Су тасқыны: Мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды
Кей аймақтарда өзен-көлдің деңгейі сәл төмендегенімен, қауіп сейілген жоқ. 11 сәуірдегі мәлімет бойынша, тасқынға байланысты еліміздің 8 өңірінде 29 төтенше жағдай режимі енгізілген.
Су тасқынына байланысты еліміздегі ахуал әлі де күрделі болып тұр. Кей аймақтарда өзен-көлдің деңгейі сәл төмендегенімен, қауіп сейілген жоқ. 11 сәуірдегі мәлімет бойынша, тасқынға байланысты еліміздің 8 өңірінде 29 төтенше жағдай режимі енгізілген.
Қазір су тасқынының алдын алу, су алған елдімекендегі жағдайды реттеу жұмыстарына бүкіл ел жұмылып, аймақтарға гуманитарлық көмек жіберіліп, халық қолдан келгенше қол ұшын созып жатыр. Жауапты органдар, лауазымды қызмет иелері, депутаттар өңір-өңірді аралап жүр. Ең бастысы – азаматтардың амандығы – Президент Өткен сенбіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеу жариялады. Мұндай табиғи апат ұзақ жылдан бері болмағанын, көлемі жағынан кейінгі 80 жылдағы ең ірі табиғи апат деуге болатынын айтты. Президент атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін шұғыл түрде нақты тапсырма бергенін, барлық қажетті шара қабылданып жатқанын, Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салатынын мәлімдеді. – Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда. Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр. Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы, – деді Мемлекет басшысы. Президент мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайтынын, зардап шеккендерге қаржылық және басқа да көмек көрсетіліп, материалдық шығын толық өтелетініне ерекше тоқталды. Сонымен қатар осы су тасқынынан қорытынды шығарып, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет екенін де еске салды. – Апаттың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет. Менің бұйрығыммен апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерін жолдайды. Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет, – деді Мемлекет басшысы. Президент жағдай неғұрлым күрделі аймақтардағы жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарларына аймақтарға баруды тапсырды. Олар ахуал түзелгенше сол жақтарда болуға тиіс. Ақпараттық штаб азаматтарды мемлекет қабылдап жатқан барлық шаралар жөнінде үздіксіз және жан-жақты хабардар етіп отыруы керек екенін де айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай дүрбелең шақта жағдайды жалған ақпарат таратып ушықтырмау керек екенін де назарға салды. Қазір билік пен қоғамды ұйыстыруға бағытталған жұмыстар аса маңызды екенін айтты. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды. Сондай-ақ сөз соңында апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғыс білдірді. – Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді, – деді Президент.
Ел бойынша 29 төтенше жағдай жарияланды
Еліміздің 8 өңірінде су тасқынына байланысты 29 төтенше жағдай режимі енгізілді. Атап айтқанда, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жағдай қазір ерекше бақылауда. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. – Кейінгі мәлімет бойынша, азаматтық қорғау қызметтері 97 мыңнан астам адамды, оның ішінде 32 мыңнан астам баланы құтқарып, эвакуациялады. Қазір уақытша орналастыру бекеттерінде 7 173 адам, оның ішінде 3 494 бала бар. Төтенше жағдайлар министрлігінің және жергілікті атқару органдарының күшімен 8 млн 800 мың текше метрден астам қар суы шығарылды. 1 млн 400 мыңнан астам қап және 1 млн 100 тонна инертті материал төселді, – деді ол. «Жедел желі» телефонына 1 294 қоңырау түсіп, психологтар 100-ге тарта зардап шеккен адамға писхологиялық көмек көрсеткен. ТЖМ өкілі тасқынның салдарымен күреске 16 әуе көлігі тартылғанын айтты. Сонымен қатар аэровизуалды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы жағдайға мониторинг жасалып, кей өңірлердегі өзендердің мұзын жару жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Жалпы, ресми мәліметке сүйенсек, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 471 жер үй, 433 ауланы су алған. 2 750 тұрғын үй мен 1 816 аула аумағынанда су бұру жұмысы жүргізілген. – Су шайған 110 автожол, оның ішінде 9 көпір және 101 жол төсемі бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатты. Қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қоры жиналды. 68 елдімекенге көлік қатынасы тоқтады. Тәулік бойғы құтқару жұмыстарына 24 мыңнан астам адам, 3 мыңға жуық бірлік техника, 16 әуе кемесі жұмылдырылды», – деді спикер. Су тасқыны байланыс, жарық желілеріне зақым келтіріп, салдарынан Ақтөбе, Қостанай, Атырау және Ақмола облыстарындағы ұялы байланыс операторлары желілерінің жұмысы тежелді. Атап айтқанда, Құлсары қаласында 5 базалық станса су астында қалған, қазір олар басқа байланыс стансалары есебінен қамтамасыз етіліп жатыр. Бұл туралы ЦДИАӨМ ресми өкілі Альбина Атен хабарлады.
