61 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды
Сондай-ақ бейнебақылау камераларының көмегімен 125 қылмыс ашылды.
Ішкі істер министрлігі «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын жариялады. 14 мыңға жуық полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметкері жұмылдырылған шара барысында бейнебақылау көмегімен 125 қылмыс ашылды.
10 күн ішінде іздеуде жүрген 71 адам ұсталып, белгіленген тұрғылықты жеріне келмеген 24 сотталған азамат анықталды. Арнайы қабылдау-тарату орнына 661 адам орналастырылған. Олардың арасында тұрғылықты жері жоқ адамдар, құжаттары жоқ шетелдіктер де бар. Рейд барысында тыйым салынған заттарды заңсыз сақтау мен алып жүрудің 362 фактісі анықталған. Оның ішінде 92 келі есірткі, 35 атыс қаруы және 161 суық қару тәркіленген.
– Жол қозғалысын қадағалау кезінде жылдамдық режимін сақтамаудың 22 мың фактісі, қарсы жолаққа шығудың 337 фактісі тіркелді. Автокөлікті мас күйде басқарған 437 жүргізуші ұсталды. Жүргізуші куәлігінен айырылса да, көлік тізгіндеген 267 адам анықталды, – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Сондай-ақ бейнебақылау камераларының көмегімен 125 қылмыс ашылды.
– Көші-қон заңнамасының сақталуына бақылау күшейтілді. 29 мың жалдамалы пәтер, полиция есебінде тұрған, шартты түрде сотталған 74 мың адам тексерілді. Әкімшілік қадағалауды бұзудың 90 фактісі анықталды. Құқықбұзушылыққа қайта жол бергендер қамауға алынды. Қорғау нұсқамасына қарамастан отбасында зорлық-зомбылық жасаған 337 агрессор қамауға алынды, – деді спикер.
«Құқықтық тәртіп» іс-шарасы кезінде жалпы 61 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды. Қоғамдық тәртіпті бұзған 18 мың адам жауапқа тартылды. Уақытша бейімдеу орталықтары мен медициналық айықтырғыштарға 5 мың адам жеткізілді. Көшеде және ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта болған 7 мыңға жуық кәмелетке толмаған бала анықталды.