Жаңалықтар

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі

Сенат заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Бүгін Сенатта әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық туралы кей заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мақұлданды. Енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені, ұрып-соққаны және суицидті насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленеді.

Сенаттың жалпы отырысында Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң екінші оқылымда мақұлданды. 

Сондай-ақ, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң сенат қаулысымен мақұлданды. 

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мақұлданған заңдар әйелдер мен балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету және елімізде отбасы институтын нығайту үшін қосымша құқықтық тетіктер енгізгенін айтты. 

Сондай-ақ, мақұлданған заңдар аясында сот қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамның жүріс-тұрысына ерекше талаптар белгілей алады. Бұған қоса буллинг, кибербуллинг, балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп кету әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Заңдар шеңберінде осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған өзге де ережелер бар.