Құлсары қаласынан 33 мыңнан астам адам көшірілді
Атырау облысында су тасқынының алдын алу мақсатында Атырау волонтерлер штабы құрылды. Волонтерлер суға кеткен аудан тұрғындарын Атырау қаласына эвакуциялау бойынша автоволонтерлер, жағадағы бөгеттерді бекіту жұмыстары, гуманитарлық көмек келген пункттерде сұрыптау жұмыстары бойынша бірнеше қызметтер атқарып жатыр. Бұл туралы Атырау облысының еріктілер фронт офисінің басшысы Ақбөбек Тәттібекқызы ОКҚ брифингінде хабарлады. Алдын ала болжам бойынша Құлсары қаласында 2 810 тұрғын үй су астында қалған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Су тасқыны салдарын жоюға 231 техника, 1 198 жеке құрам, 18 бірлік жүзу құралдары, 19 бірлік мотопомпа жұмылдырылған. Атырау облысы Құлсары қаласынан жалпы 33 641 адам көшірілді және 201 уақытша орналасу орындары дайындалған. 248 мал басы және 27 үй жануарлары қауіпсіз орынға көшірілген. – Әр эвакуациялық орында мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтар, медицина мамандары тұрғындармен жұмыс жүргізіп жатыр. Төтенше жағдайға байланысты аудандағы мектептер онлайн оқу форматына көшіріліп, мұғалімдер аудан оқушыларымен қатар, құлсарылық балалардың оқуын да қадағалап жатыр. Сондай-ақ балалардың көңілін аулау мақсатында әртүрлі тренингтер, сұхбаттар, ойындар ұйымдастырылып жатыр, – деді Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Назарбек Қадыр. Құлсары қаласындағы қараусыз қалған үйлерді 110 полицей мен 60 сарбаз қадағалап жүр. Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары мен Ұлттық ұлан әскері Құлсары қаласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында үздіксіз патрульдеуге кіріскен. Полиция қызметкерлерінің арасында 10 күннен бері үйіне бармағандар бар. Ойыл өзеніндегі су деңгейі төмендеп келеді Ақтөбе облысында да волонтерлік штаб құрылды. Қазір оның құрамында 8 600 адам бар. Олар мессенджерлерде чаттар ашып, сол арқылы эвакуациялау, гуманитарлық көмек жеткізу сынды мәселелерді тез арада шешеді. Еріктілер 174 тонна азық-түлік және 65 тонна гуманитарлық көмекті мұқтаж аудандарға апарып жатыр. – Енді еріктілер тазалау жұмыстарын қолға алып, сенбілік ұйымдастырмақ. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүріп жатыр, – деді Ақтөбе облысының еріктілер өңірлік штабының өкілі Мирхан Ермағанбетов. Облыс әкімінің төрағалығымен Жедел штаб тәулік бойы жұмыс атқарып жатыр. Жергілікті билік ахуал толығымен бақылауда екенін айтады. Қазір облыстағы 20 елдімекенде 646 абонент электр энергиясынан ажыратылған, дегенмен барлық тұрғынға дизельдік генератор арқылы тоқ беріліп жатыр. – 11 елдімекенмен жол қатынасы уақытша үзіліп тұр. Салыстырмалы түрде айтсақ, 30 наурызда 17 елдімекен болған. Кеше «Алға-Қарабұлақ», «Алға-Бесқопа» жолдары ашылды. Бүгін Әйтеке би ауданында Әйке, Қобда ауданында Сарбұлақ бағыттарындағы қатынас қайта қалпына келтіріледі. Жұмыстар жалғасуда, – деді спикер. Ақтөбе облысында жағдай тұрақты екенін Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі де мәлімдеді. Қазір Ақтөбе қаласының бау-бақша ұжымдарында су айдау және инертті материалдарды төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. – Ойыл ауданында Ойыл өзені су деңгейінің төмендеуі байқалады. Халықты, инертті материалды және азық-түлікті тасымалдау үшін понтон өткелі жұмыс істейді. Қалған эвакуацияланған 1 470 адам уақытша орналастыру пункттеріне, 6 072 адам туыстарының үйіне көшірілді, – деп жазылған ТЖМ хабарламасында.
