Жаңалықтар

Бибигүл Жексенбай сауда орталықтарындағы қауіпсіздікті күшейтуді ұсынды

Қазақстанда 7,9 млн шаршы метр сауда алаңы бар, бірақ олардың бестен бір бөлігі ғана сапа мен қауіпсіздік өлшеміне сай келеді.

Сенатор Бибигүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында адамдар көп жиналатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері туралы айтты.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда 7,9 млн шаршы метр сауда алаңы бар, бірақ олардың бестен бір бөлігі ғана сапа мен қауіпсіздік өлшеміне сай келеді. Сауда-думан орталығындағы балалардың ойын бөлмесі екінші қабаттан жоғары емес және эвакуациялық есіктен 20 метрден қашық болмауы тиіс. Бірақ, өкінішке орай, көптеген сауда орталықтарында балалардың ойын аймақтары жоғарғы қабатта орналасқан, эвакуация жолы да жоқ. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған эвакуация баспалдағында пандус жоқ. Сауда орталықтарында бір қабатта ондаған тамақтану орындары орналасқан, бұл тамақ пісіретін қуаты жоғары техниканы қолдану салдарынан өрт қаупін арттырады.

Сенатор сонымен қатар Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу барысында террористік шабуыл қаупін атап өтті. Ірі спорттық шаралардың қауіпсіздігі шетелдік және отандық тәжірибені ескеруді, қауіптердің алдын алу үшін кешенді ұйымдастыру және құқықтық қолдау көрсетуді талап етеді.