Қоғам

10 млн теңге шығын: Астанада дүкеннен 14 телефон ұрлаған күдікті ұсталды

Sputnik / Тимур Батыршин

Ол ұрланған гаджеттерді Тараз қаласында ломбардқа өткізген, қалғанын елордада сатып алушыларға сатып жіберген.

Астанада дүкеннен 14 дана телефон ұрлаған күдікті құрықталды, деп хабарлады turkystan.kz.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, күндізгі уақытта ер адам телефон сататын дүкенді көздеп кетіп, қылмыстық ойын түнде жүзеге асырмақшы болған.

«Сергек» камераларынан жасырынбақ болған күдікті тасжолда жорғалап, дүкенге терезесі арқылы кірген. Дүкенге дейін жетіп жігіт терезені бұзу арқылы ішке кіреді. Бірнеше секунд ішінде ол жалпы саны 14 дана Iphone телефонының әртүрлі модельдерін иемденген. Ол тіпті соғылған дабылдан да қорықпаған. Күзет фирмасының қызметкерлері келгенге дейін күдікті сыртқа шығып, қашып үлгерген», - делінген хабарламада.

Жалпы келтірілген шығын 10 млн теңгеге бағалануда. Ол ұрланған гаджеттерді Тараз қаласында ломбардқа өткізген, қалғанын елордада сатып алушыларға сатып жіберген. «Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол бұрын бірнеше рет сотталған елорданың 21 жастағы тұрғыны болып шықты», - делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, оның қала аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.