Жайық жағасын көтеру бойынша жұмыс жүріп жатыр
БҚО бойынша авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Қала мен 4 аудан бойынша төтенше жағдай жарияланды. Облыста Жайық өзенінде судың көтерілуі байқалуда. Бүгінгі күнге дейін 13 мың адам эвакуацияланды. Олардың 5 мыңы – балалар. Қазір облыста 20 эвакуациялық пункт жұмыс істеп тұр. Бұл жерлерде 1 800-ден астам адам орналасқан. Бір млн текше метрден астам еріген қар суы тартылды. 277 мыңнан астам қапшық төселді. Бұл жайлы Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Нұржан Төлеуіш ОКҚ алаңында хабарлады. Соңғы бір тәулікте Жайық өзенінің 10 см-ге көтерілгені байқалады. 11 сәуірдегі жағдай бойынша, деңгейі – 7 метр 27 см. Қауіпті деңгей – 8,5 м деп есептеледі. – Қазір облыста Жайық жағасындағы елдімекендерді судан қорғап қалу үшін Жайық жағасын көтеру, қапшықтарды төсеу, дамбаларды нығайту, жағажай маңындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Орал қаласы мен 4 аудан төңірегінде 19 мыңнан астам қапшық төселді, – деді ресми өкіл. Бұл жұмыстарға Облыстық төтенше жағдайлар департаменті күш-құралдары, жергілікті атқарушы органдары, Маңғыстау ТЖД және Алматы облысының әскерилері жұмылдырылған. Жалпы, қазір облыс бойынша жағдай тұрақты күрделі болып қалып отыр. «Қазсушар» мамандары ағынды реттеу бойынша тәулік бойы жұмыс жүргізіп жатыр. Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 68 пайыз толған. Жайық өзенінде су тасқынының екінші толқыны күтіліп отыр.
Қостанай облысында тұрғындар үйлеріне қайтып жатыр
Қостанай, Арқалық, Амангелді, Жангелді, Қарасу және Қостанай аудандарындағы ахуал да ерекше назарда. 10 сәуірдегі жағдай бойынша облыстың су қоймаларындағы су деңгейі орта есеппен 60 см-ге төмендеді, алайда Қаратомар, Жоғарғы Тобыл, Желқуар, Амангелді су қоймалары бақылауда. Бұл туралы Қостанай облысы ТЖД бастығы Дамир Ермағамбетов баяндады. Облыс бойынша су тасқыны кезінде барлығы 9 099 адам құтқарылды және эвакуацияланды, оның 1 808-і балалар. 2 499 адам және 427 бірлік техника, 137 мотопомпалар, 28 жүзу құралдары мен тікұшақтар жұмылдырылған. Қостанай облысының оңтүстігінде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үйлеріне оралды, Торғай ауылындағы эвакуациялық пункттерде тұрған 600-ден астам адам өз ауылдарына қайтты. Мұндағы барлық эвакуациялық пункт жабылды. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов ОКҚ алаңында осылай деді. – Халық азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына көмек көрсету жұмыстары жалғасуда. Біржолғы әлеуметтік төлемдерді төлеу басталды, сондай-ақ демеушілік және гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр. Бүгінгі таңда 686 отбасына 126,6 млн теңге сомасында әлеуметтік көмек берілді, – деді ол.
