынның өмірі жалындаумен, лапылдаумен басталады. Сол жалын, сол лапыл жасамыс тартқан кезде бәсеңсуі де мүмкін. Оның үстіне әжептәуір жасқа жеткен ақын сол баяғы жиырма бестегі сезімін сол күйі әлдилей берсе оқырман қабылдамай қоятыны да бар. Ал Баукеңнің жырларын тұтастай қайта оқып шықсаңыз, бір өмірдің әр кезеңдегі сезім-сырына толық қанығасыз. Біздің қалам иесінің өзімен бірге шүкіршілік айтатын да, шабыттың әр кезеңдегі толқыныстарын ризалықпен ойда қайта жаңғыртып отыратын себептеріміз де осы.
Жолыңыз үзілмесін, Бауке!
Ертай АШЫҚБАЕВ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ақтөбе қаласы