Жаңалықтар

Қайрат Сатыбалды мемлекетке тағы 50 млрд теңге қайтарады

Istock

Осы тұлғаға қатысты салық төлеуден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтару фактісі бойынша тергеу жалғасуда.

Қайрат Сатыбалдыұлы ісі бойынша мемлекетке тағы 50 млрд теңге қайтару жоспарланып отыр, деп хабарлады turkystan.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

11 сәуірде Қ. Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық істі қарау шеңберінде сот (ҚР ҚК 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы) прокурордың өтініші бойынша заңсыз сатып алынған активтерді қайтару жөніндегі рәсімдерді орындау қажеттілігіне байланысты процестік келісім жасасу үшін қосымша мерзім беру туралы шешім қабылдады.

«Атап айтқанда, сотталушының жалпы сомасы 50 млрд теңгеден асатын қосымша мүліктік активтерін мемлекет пайдасына қайтару туралы мәселе қаралуда. Бұған дейін хабарланғандай, тергеу барысында Қ. Сатыбалдыұлы өз кінәсін толық мойындап, қылмыстық жолмен алынған мүлікті ашуға ықпал еткен», - делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотталушының және онымен байланысты тұлғалардың жалпы сомасы 732 млрд теңгеден астам мүліктік активтері мен ақшалай қаражатын мемлекет пайдасына (әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс үйлер, пәтерлер мен автокөліктер, компаниялардағы акциялар мен қатысу үлестері, теміржол жолдары мен ақшалай қаражат, шетелдік мүліктерімен қоса) қайтаруды қамтамасыз етті.

Айта кетсек, осы тұлғаға қатысты салық төлеуден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтару фактісі бойынша тергеу жалғасуда.