Петропавл қаласын су басу қаупі бар
Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны туралы өңір ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов хабарлады. Оның айтуынша, Сергеев су қоймасы 179 пайыз толған. Су қоймасындағы су деңгейі төмендеді. Бірақ әлі күнге дейін 3 аудан мен Петропавл қаласын су басу қаупі бар. Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100 пайыз толды. Сергеев су қоймасы бойынша су тасқынының белсенді кезеңі әлі өткен жоқ, тұрақты күрделі жағдай сақталады.
Ұлытау облысында жағдай тұрақты
Ұлытау облысында қазір жағдай тұрақты. Бұған дейін 22 елдімекен мен шаруа қожалығына су басу қаупі төнген болатын. Бұл туралы Ұлытау облысы ТЖД бастығы, полковник Есен Байыров ОКҚ алаңында айтты. – Тасқын су салдарынан қатынассыз қалған, зардап шеккен адамдарды эвакуациялау және құтқару, сонымен қатар су тасқыны салдарын алдын алу мақсатында ағымдағы жылы облыс әкімінің ұйымдастыруымен Жезқазған қаласының әуежайында орналасқан МИ-8 тікұшағы жұмылдырылып, су тасқыны қаупі бар аумақтарды әуеден шолу жұмыстары жүргізілді. Шолу барысында су тасқынына бейім елдімекендер анықталып, қала, аудан әкімдерімен құзіретті мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар қойылды, – деді ол. Осы атқарылған жұмыстың арқасында 13 елдімекенде су тасқыны қаупі сейілтіп, 12 жол учаскесі қалпына келтірілгені айтылды. Қазір облыс аумағындағы негізгі Қаракеңгір, Сарысу, Жезді өзендерімен 25 гидротехникалық құрылым бақылауда, штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. «Қазгидромет» АҚ деректеріне сәйкес гидропосттарда су деңгейінің жалпы төмендеуі байқалады.
Павлодарда да жағдай реттеліп жатыр
Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев ОКҚ алаңында өткен брифингте өңірде су басқан үйлер жоқ екенін хабарлады. Тәулік бойы Жедел штаб жұмыс істейді, барлық мәселе облыс әкімінің тұрақты жеке бақылауында. – 2-6 сәуір аралығында төтенше жағдай режимі жарияланған Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылы бойынша ауылдың ойпатында орналасқан және жүйелі түрде су басуға бейім үйлерді су басу проблемасын кешенді шешу үшін өңірлік жедел штаб сыйымдылығы 200 мың текше метр суды құрайтын үш жаңа шұңқыр жасау бойынша шаралар жүргізу туралы шешім қабылдады. Бұл алдағы уақытта ауылды су басу қаупі проблемасын кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді. Тәулік бойы 12 бірлік ауыр техникамен шұңқырлар жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйлерді су басу қаупі толығымен жойылды, жағдай тұрақтандырылды, – деп баяндады спикер. 107 отбасы бюджеттен тыс демеушілік қаражаттан жалпы сомасы 96,7 млн теңге көлемінде өтемақы алған. Төлемді су тасқыны кезінде үйіне қатты зақым келген Жалаулы ауылының 9 тұрғыны алған. Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылында комиссияның шешімі бойынша қалпына келтіруге жатпайтын авариялық үйлердің орнына салынатын 5 жаңа үйдің құрылысы басталды. Шығындарды ERG тобы өз мойнына алды. Үйлердің құрылысын 3 ай ішінде аяқтау жоспарлануда. Бұдан бөлек, осы аптада зардап шеккендерге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы мемлекеттік әлеуметтік төлем төленетін болады. Осылайша, бүгінгі таңда облыс тұрғындарынан су тасқынынан келтірілген залал бойынша келіп түскен өтінімдер толық көлемде өтелді. Бұл ретте өтінімдерді қабылдау сәуір айының соңына дейін жалғасады, ешкім назардан тыс қалмайды. – Өңірдегі жағдайдың тұрақтануына байланысты Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаментінің 55 қызметкері, 11 бірлік техникасы және қаражаты Солтүстік Қазақстан облысына су тасқынына қарсы күресте көмекке жіберілгенін атап өткім келеді, – деді ол. ШҚО-да қауіп жоқ ШҚО-дағы таулы аймақтарда қар еруіне және ауа температурасының жауын-шашын түсуі мүмкін және сәуір айының ортасына қарай екінші су тасқыны болуы ықтимал. Сын-қатер бар, бірақ қауіп жоқ. Бұл туралы ШҚО ТЖД алдын алу басқармасының бастығы Арман Наурызбаев ОКҚ брифингінде хабарлады. Облыстағы көптеген ауданда қар жауып, ондағы судың мөлшері нормадан 1,5-2 есе жоғары болып тұр. – Тұрақты түрде аэровизуалдық тексерулер жүргізіледі. 132 гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істейді. Бөгеттерде судың деңгейін арнайы төмендеттік. Облыс бойынша жолдар ашық. Жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Күштер мен құралдар әзірлікке келтірілді. Жағдай бақылауда, – деді ресми өкіл.
