Саясат

Қазақстан мен Грузия депутаттары салық заңнамасын реформалау бойынша тәжірибе алмасады

Тараптар Қазақстан мен Грузия арасындағы экономика, агроөнеркәсіп, көлік-транзит, туризм және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия Парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилимен кездесті.

Бұл – Шалва Папуашвилидің Астанаға алғашқы ресми сапары. Грузия Парламенті делегациясын қарсы алған Ерлан Қошанов қазақ және грузин халықтарын тығыз тарихи қарым-қатынас пен мәдени дәстүрлер байланыстыратынын атап өтті. Екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнағалы тиімді саяси диалог жолға қойылды.

Кездесу кезінде Ерлан Қошанов конституциялық реформа, Президент пен Парламент сайлауларының қорытындылары және Конституциялық Соттың қызметі туралы ақпарат берді. Сонымен қатар жаңарған Мәжілістің заңнамалық қызметімен таныстырды.

Өз кезегінде Грузия Парламентінің төрағасы Қазақстан тарапына қонақжайлығы үшін алғысын білдіріп, бұл ресми сапар парламентаралық қатынастың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Грузия делегациясының басшысы Қазақстан өңірлеріндегі су тасқынын тез арада еңсеруге тілектестік білдірді.

Тараптар гендерлік теңдік, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, бюджет және салық заңнамасын реформалау, сәулет-құрылыс қызметі сияқты мәселелер бойынша екі ел парламенттерінің күн тәртібінің ұқсас екенін атап өтті. Спикерлер осы бағыттарда тиісті комитеттердің депутаттары арасында тәжірибе алмасуға келісті.

Тараптар Қазақстан мен Грузия арасындағы экономика, агроөнеркәсіп, көлік-транзит, туризм және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Сонымен қатар Ерлан Қошанов грузиялық серіктестерді ынтымақтастықты нығайтудың бір мүмкіндігі ретінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысымен мұқият танысуға шақырды және Қазақстандағы грузин инвестицияларының құқықтық тұрғыда қорғалатынына сендірді.