Жаңалықтар

Душанбеде қазақстандық жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті

Фото: www.gov.kz

1995 жылғы 7 сәуірде тәжік-ауған шекара учаскесінде бітімгерлік миссиясын орындап жүрген 17 қазақ жауынгері қаза тапқан болатын.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сыртқы шекараларын күзету бойынша әскери борышын орындау кезінде 1995 жылғы 7 сәуірде тәжік-ауған шекара учаскесінде қаза тапқан қазақ жауынгерлердің монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

Іс-шараға Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Уәлихан Төреханов, Тәжікстан ардагер-интернационалисттер Одағының өкілдері, Тәжікстан Шекара қызметінің ардагерлері мен қазіргі әскер қызметкерлері, сондай-ақ БАҚ қатысты.

Іс-шараға қатысушылар қазақстандық жауынгерлердің әскери антына адал болып, өз әскери борышын өмір құнымен өтегендерін атап өтті. Сонымен қатар шекара шебінде жер жастанған жауынгерлердің ел жадында мәңгі қалатыны айтылды.

Айта кетейік, мемориал 2007 жылдың 15 желтоқсанында ашылған. 2021 жылы Қазақстанның Тәжікстандағы елшілігі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланының және басқа да қоғамдық ұйымдардың қолдауымен жаңартылып, қалпына келтірілген.