Зардап шеккен әр отбасына өтемақы төленеді
Қазір Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп республикалық және жергілікті бюджеттердің барлық қолда бар ресурстарын жұмылдырды. Осы мақсатта Үкімет жергілікті атқарушы органдардың орталық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл алгоритмімен су тасқыны салдарын жою жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру жоспарын бекітті. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Арай Дәулетқызы ОКҚ брифингінде мәлім етті. Жоспарға сәйкес, әрбір зардап шеккен отбасына 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы берілетін болады. Қираған үйлер Үкімет резерві есебінен қайта салынады. Өңірлерге қаражат Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арқылы бағытталады. Жөндеуді қажет ететін үйлер әкімдіктердің қаражаты есебінен қалпына келтіріледі. Залалды бағалауды әкімдіктер су кеткеннен кейін бірден жүргізеді. Зардап шеккен халықтың тізімін әкімдіктер жүргізеді. Зардап шеккен мүліктің тізімімен бірге бір мезгілде құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері болған жөн. Ақпарат жаңартылған сайын Қаржы министрлігі оны жедел түрде хабарлайтын болады.
Тергеу басталды
Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздің үш облысында су тасқыны кезінде азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға тиіс селден қорғайтын бөгеттер мен су қоймаларын салу және жөндеу, өзен арналарын кеңейту жұмыстарын жүргізуге жауапты болған мердігерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов ОКҚ алаңында өткен брифингте хабарлады. ТЖМ «Қазселденқорғау» мен келісімшартқа отырған мердігер ұйымның директоры бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша күдікке ілінді. Залал сомасы алдын ала есеп бойынша 775 млн теңгеден асады. – Сондай-ақ ауыр зардаптарға әкеп соққан міндеттерге немқұрайлы қарау фактісі бойынша Ақтөбе облысындағы «Магаджан» бөгетін (су қоймасын) сенімгерлік басқаруға алған ЖШС басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Анықталғандай, 2014 жылы бұл бөгет балық шаруашылығын жүргізу мақсатында жеке компанияға сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда ЖШС тарапынан, бөгетті күтіп ұстау және қызмет көрсету бойынша өз міндеттері тиісінше орындалмаған, – деді спикер. Сонымен қатар Ұлытау облысында ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Аталған ЖШС көктемгі су тасқыны кезінде жақын маңдағы аумақтарды шайылып кетуден қорғау үшін ұзындығы 2 шақырым Жезді өзеніне санация жүргізу үшін жалпы сомасы 485,5 млн теңгеге мемлекеттік мекемемен шарт жасасқан. – Алайда жобаны іске асырудың бақылау өлшемімен мердігер жалпы сомасы 282,5 млн теңгеге жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын нақты орындамағаны анықталды. Сол сәтте жоғарыда аталған жұмыстардың болмау жағдайында ЖШС атына орындалған жұмыстар актілеріне сәйкес 400 млн теңге аударылған», – деп мәлімдеді ведомствоның ресми өкілі. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Заңға сәйкес, тергеу кезінде басқа ақпарат таратылмайды.