Жаңалықтар

Су тасқыны болып жатқан Қостанайда үшем дүниеге келді

Фото: instagram.com/rsk.kostanay

Бірнеше тәуліктен бері бел жазбай су тасқынын тежеуге тырысып жатқан Қостанай өңірінде үшем дүниеге келді.

Ерлі-зайыпты Жалғас пен Ақшагүлдің үшемнен басқа 5 баласы бар. Үлкені 18-де, кішісі екіде. Үшемдердің дүниеге келуі тек, бір әулет емес, табиғи апатпен күресіп жатқан күллі өңір үшін үлкен қуанышқа айналды. Сондықтан бүгін үшемдерді перзентханадан шығару рәсіміне тек, туған-туыстары емес, қала басшылары да келді, деп хабарлады turkystan.kz Qazaqstan.tv арнасына сілтеме жасап.

Қала басшысы үшемдердің ата – анасын құттықтай келе, оларға аумағы 109 шаршы метр болатын үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Көпбалалы отбасына 2020 жылы көлемі 58 шаршы метр үш бөлмелі үй жалға беріліпті. Ендігіде он адамға бұл баспана тарлық етеді. Айта кетейік, Қостанайда соңғы 10 жылда 6 ана дүниеге үшем әкелген.

– Нағашыларымның жағынан өмірге егіз әкелген кісілер бар. Жолдасымның нағашылары жағынан да осындай кісілер бар. Бірақ үш баланы бірден өмірге әкелгендері болған жоқ. Осындай қуанышқа кенеліп жатқаныма өте қуаныштымын.Осындай жақсылықтар бәріңізде болсын. Барлықтарыңызға жұғысты болсын, – деді үшемдердің анасы Ақшагүл Әбдірахманова.

Облыстық аурухананың бас дәрігері Борис Аутеновтың айтуынша, мұндай жағдай Қостанайда өте сирек кездеседі.

– Дүниеге келген үшемнің екуі – ұл, біреуі – қыз. Қазір балалардың да, анасының да денсаулығы жақсы. Бүгін үйлеріне шықты. Енді тұрғылықты жеріндегі дәрігердің бақылауында болады, – деді Борис Аутенов.